Білім

Мейірімділік акциясы – «Мектепке жол»

«Адамның күні – адаммен» дегендей, жарлы және жарты отбасынан шықса да, жетім болса да, кез келген мектеп жасындағы бала көптің көмегі арқылы еліміздегі жалпы орта біліммен қамтылуы тиіс. Бұл – олардың конституциялық құқығы. Сол үшін оқушылардың мектепке баруын толық қамтамасыз ету туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында, биыл Білім және ғылым министрлігінің бастамасы бойынша республикалық «Мектепке жол» акциясы кезекті рет қолға алынды.

Нақты нәтижеден бастасақ…

1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасынан шыққан оқушыларға, жетім және ата-аналарының қамқор­лығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету, сонымен қатар, балалардың әлеуметтік себептермен 1 қыркүйекте мектепке келмеуінің алдын алу мақ­сатында ұйымдастырылған дәс­түрлі шара қазірдің өзінде жеміс­сіз емес. Оған әдеттегідей білім беру ұйымдары мен ІІД Қоғамдық қа­уіп­сіздік басқармасының кәме­летке толмағандар ісі жөніндегі қыз­мет­керлері, Жол полициясы және Бала­лардың құқықтарын қорғау басқар­­масының мамандары тартылды.
Ең алдымен Астана алаңдары мен басты көшелеріне акцияның логотипі мен жедел желі телефондарының нөмірлері бейнеленген баннерлер ілінді. Тұрғындар сол байланыс желілері арқылы әртүрлі жағдаймен мектепке баруға мүмкіндігі болмай жүрген бүлдіршіндер туралы ақпарат бере алады.
Ал, акция басталған күннен бастап құзырлы органдар қауіпті топтағы оқушыларды іздеп табуға кіріскен. Олардың тізімін жасап, мәліметтерді білім беру басқармалары мен ел арасындағы «атымтайжомарттарға» тапсырады. Өз кезегінде қайырымды жандар балаларды жаңа оқу жылына дайындап, оларға мектеп киімі мен оқу құралдарын сыйлайды. Бұл ретте, Астана қалалық Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Римма Иманғазинова: «Біз ата-аналар үшін кеңес беру жұ­мыстарын жүргіземіз. Өзге аймақ­тардан келген балалар уақытша Астанада тіркелмеген болып шығады. Қазір осындай отбасылардың балаларын тіркейтін база жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, 30 тамызға дейін жергілікті ІІД-мен бірлесіп, вокзал, қала базарлары, тұрғын үй алаптары тексеріліп, тіркеуге тұрмаған оқушылар тізімі жасалады. Айта кету керек, 2011 жылы Астанаға өзге аймақтардан 3 мың 584 оқушы келсе, 2012 жылы өзге өңірлерден келген 4 мың 577 оқушы тіркелген» дейді.
Тұрмысы төмен отбасыларға көмек ретінде әр сенбі сайын бірыңғай мектеп формасы мен оқу құралдарын төмен бағамен сататын жәрмеңке де сәтті ұйымдастырылып жатыр.
Осынша атқарылған жұмыстардың қорытындысы Астана және Алматы қалалары мен облыстардың әкім­діктері жанындағы Кәмелетке тол­мағандардың ісі және олардың құ­қықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында бір-ақ жарияланады.

…елордада екі мәселе шешілуде

Біріншіден, биылғы жаңа оқу жылында Астана қаласы бойынша 68 мың оқушы мектеп табалдырығын аттайды. Оның 12 мыңнан астамы – бірінші сыныпқа баратындар. Жалпы алғанда, әрбір жетінші бала әлеуметтік көмекке мұқтаж. Таяуда олардың 1 мың 700-іне мектепке қажетті құралдарды «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы табыс етті. Бұл қайырымдылық шараға 40 млн теңге қаржы бөлінген. «Балаларды мектепке дайындау – ата-аналардың міндеті. Бірақ, өмірде қалыптасқан түрлі әлеуметтік жағ­дайларға байланысты, кейбір ата-ана балаларын толықтай дайындай алмай жатады. Соны ескере отырып, біз де өз тарапымыздан «Мектепке жол» акциясының аясында қайырымдылық шара ұйымдастырып отырмыз» дейді «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сапар Ахметов.
Екіншіден, Астана қалалық Білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина елордалық оқушылардың әлі күнге дейін мектеп тапшылығын сезініп отырғанын айтады. «Жыл сайын Астанаға 2 мың 500 оқушы басқа аймақтардан көшіп келеді. Соның салдарынан қала мектеп тапшылығынан арыла алмайды. Дегенмен, біз қол қусырып отырған жоқпыз. Арнайы санаттағы балаларға тегін киім-кешек, оқулық, тамақ және қоғамдық көліктерде жол жүру билеттерін үлестіріп жатырмыз» дейді ол.
«100 мектеп, 100 аурухана» бағ­дарламасы аясында мектеп құры­лыстары салынып жатқанымен, бүгінде бұл шараның өзі жеткіліксіз. Сондықтан мектеп директорларының кейде «ата-аналарының тұрғылықты жері бойынша тіркеу қағазы жоқ» деген сылтаумен балаларды оқуға қабылдаудан бас тартып жататыны рас. «Мектепке жол» акциясының басталуына байланысты баспасөз мәслихатын өткізген басқарма басшысы Әсима Темкеқызы осы мәселенің басын ашып: «Ата-анасының тұрғы­лықты жерін растайтын тіркелу қағазының (прописка) жоқтығы баланы мектепке қабылдамауға сылтау бола алмайды. Мектептерімізде оқушы орнының тапшылығы да басым екені белгілі. Соған қарамастан, біз балалардың конституциялық құқығын қамтамасыз етуге тиіспіз» деді мектеп басшыларына қарата айтқан сөзінде.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button