Мейірімді дәрігер
Бүкіл саналы ғұмырын жүрегі қалаған мамандыққа арнап, бойындағы жігері мен қайратын, білімі мен біліктілігін бір салаға жұмсайтын адамдар болады. Мұндай адамдарға халықтың да құрметі ерекше. Сондай қадірлі азаматтың бірі жоғары санатты дәрігер Таңсықбай Күсемісов еді.Соңғы бес жылда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қарттарға, мүгедектерге және мүгедек балаларға арналған оңалту орталығы» мекемесінің бас дәрігері болған Таңсықбай Сейтайұлы бүкіл саналы өмірін, атап айтқанда 47 жыл бойы денсаулық сақтау саласында елеулі еңбек етті. Ақ халатты абзал азаматтың өз мамандығын жан-тәнімен сүйетініне бірге жұмыс істеген кезімізде сан мәрте көз жеткізген едік.
Бас дәрігер міндетін атқара жүріп, терапевт ретінде әрбір науқастың жағдайын білуге мейілінше көңіл бөліп, оларға сырқаттан емделудің жолдарын түсіндіріп, айтып отыратын. Солай бола тұра қарамағындағы медицина қызметкерлеріне талапшыл еді. Сол талапшылдығынан жас мамандар көп нәрсе үйреніп, жауапкершілікпен жұмыс істеуге ұмтылатын.
Бүкіл өмірін денсаулық сақтау саласына арнаған Таңсықбай Сейтайұлы 1949 жылдың 2 шілдесінде Солтүстік Қазақстан облысы, Сергеев ауданы, Балуан ауылында дүниеге келді. 1966 жылы Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-интернатын бітіріп, сол жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтына оқуға түседі. 1972 жылы «Емдеу ісі» мамандығы бойынша диплом алып, еңбек жолын туған жерінде, атап айтқанда облыстық ауруханада анестезиолог-реаниматолог дәрігер болып бастайды. Кейіннен жедел жәрдем дәрігері, қалалық №1 қалалық біріктірілген ауруханасының емдеу бөлімі бойынша бас дәрігердің орынбасары, бас дәрігер қызметін атқарады. 2002 жылы осы аурухана «Денсаулық жылы» аясында өткізілген республикалық байқауда жүлделі үшінші орынға ие болды. 2003 жылдан бері білікті дәрігер әрі ұйымдастырушы болған Т.Күсемісов Петропавл қаласы бойынша Денсаулық сақтау департаментінің басшысы қызметін атқарды. Кейіннен «Облыстық туберкулезге қарсы диспансер» мемлекеттік мекемесінде, Аққайың аудандық ауруханасының бас дәрігері болды.
Таңсықбай Сейтайұлы денсаулық сақтау және салауатты өмір салтын насихаттау саласындағы ерекше жетістіктері үшін ҚР «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» төс белгілерімен, «Қазақстан Республикасына 10 жыл» медалімен марапатталған.
Тәжірибелі дәрігер-ұйымдастырушы 2015 жылдан бастап осы уақытқа дейін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қарттарға, мүгедектерге және мүгедек балаларға арналған оңалту орталығының» бас дәрігері болып жұмыс істеді. Осында келіп емделетін науқастардың ризашылығына бөленіп, дәрігер деген қасиетті мамандықтың абыройына лайық еңбек ете білді. Көпшіліктен бас дәрігеріміз жайлы жылы пікірлер естуші едік.
«Біздің шипажайдың бас дәрігері Таңсықбай Күсемісов өте жақсы азамат еді. Орталыққа келген әрбір адамның денсаулығында сыр бар екенін жете ұғынып, қажеттілікпен алдына барғанда, асықпай тыңдап, кеңесін беріп, жігерлендіріп жіберетін. Әсіресе, Ауған соғысында болған жігіттерге «Сендер соғысты көргенсіңдер, сендерге ерекше күтім керек деп көтермелеп жүретін. Осындай мейірімді, білімді, білікті дәрігердің қайтыс болғанын естігенде көңіліміз түсіп кетті» дейді жауынгер-интернационалист Ғалым Қожабеков.
Денсаулық сақтау саласына ерекше еңбек сіңірген, дәрігер деген абыройлы атағына сай өмір сүрген Таңсықбай Күсемісов есімі, аржарқын дидары онымен бірге жұмыс істеген әріптестерінің есінде мәңгілік сақтала бермек. Өмірін адамдардың денсаулығын сақтауға арнаған ақ халатты абзал азаматтың отбасы мен ұрпағына амандық тілейміз.
Арыстан ДЖАНҒАЗИЕВ,
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қарттарға,
мүгедектерге және мүгедек балаларға
арналған оңалту орталығы» мемлекеттік
мекемесінің директоры