Жаңалықтар

МЕЙІРІМГЕ БӨЛЕЙТІН МЕКЕН

1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай кеше елордада қайырымдылық  шарасы өткізілді. «Көмек» әлеуметтік көмек көрсету орталығы мен Астана қаласының мүгедек балалар қоғамы бірлесе ұйымдастырған жиынға 100-ден аса бүлдіршін қатысты. 

– Біздің ұйым 1999 жылы құрылған. Ал әлеуметтік көмек көрсету орталығы 2008 жылдан бері мемлекеттің қолдауымен қызмет етіп келеді. Жәрдемге мұқтаж ұл-қыздарға қол ұшын беру мақсатында түрлі жұмыстар атқарамыз. Қатарымыздағы еріктілер шаһардағы сауда орындарымен келісіп, орталыққа киім-кешек жеткізіп тұрады. Тұрмысы төмен және көп балалы отбасы мүшелеріне оларды тегін ұсынамыз. Бұдан бөлек, балақайларды саябақта қыдыртып, Бурабайға апарамыз. Иппотерапия­мен, канистерапиямен шұғыл­дандырамыз, – деді Астана қаласының мүгедек балалар қоғамы төрағасының орынбасары Айгүл Болатова.
Сыйлық құшақтаған сәбилердің бал-бұл жанған жүздерін көріп, біздің де ішіміз жылыды. Ата-аналары да дән риза. «Орталықпен танысқанымызға бір жылдай уақыт болды. Ешқандай мерекеден құр қалдырған емес. Демеушілерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ» деп ағы­нан ақтарылды Ақтілек атты бөбектің анасы Жұлдыз Алда­жарқызы. Мереке соңында балалар аспанға қызылды-жасылды шарлар ұшырып, дас­тарқаннан дәм татты.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button