Білім

Мектеп асханасы талапқа сай ма?

Елорданың Шейх Тәмим бен Хамад әл-Тәни атындағы № 85 мектеп-лицейінде оқушыларды тамақтандыру сапасы мен мектеп асханасының қызметі таныстырылды. Биыл бір балаға жұмсалатын тамақтану құны өзгеріп, ас мәзіріне де бірқатар толықтырулар енгізілді.

Мектепте тамақтануды жақсы ұйымдастыру – уақытының көбін мектепте өткізетін оқушы үшін денсаулығын жақсартудың кепілі. Осы мақсатта Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев мектеп асханаларында берілетін тегін тамақтың сапасы туралы тарқатып айтты.

«Бүгінде бастауыш сынып оқушылары 100 пайыз тегін ыстық тамақпен қамтылған. Қала мектептерінде 5-11 сыныпта оқитын 6 мыңға жуық әлеуметтік осал топтан шыққан балаларға да ақысыз негізде ыстық тамақ беріледі. Елордалық Білім басқармасы «Астана» медицина университетімен бірлесіп биылғы оқу жылына ас мәзірін дайындады. Жаңа оқу жылындағы ас мәзірге бірқатар ерекшеліктер енгізілді. Оқушылар жасына қарай 3 топқа (7-10, 11-15, 16-18 жас) бөлінді. Бала өскен сайын әр жастың өз қажеттілігі болады. Осыған орай тамақтың салмағы мен калориясы өзгерді. Жыл басынан бері Астана мектептерінде улану фактілері тіркелмеген.

Осы уақытқа дейін тегін тамақтану құны бір балаға 697 теңгені құраған еді. Ал жаңа оқу жылынан бастап 1-4 сынып оқушыларына берілетін тамақтың құны 800 теңге болып өсті. 5-9 сынып оқушылары үшін бұл сома 964 теңгеге, ал 10-11 сынып оқушыларына 1090 теңгеге өзгерді.

Тамақтандыру сапасын бақылауды күшейту үшін қаланың әрбір  мектебінде арнайы бракераждық комиссия құрылған. Оның құрамына ата-­аналар мен мектеп әкімшілігі (директор, медицина қызметкері, әлеуметтік педагог) кіреді. Комиссия келіп түсетін тамақ өнімдерінің сапасына, тауар сертификациясына, технология­лық жабдықтың жарамдылығына, өнімдер мен дайын тағамдарды сақтау мерзімдері мен шарттарының сақталуына мониторингті жүзеге асыруға міндетті.

Сондай-ақ қала көлемінде ведомствоаралық сараптамалық топ құрылған. Сараптамалық топтың қатарында қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, «Астана» медицина университетінің қызметкерлері, нутрицолог мамандар, Санитарлық-эпидемологиялық бақылау департаменті және бірқатар қоғамдық бірлестік өкілдері бар» деді С.Әділбаев.

Бүгінде қала мектептеріне азық-түлік өнімін жеткізуші 19 ұйым бар. Сондай ұйым қызметкерлерінің бірі Ақерке Кенжеқызы ұйым мектепке қажетті азық-түлік өнімдерін жеткізумен 12 жыл бойы айналысып келетінін айтты.

«Жыл сайын оқушылардың тамақтану рационы бойынша бірыңғай стандарттар негізінде 4 апталық мәзір бекітіледі. Әр күні бір-біріне ұқсамайтын, түрлі тағам ұсынылады. Сағат 11.00-ге дейін сүт өнімдері мен ботқа, ал содан кейін ыстық тамақ, сусынға табиғи шырын беріледі. Әр бейсенбі балық тағамдары күні саналады. Аптасына 2 рет жеміс-жидек таратылады. Ең маңыздысы, жоғары сапалы, арнайы сертификаты бар азық-түлік өнімдері алынады. Өнімдерінің сапасы мен мерзімі үнемі санитарлық дәрігердің бақылауында болады. Сондай-ақ тауарлар артылып қалмайды, әрқайсысының белгіленген мөлшері мен көлемі бар» деді маман.

№85 мектеп-лицейдің әлеуметтік педагогы Лаура Башееваның сөзінше, мектеп асханасы заманауи Face ID қауіпсіздік жүйесімен жабдықталып, онда тамақтанған балалардың есебі көрсетіледі.

– Біз балаларды дәмді, пайдалы және уақтылы тамақтандыруға міндеттіміз. Біздің мәзір белгіленген талаптарға сәйкес келеді, әр маусымда өзгереді. Мектептің бракераждық комиссиясы құрамында 19 адам бар. Олар ыстық тамақ пен буфет тағамдарының сапасын бақылап, сондай-ақ  ас блогындағы санитарлық-гигиеналық нормалардың сақталуын бақылауға міндетті, – деді әлеуметтік педагог.

Индира БЕРЖАНОВА

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button