Басты ақпаратҚоғам

Мектебі бар, ескерткіші керек

Қашанда жылдың басы жаңалықтарға толы. Бұл кезеңде өмір есігін ашқан тау тұлғалар қазақтың болашағы үшін көп нәрсе жасап кетті. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Дінмұхамед Ахметұлы ­Қонаев әкесі Меңліахмет ­Жұмабайұлы мен анасы Зәуре Баирқызы­ның отбасында 1912 жылы 12-қаңтарда ­дүниеге келді.

Жарты ғасырға жуық ел тағдырына араласқан абыройлы ұл көреген саясаткер ретінде есте қалды. Ұлт мүддесін қорғап қалуға келгенде ешкімге есе жібермеуге тырысты. Өзбекстанға өтіп кеткен Қазақстан аудандарын қайтару, тың жерлерді игеру, Ерейментау топырағынан неміс автономиясын ашуға жол бермеу және Шардараға атом электр станциясын салдырмау мәселесіне келгенде асқан табандылық танытты. Осы қажырлы еңбектің арқасында Қазақстан одақ бойынша екінші астықты алқапқа және көпсалалы өнеркәсіп аймағына айналды.

Оның тұсында Қазақстанның экономикасы мен ауыл шаруашылығы өркендеді. Рес­публиканың көптеген өңірінде зауыт-фабрикалар салынып, жаңа инфрақұрылымдар бой көтерді. Бұдан өзге Қонаевтың өнерпаздарды қолдауының арқасында қазақ өнерін бар әлем таныды.

Димекеңнің қолында шектеулі билік болса да шамасы келгенше халықтың жағдайын ойлағанын, ұлттық мүддені қорғағанын халық білді де Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы ретінде ғана емес, нағыз ұлт көсемі, басшысы ретінде таныды. 1986 жылғы «Желтоқсан көтерілісінің» Димекең қызметінен босаған күні болуы бекер емес-ті.

ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақтың ұлттық санасының өсуіне, еңсесі көтеріліп ұлт ретінде ұйыса түсуіне Д.А.Қонаев ерекше үлес қосты. Сондықтан Димаш Ахметұлы Қонаевты тәуелсіздігіміздің іргетасын қалаушы бір саясаткер ретінде оқулықтарда лайықты орын алуға тиіс, өнегелі өмірі жастарға насихатталуы қажет-ақ.

Астанада Дінмұхамед Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейі бар. Бұл мектеп – астана мектептерінің арасында өзіндік дара орны бар білім ордаларының бірі. Ол 2011 жылдың 5 қаңтарында қала әкімдігінің қаулысымен ашылды. Астана қаласы әкімдігінің 29.03.2022 жылғы  №107-876  Қаулысымен мектепке Дінмұхамед Қонаев аты берілді. Мектеп ғимараты Астананың нақ төріндегі «Бәйтерек» монументінің жанында орналасқан. Қазіргі таңда 2600-ден астам оқушы білім алу үстінде. Мұнда республикаға танымал білікті ұстаздар еңбек етеді. Ұстаздары әр жыл сайын өтетін «Үздік педагог» сайысына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Атап айтсақ, 2018 жылы бастауыш сынып мұғалімі Меруерт Кабиева қалалық деңгейде 3 орын иеленді. 2020 жылы математика пәнінің мұғалімі Сандуғаш Парманова қалалық деңгейде бас жүлде иеленіп, республикалық деңгейде «2020 жылдың үздік педагогы» атағының иегері және «2020 Білім беру ұйымының үздік педагогы» атанды. Жалпы, білім беретін пәндер бойынша пәндік олимпиадаларға халықаралық, республикалық, қалалық деңгейде 700-ге жуық оқушы қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Пәндік олимпиада, ғылыми жоба сайыстары және түрлі байқауларға қатысу нәтижесінде қала деңгейінде «Үздік 10 мектеп» қатарында, республика көлемінде «100 үздік мектеп» қатарынан көрініп келеді, мұның өзі – мектеп ұжымы үшін үлкен жетістік.

Халықаралық Бакалавриаттың негізгі мақсаты – білімге құмар, зерделі және қамқоршыл, болашақта мәдениетаралық түсіністік пен сыйластық арқылы әлемді дамытып және оның қауіпсіздігін сақтауда өз жолын тауып, ықпалын тигізетін жастарды тәрбиелеу болса, мектеп 2019 жылы Халықаралық Бакалавриат бағдарламасына кандидат ретінде тіркелді. 2021 жылы желтоқсан айында авторизациялық визиттан өтіп, 2022 жылы қаңтар айында ресми түрде «Халықаралық мектеп» атағын алды. B Primary Years Programme (PYP) бағдарламасы 3 пен 12 жас аралығындағы балаларды өмір бойы оқуды қолдайтын белсенді әрі қамқор азамат ретінде тәрбиелеуді көздейді. Білім беру мазмұны, әдіс-тәсілдері жаңарған мұғалімдер сабағында елеулі өзгерістер бар. Мектеп мұғалімдері сабақ беру үрдісінде Global Scholar – халықаралық бағдарламасы, Nestle салауатты тамақтану мектебі, Бағдарламалау негіздері, Эмоционалды интеллект, STEM, робототехника сияқты инновациялық технологияларды қолданады.

Оқушы мен ұстаздардың жеткен жетістіктері, шыққан биіктері мен атқарған игі істеріне айналған бұл мектеп – киелі шаңырақ, іргелі орда. Осы шаңырақтан талай қазақ баласы білім алып, отанымыздың игілігіне қызмет атқаруға өмірлік жолдамамен аттанды. Олардың барлығы да ұлт көсемі Димаш атасы атындағы мектепте білім алғандығын мақтан тұтады.

Димекеңнің атымен аталған мектепте музей жасақталу үстінде екен, әзірге Димаш атамыз өзі жазған, ол туралы жазылған дүниелерді бір парақтап шығуды жөн көрдік.

1978 жылы Димаш Ахметұлының «Кеңестік Қазақстан», «Таңдамалы сөздері мен мақалалары», 1992 жылы – «О моём времени», 1994 жылы – «От Сталина до Горбачёва», 1994 жылы – «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты мақалалары мен кітаптары жарық көрді. Онда біраз айтқандары, естеліктері бар.

«Мен Тәңір сыйға тартқан біраз жасқа келдім. Жақсыны да көрдім. Жан ауыртқан күндерді де бастан кешірдім. Ол – менің ғұмырым. Бірақ бұл өмірді халықтан бөле-жара қараған емеспін. Халқым ат жалын тартып мінген азамат кезден алдыма қойған бар арман, бар мақсатпен еншілес болды. Саған қалтқысыз қызмет еттім. Аманатыңа адал болдым. Соңғы демім таусылғанша еліме, жеріме қызмет етуден талмаймын. Менің тірі пендеге өкпем жоқ. Ал менде кеткен өкпе-наз болса, ақ басымды иіп, мың қайтара кешірім сұраймын. Біріншіден, үрейден аулақ болайық. Сенім жоғалмасын. Қиыншылық деген қиюы келмейтін іс емес, жұмыла көтерейік. Екіншіден, тату үйге тақсыр ет жуымайды. Бірлігіңе ие бол. Үшіншіден, өзіңе жақсылық тілесең, өзгеге жамандық қылма деген екен Димаш Ахметұлы.

Дінмұхамед Ахметұлы халық әндері мен күйлерін тыңдап, романдар мен танымдық әдебиетті көп оқыған. Спорт түрлерінен бокс пен күресті ерекше ұнатқан. Қартайған шағында да күнде таңертең жарты сағаттай уақыт жаттығу жасайтын болған.

Өкінішке қарай, халқының сүйікті ұлы өмірінің соңына қарай қиын күндерді бастан кешірді. Оған күйе жағылып, орынсыз пікірлер айтылды. Десе де ол қалың орманда тек биік қарағайдың басын жел қалай шалса, дәл солай төзе білді. Ақырында 1993 жылы Мұхамеджан Тынышбаевтың 125 жылдық мерейтойына қатысу үшін Сарқантқа барып, сол жерде 82 жасқа қараған шағында көз жұмды.

Қонаевтанушы Ораз Қауғабаев жазғанындай, бұрынғы Целиноград қазіргі Астананы Димекең көрген жоқ. Астана ауысардың алдында дүние салған болатын. Астанада гүлзарлы көше және Д.Қонаев атындағы колледж кемеңгердің рухын лаулатып, еліне сіңірген еңбегін әлемге әйгілеп тұр. Дінмұхамед Қонаев даңғылында ол кісінің аты күнде айтылып, рухы жаңғырып тұр. Егер көрнекті тұлғаға  қалада ескерткіш орнатылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Қонаев туралы қызықты деректер:

Дінмұхамед Қонаев – КСРО-да ең биік саяси лауазымға ие болған алғашқы қазақ.

Ол КСРО-ның ішкі және сыртқы саясатын басқаратын 15 мүшелік политбюро мүшесі болған.

Отбасындағы 11 баланың 4-сі.

Бойы – 198 см. 46-өлшемдегі аяқ киім киген.

Хоббиі: қару-жарақ жинау, аңшылықты ұнатқан.

Қонаевтың жеке күзетшілері болмаған.

Басқалары жеке күзетшілерімен жүргенде, Қонаев жай ғана таңертең жұмысына жаяу барып келіп жүрген. Академик шені үшін 340 рубльдік төлемақыдан бас тартқан.

Шағын пәтерінде (қазір мұражай) 24 жыл өмір сүрген, пәтер ауданы – 200 ш.м.

Кезінде Леонид Брежнев (КСРО басшысы) Алматыға бірінші рет келіп, Қонаевтың үйіне қонаққа келеді. Пәтерін аралап-­аралап: «Бар дүниең осы ма?» деп таңданады.

Өмірінде «Ұлық болсаң, кішік бол» деген қағиданы берік ұстанды. Дінмұхамед Қонаев ұзақ жыл қызметтен кейін зейнетке шыққан шағында визитка жасатқан екен. Осы кішкене төртбұрышты қағазға аты-жөні мен «тау-кен инженері» екенін ғана жаздырады. Сонда айналасындағылар қайраткердің қарапайымдылығына қатты таңғалған. Өзінің бұл шешімін «Оның бәрі өтпелі де кетпелі, ал «тау-кен инженері» деген – өмірлік нәрсе» деп жауап берген екен.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button