Мейірім мен жанашырлық мерекесі

Қазақстан халқы үшін 1 наурыз – Алғыс айту күні ерекше мейірім мерекесіне айналды. Бұл күні әр заманда, түрлі себептермен, әртүрлі ұлт өкілдері қазақ еліне көшіп келіп мейірімге бөленгеніне ризашылықтарын білдіреді. Ел-жұрт бір-біріне ризашылық сезімдерін айтады.
Осы айтулы мерекеге орай кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық отандастарды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтады.
«Алғыс айту күні қиын-қыстау замандарда да мейірімділік пен жанашырлық таныта білген әрі бірлігін бекем еткен халқымыздың ізгі қасиеттерін жадымызда жаңғыртады.
Бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлер және еліміздегі ауқымды өзгерістер кезеңінде әрбір азаматтың ел болашағы үшін жауапкершілік танытуы және өзара қолдау көрсетуі аса маңызды.
Бүгінгі мейрамда адал еңбегі, жасампаздығы мен отаншылдығы үшін барша халқымызға шынайы ризашылығымды білдіремін.
Біз еліміздің ауызбіршілігін сақтай білсек, кез келген қиындықты еңсереміз. Әділетті Қазақстанды құрып, елімізді одан әрі өркендете береміз деп сенемін» деді Мемлекет басшысы.