Қала тіршілігі

Мейірім мерекесі

Кеше 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні Астанада айрықша мерекеленді. Балалар қалада емін-еркін жүріп, қыдыруы үшін Астана әкімдігі бұл күні оқушыларға қоғамдық көліктерде тегін жүру мүмкіндігін жасады.

Биыл Астананың 20 жылдық мерей­тойы аталып өтпек. Жиырма жылда елорданың қаншалық гүлденіп, қалай көркейгенін көріп, сезінсін деген мақсатта Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін арнайы «Red Bus» екі қабатты экскурсиялық автобусы дайындалыпты. 1 маусымнан бастап осы автобуспен кез келген адам қалада тегін саяхаттай алады. «MEGA Silk Way» және «AiLand» (океанариум) ойын-сауық орталығынан бастап қаланың барлық көрікті жерлеріне алып баратын автобус үш күн бойы қызмет етпек.
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған тосынсый мұнымен біткен жоқ. «Сенің жаңа қырың» республикалық челленджін қолдау мақсатында ҚР Тұңғыш Президенті қорының футбол командасының ойыншылары балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған футбол бойынша жаттығулар мен шеберлік сабақтарын өткізді.
Балалар мерекесінің көңілді өтуіне жекелеген ұйымдар да атсалысты. Мәселен, «Аяла» қайырымдылық қоры Қ.Мұңайтпасов атындағы олимпиадалық резервтік спорт мектеп-интернатының 54 оқушысын теплоходпен Есіл өзенінде және Астананың көрікті жерлерінде қыдыртып, арнайы жайылған дастарқаннан тамақтандырды.
Сол секілді бұл күні «Нұр Әлем» – «Болашақ энергиясы» мұражайы 17 жасқа дейінгі балалар үшін шара жариялап, олардың мұражайға тегін кіруіне жол ашты.
Қаладағы саябақтар мен алаңдар да балалардың мереке ордасына айналды. Мәселен, «Ғашықтар» саябағында таңғы 10.30-дан бастап бүлдіршіндерге арналған ойын-сауық бағдарламалары қойылып, балаларға тегін балмұздақ, шырындар ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл күні балаларға 4000 балмұздақ пен 3000 тәтті шырын үлестірілген.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button