Имантаразы

Медресеге жұмсалып жатқан еңбек те, қаражат та аз емес

Хасан АМАНҚҰЛОВ, «Астана» медресесі директорының орынбасары:

 

– Әссәләму алайкум, Хасан ұстаз!
– Уағалейкум сәләм, уарахматуллаһи уә бәрәкәтуһ! Хош келдіңіз!

– Аллаға шүкір, елордамыздың төрінде «Астана» медресесінің орналасқанына қарап, көңілді іштей бір мақтаныш кернеп тұрады. Осы медресенің қазіргі хал-жағдайы туралы не айтасыз?
– Соңғы бес жыл ішінде Қазақстанда 9 медресе бой көтерді. Соның ең алғашқысы – «Астана» медресесі. Ол Білім және ғылым министрлігі мен ҚМДБ бекіткен оқу бағдарламасы негізінде жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Оқу мерзімі – 2 жыл 10 ай әрі ақысыз. Медреседе жалпы гуманитарлық, әлеуметтік-экономикалық, кәсіптік, арнайы және факультативтік сабақтар бойынша дәрістер оқылады.

– Медреседе кімдер сабақ береді? Осыған тоқтала кетсеңіз…
– Айта кетейін, медресеміздің 100 орындық асханасы мен жатақханасы, сынып бөлмелері мен кітапханасы бар. Мұнда 2 ғылым докторы, 2 ғылым кандидаты, 2 магистр және 4 бакалавр деңгейіндегі оқытушылар, 2 тәрбиеші, 2 мысырлық араб ұстаздары сабақ береді.
Тіпті, Астана медресесінің директоры, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Қалижан қажы Заңқоев үнемі шәкірттермен сабақта да, намазда да жиі кездесіп тұрады. Ең әуелі олардың тәртібі мен тәрбиесіне назар аударып, намазға селсоқ қарамауларын және уақыттарын босқа өткізбеулерін қадағалайды. Сондай-ақ, білім мен ғылымға ықыласты болу керектігін де әрдайым айтып жүреді.

– Бүгінгі таңда медреседе қанша шәкірт тәлім алып жатыр, басым бөлігі қай өңірден?
– Жыл сайын талапкерлердің саны өсуде. Мысалы, 2009 жылы құжат тапсырған 40 талапкердің 26-сы, 2010 жылы 54-тен 37-сі, 2011 жылы 71-ден 42-сі, 2012 жылы 114-тен 60-ы, 2013 жылы 82-ден 55-і медресеге қабылданды. Биылғы талапкерлер санының азаюына «Нұр» қазақ-мысыр ислам университетіне бөлінген гранттың көбеюі әсер етті деп ойлаймын. Медресемізге еліміздің барлық облыс және аймақтарынан талапкерлер келіп, құжаттарын тапсырады. Басым бөлігі ОҚО, Қарағанды, ШҚО, Ақмола, Қызылорда облыстарынан. Шәкірттер медреседе жатып оқиды. Жатақханасы тегін. Күнделікті бес уақыт намазын «Нұр Астана» орталық мешітінде жамағатпен бірге атқарады. Медреседе тәртіп қатаң. Сабақ оқымайтын және тәртіпке бағынбайтын студент оқудан шығарылады.

– Білім сапасын да айта кетсеңіз. Шәкірттер қандай дәріс алып, не оқи алады?
– Нақты айтқанда, «Астана» медресесінің бірінші курс шәкірттері араб тілі грамматикасын толық меңгеріп, арапша оқуды да үйренеді және шариғат мәселелері (ғибадат пен ақида) бойынша бастауыш деңгейде білім алады. Ал, екінші және үшінші курстарда олар діни әдебиеттерді араб тіліндегі түпнұсқадан оқи бастайды. Озық студенттерге кешкі уақыттарда қосымша сабақтар жүргізіледі.
Ал, оқуды бітірген шәкірттеріміз мемлекеттік үлгідегі диплом алады. Қызыл дипломды емтихандарды сәтті тапсырудан бөлек, Құранды кемінде 4-5 пара жаттаған, арапша кітаптарды өз бетімен оқи алатын, тәртіпті әрі тәрбиелі шәкірттер иелене алады. Олар келешекте мешіттерде қызмет етеді немесе жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастырады.
Жыл сайын «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде мемлекеттік грант бөлініп, оның саны да едәуір өсуде. Өткен жылы 100, биыл 150, келесі жылы 200 деп күтілуде. Мұны біз үлкен қолдау әрі зор қамқорлық деп білеміз. Медресеміздің алғашқы түлектерінен 8-і биыл сол университеттің бакалаврын бітіріп шықты. Алдағы уақытта біз жылда сол жерге өзіміздің озат та талапты шәкірттерімізді жіберіп отырамыз.

– Елбасы Н.Назарбаев осы медресенің ашылу салтанатында: «Өз мамандарымызды өз елімізде оқытуымыз қажет. Оған біздің толықтай мүмкіндігіміз бар» деген болатын. Осы жөнінде айтарыңыз бар ма?
– Тәуелсіз ел болып, дін бостандығын алғанымызға 22 жыл толды. Осы уақыт аралығында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы басшылығында 2330 мешіт, тоғыз медресе, бір қариларды дайындау орталығы мен бір ислам университеті бой көтерді, елдің діни білімге деген қызығушылығы артты. Алдағы уақытта халықтың діни сауатын ашатын, ақ пен қараны, сауап пен күнәні, халал мен харамды түсіндіретін білімді де білікті имамдар мен діни мамандар қажет.
Міне, сол діни мамандарды өзімізде даярлауға толық мүмкіндігіміз бар. Құдайға шүкір, Құранды үйрететін, араб тілін оқытатын, өз ана тілімізде шариғатты түсіндіре білетін ұстаздарымыз жеткілікті десек, артық емес.

– Жастардың шетелде діни білім алуы қалай? Өзге ағымдардан аман болуы үшін не істеген жөн?
– Шындығында түрлі ағымдардың жетегінде кетіп қалмауы үшін және шетелге діни білім алуға кемінде медреседен бастауыш діни білімі бар, дұрыс сенімі (ақидасы) қалыптасқан және араб тілін меңгерген азаматтар баруы тиіс. Биыл ҚМДБ мен Түркия дін істері басқармасы арасында жыл сайын 30 қазақстандық азаматтың сол елдегі «Хасеки» медресесіне (имамдардың білімін жетілдіру институтына) 3 жылға барып ақысыз оқуы туралы келісім-шарт жасады. Үміткерлер араб тілін білетін, діни сауатты медресе түлектері мен имамдардың арасынан іріктеп алынады. Осы жылы Астана қаласынан «Нұр Астана» орталық мешітінің азаншысы, Астана медресесінің бір ұстазы мен бес түлегі сынақтан сәтті өтіп, оқуға жолдама алды. Тағы осындай келісім-шарт Мысырдағы әл-Азһар университетімен де жасалған болатын. Төрт жылдық оқуға Қазақстаннан үш адам барады деп шешілді. Соның екеуі – Астана медресесінің ұстаздары. Сондай-ақ, жылда Астана қаласындағы имамдар Түркия және Мысыр елдеріне 2-3 айға барып, білімдерін жетілдіріп қайтуда.

– Жалпы, осы медреседен түлеп ұшқан шәкірттердің болашағы қалай? Қызметке қалай бөлінеді?
– Әрбір оқушы оқуын жалғастырғысы келеді. Бірақ дінге, елге қызмет етуді де ұмытпаған жөн. Елдегі көп мешіттерде имамдардың жетпейтіндігін, қызмет етудің қажеттілігін біз үнемі шәкірттеріміздің құлақтарына құйып отырамыз.
Қазақстанның ішкі істер қызметінде магистратураға түсу үшін олар бакалаврдан соң кемінде үш жыл қызмет етуді міндеттейтін көрінеді. Бұл – үлгі алатындай жақсы тәжірибе. Өйткені, медресені бітіріп, оқуымды жалғастырамын деп әрі қарай кетіп қалатын шәкірттерді де көзіміз көрді.
Жасырын емес, қазіргі таңда көпшілік имамдық қызметтен қашатын болды. Өйткені, имам-молдалардың білімі мен тәжірибесі жеткіліксіз немесе олардың жағдайы (баспана мен жалақысы) қарастырылмаған. Жалпы, қала және аудан орталықтарында қызмет етіп жүрген имамдардың жағдайы жаман емес. Ал, ауылдарда күн көре алмай жүрген имам-молдалар аз емес. Медресе түлектерін барынша орталықтарға (қала, аудан) немесе өзінің туған жеріне жіберуге тырысамыз. Содан болар, олардың 90 пайызы қызметтерінде тұрақтап қалып жатыр. Бірақ, кейінгі шәкірттеріміздің жағдайы қалай болмақ? Болашақта қажетті жағдайларда оларды ауылдық мешіттерге яки жат жерлерге жібере аламыз ба? Сондықтан алдағы 2-3 жылда шұғыл түрде ауылдағы әрбір мешіт жанында имамдар тұратын қызметтік үйлер салынуы тиіс және «Зекет» қоры немесе жергілікті жағдайы бар мешіттер арқылы олардың жалақысы шешілуі қажет. Әйтпесе, медреседе оқып, білім алған шәкірттерімізді толық пайдалана алмай қаламыз. Ал, осы үшін медресеге жұмсалып жатқан еңбек те, қаражат та аз емес.

– Абай атамыздың: «Интернатта оқып жүр» деген өлең жолдары «Балам закон білді деп, Қуанар ата-анасы, Ойында жоқ олардың Шариғатқа шаласы» деп келеді. Шынында, шариғат жолына көз жұма қарап, «балам заңгер болсын» деген ата-аналарға не айтасыз? Шәкірттеріңіздің бойынан білімнен өзге қандай қасиеттердің болғанын қалайсыз?
– Колледж және университеттерге қарағанда медресеге түсемін дейтін талапкерлер өте аз. Ал, түсіп жатқандардың жалпы білім деңгейі төмен. Оның түрлі себептері болуы мүмкін. Біріншісі, ата-ана баласының келешекте көбінесе заңгер немесе қаржыгер болуын армандайды. Имамдықты «табысты кәсіп» деп қарамайды. Екіншісі, жергілікті жерлерде үгіт-насихат істеріне атүсті қарап жүрген имамдар да жоқ емес. Үшіншісі, елімізде болған соңғы лаңкестік және жанкештікке қатысты қайғылы оқиғалар салқынын тигізді. Әрбір мұсылман ата-ана діни білімнің, имандылықтың барлық кәсіптен де, атақтан да, байлықтан да артық тұратындығын, иманы бар жанның дүниеде құрметке ие, ақыретте жүзі жарық болатындығын түсінуі қажет-ақ.
Адал еңбек, халал кәсіп – әрбір мұсылманға парыз. Кәсіптің ең жақсысы – адал еңбек пен маңдай терімен тапқаны және халал сауда-саттық. Діни білім алғаннан соң өнер үйреніп, кәсіп етуі шарт.
Орта-кәсіптік мектептер мен жоғары оқу орындары – бір кәсіп-өнер үйрену үшін арналған білім ошақтары. Медицина, қаржы, құқық, педагогика, т.б. – мұның бәрі кәсіп. Кәсіптің де, өнердің де бәрі бірдей. Оның жақсы-жаманы жоқ. Оны бөліп-жарып қарау дұрыс емес. Алланың алдында парақор лауазымды адамнан адал еңбек етіп жүрген қарапайым бақташы артық.
Имамдық түбі – кәсіп емес. Имамдықты күнкөріс, тіршілік көзі ретінде пайдалану қате. Жеке кәсібі мен өнері жоқ молда қайыршылыққа жақын тұрады. Сондықтан әрбір имам егін, шаруа, сауда секілді адал еңбек, халал кәсіппен айналысқаны дұрыс-ақ.
Бүгінгі шәкірт – ол болашақ имам, ұстаз. Білімнен бөлек олар тәкәппарлық, мақтаншақтық, жағымпаздықтан аулақ жүріп, кішіпейілділік, сабырлылық, мейірімділікті ұстанулары тиіс. Әрбір шәкірттің бойынан осы қасиеттерді көргім келеді.

– Хасан ұстаз, тұшымды сұхбатыңыз үшін сізге рахмет. Еңбегіңіз жана берсін! Өзіңізге және отбасыңызға Алла береке берсін!

Сұхбаттасқан
Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button