Әлеумет

МЕКЕМЕМІЗГЕ – ШИРЕК ҒАСЫР

IMG_6211

«Қарттарын қадірлей білген елдің рухы биік, мерейі үстем болады» деген Елбасының сөзін ескере отырып, астана Ақмолаға көшірілгеннен кейін қаланың экономикасын дамытумен бірге, әлеуметтік саланы жақсартуға да зор көңіл бөліне бастады. Соның бір айғағы – тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың тапсырмасымен бас қалада қарттар мен мүгедектерге арнап жаңа ғимарат салу жөнінде шешім қабылданды.

Бұған дейін Қарттар үйі қаланың ортасында, 250 адамға арналған болатын. Шаһардың шуы, ішкі жағдайы мұндағы тұрғындарға аса қолайлы болмағандықтан, кейін қаланың шетіне, Есіл өзенінің жағасына, тыныш, табиғаты әсем жерге жаңа ғимарат салынды. Бұл мекеменің алып жатқан аумағы бес гектардай. Осы аумақта бес блоктан тұратын тұрғын үй, монша, рәсімдік қызмет көрсететін үй, кір жуатын ғимарат, жылу қазандығы, көліктер тұрағы және әлеуметтік қызмет алатындар демалатын «Ардагер» аллеясы орналасқан. Бұл аллея 2008 жылы Жеңістің 63 жылдығы қарсаңында  ашылды. Жыл сайын соғыс ардагерлері 9 мамыр күні осы жерде өздеріне  арналған көшет отырғызады. Бүгінде мекеменің аумағында 700-ге жуық ағаш бар, бір гектарға таяу жерге гүл бағы орналасқан.

Бас ғимараттың ішінде әлеуметтік қызмет алушыларға арналған бір-екі кісілік бөлмелер бар. Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен оларға теңестірілгендерге және мекеменің ішкі қызметіне белсенді араласқандарға бір кісілік бөлмелер берілген, қалғандары екі кісілік бөлмелерде тұрады. Мұнда қажеттінің бәрі бар. Әр бөлме теледидар, тоңазытқыш, үстел, орындық, төсек орындармен қамтамасыз етілген. Ыстық және суық су үздіксіз беріліп тұрады. Бес мезгіл тамақтандырады. Тігін, аяқ киім мен арбаларды жөндеу шеберханалары, шаштараз жұмыс істейді. Кітапхана, әртүрлі ойын бөлмесі, бильярд, үстел теннисі – бәрі-бәрі тұрғындарға қызмет жасауда. Қысқасы, тұрғындардың жұмыс істеп, демалуларына барлық жағдай жасалған.

Мекемеде екі терапевт, психиатр, психотерапевт, ота жасаушы, тіс дәрігері, тіс салушы (ортопед), т.б. мамандар қызмет атқарады. Медбикелер тәулік  бойы кезекшілік етеді. Бірнеше емдеу кабинеті, емдеу-дене шынықтыру кабинеті жаттығу құрылғыларымен жабдықталған және жүзу бассейндері бар. «Тұлпар» ипподромында иппотерапия жүргізуге мүмкіндіктер қарастырылған. Сондай-ақ, тұрғындардың психикалық көңіл-күйін жақсарту үшін сенсорлық кабинет жұмыс істейді.

2007 жылдың шілде айында жаңа ғимаратқа Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келіп, тұрғындармен кездесіп, сұхбаттасты. Со­дан кейін қарттар мен мүгедектерге көрсеті­летін қызметтерді жақсарту мақсатында жаңа стандартқа көштік. Әр стандарттың өз мамандары бар. Мысалы, біз психологтар әлеуметтік-психологиялық қызмет атқарамыз. Басқа
стандарт жетекшілері де өз бағдарламалары бойынша жоспарлы түрде жұмыс істеуде. Бүгінгі күні мекемемізде 300-ден артық әлеу­мет­тік қызмет алушы тұрады. Оларға 200-ге жуық қызметші қамқорлық жасауда.

1989 жылғы наурыз айында Ақмола қала­сын­да ашылған мекемемізге биыл 25 жыл то­лып отыр. Соңғы он жылдан бері оны белгілі педагог, әлеуметтік геронтология магистрі Кенжеболат Сапарұлы Бәпішев басқарып келеді. Сол кісінің сауатты басқаруының ар­қасында мекемеміз республикадағы алдыңғы  қатарлы қарттар мен мүгедектер үйінің санатына қосылды. Мұнда республикалық, қалалық дәрежедегі семинарлар мен конференциялар жиі өткізіліп тұрады.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,

Астанадағы қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйінің психологы  

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button