Басты ақпаратМәселе

Мектеп асханасын кім бақылайды?

Мектепте тамақтануды жақсы ұйымдастыру – уақытының көбін мектепте өткізетін оқушы үшін денсаулығын жақсартудың кепілі. Толыққанды тамақтану көптеген аурулардың алдын алып, баланың оқуға үлгерімін, ынтасын дамытып, заманға сай өмірге бейімделуіне жақсы әсер етеді. Ал бала жас кезінде жеткіліксіз тамақтанса, оның дене бітімі дамуын тежеп, зат алмасу жүйесіне әсер етіп, ағзасы мен дене бітімінде өзгерістерге әкеліп соғуы ықтимал.

Алмагүл ҚУМАШОВА,көпбалалы ана,қала тұрғыны:

– Мектептегі тамақ сапасы өте нашар, бастауышқа берілетін тегін тамағы да, жоғары класқа сатылатын тағамдары да нәрсіз, құнарсыз дәмді емес! Бұл мәселе қашан шешімін табар екен?

– Биылғы жаңа оқу жылы басталған кезде осы мәселені Астана қаласы мәслихатында мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында қозғаған болатын.

Мектептегі тамақтандыруды ұйымдастырудағы мемлекеттік органдар мен басқа да жауапты тұлғалардың жауапкершілік деңгейі төмен, оң қозғалыстар жоқ, – деді Е.Каналимов өз сөзінде. Бұл саладағы түйткілді мәселелер жүйелі сипатқа ие және өз шешімін таппай келеді. Бұл жағдай 1-4 сынып оқушылары мен әлеуметтік осал санатындағы балаларды тегін тамақтандыруға бөлінген сома қомақты екеніне қарамастан орын алып тұр. Оқушылардың жартысына жуығы мектеп асханаларында тамақ ішпейді. Көбінесе тағам дәмді емес немесе төмен калориялы болғандықтан, балалар оны ұнатпайды.

Әзірге таңғы және түскі астың сапасын жақсарту үшін алгоритмдер әзірленбеген. Мектеп асханаларында жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер жүйелі жұмыс атқармауда. Мәслихат хатшысы елордалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында мектеп асханаларын тек тамақ пісіріп қана қоймай, қала тұрғындары арасында танымал азық-түлік желілерінің сенімгерлік басқаруына беру мәселесін пысықтауды тапсырды.

– Дәмді тағамдар дайындау­мен қатар, инфрақұрылымды жабдықтарды алып, асханаларға инвестициялауды, балаларымыздың тамақтануын әртараптандыру және жақсартуды тапсырдым. Бұл ретте нысаналы мақсатын өзгертпей 5 жылдан аспайтын мерзімге беру керек деп есептеймін, – деді мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов.

Ыстық тамақ елордадағы мемлекеттік мектептерде 199100 балаға (100%) ұйымдастырылған. Оның ішінде 95608 бала тегін ыстық тамақпен қамтылған (бастауыш сынып балалары – 89719, аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар 5-11 сыныптар – 5 889)

Бұл мәселе, өкінішке қарай, өзектілігін жоймай тұр. Сондықтан Астана қалалық білім басқармасына мектеп асханасына қатысты сауалдармен шыққан едік. Астана қаласы Білім басқармасының кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Лаззат Орынбасарова жауап берді.

Лаззат Орынбасарова, Астана қаласы Білім басқармасының кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы:

– Мектеп асханасына тексеруді кімдер жүргізеді? Астанада биыл қанша мектеп асханасы тексерілді?                   

– Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйым­дарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру және оны қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу тәртібі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 598 «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында балаларға тамақтандыруды ұйымдастыруға байланысты тауарларды сатып алу Қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен айқындалған.

Тамақтандыру сапасын бақылауды күшейту үшін қаланың әрбір мектебінде сапаны бақылау жөніндегі бракераждық комиссия құрылған (оның құрамына қамқоршылық кеңес мүшелері, директор, медицина қызметкері, әлеуметтік педагог және ата-аналар кіреді (кемінде 10 адам).

Комиссияның міндеттеріне келіп түсетін тамақ өнімдерінің сапасына, ыдыс-аяқ дайындау технологиясына, тоңазытқыш-технологиялық жабдықтың жарамдылығына, өнімдер мен дайын тағамдарды сақтау мерзімдері мен шарттарының сақталуына мониторингті жүзеге асыру кіреді.

Сондай-ақ ведомствоаралық сараптама тобын құру туралы бекітілген бұйрық бар, оның құрамына Қоғамдық кеңестің, Қазақ тамақтану академиясының Тамақтану проблемалары институтының өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, «Әділет» тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігі және ата-аналар қоғамы кіреді. Сонымен қатар, тамақтану қағидаларына сәйкес қаланың тамақтану сапасын бақылау жөніндегі ведомствоаралық сараптамалық топтар әрбір білім беру ұйымында оқушылардың тамақтану сапасын мониторингтеу жөніндегі бракераждық комиссияның қызметіне жүйелі мониторинг жүргізеді. Ағымдағы жылы елорданың барлық 95 мектебінің асханалары тексерілді. Анықталған бұзушылықтар әкімшілік шаралар қабылданғаннан кейін жойылды.

– Елордадағы бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылуда. Оның сапасы қандай, ет, басқа маңызды өнімдер бар ма, көлемі қандай? Мектеп асханасын жалға алатын кәсіпкерге қатысты жарияланған мораторий бар түсінеміз, бірақ тұрғындардан арыз-шағым түскен жағдайда қалалық әкімдік, білім және кәсіпкерлік басқармасы осы мәселені қалай қарастырасыздар?

– Жыл сайын Астана қаласының білім басқармасы оқушылардың тамақтану рационы бойынша бірыңғай стандарттар негізінде Қазақ тамақтану академиясының Тамақтану проблемалары институтымен келісілген 4 апталық мәзір бекітеді. Мектептердегі тамақтандыру сол мәзір негізінде жүзеге асырылады.

Орта білім беру ұйымдары Интернет-ресурстарының «Мектептегі тамақтану» айдарында білім алушылардың тамақтануын ұйымдастыру бойынша: перспективалы, күнделікті мәзір, тағамдардың фотосуреттері, жұмыс жоспары, тамақтану сапасының мониторингі жөніндегі комиссиялардың актілері жөніндегі ақпараттар орналастырылған.

Ыстық тамақ елордадағы мемлекеттік мектептерде 199100 балаға (100%) ұйымдастырылған. Оның ішінде 95608 бала тегін ыстық тамақпен қамтылған (бастауыш сынып балалары – 89719, аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар 5-11 сыныптар – 5 889).

Шағым түскен кезде құрамына қаланың тамақтану сапасын бақылау жөніндегі ведомствоаралық сараптама тобының өкілдері енгізілген Білім басқармасының комиссиясы құрылады. Комиссия шағым фактілеріне тексеру жүргізеді.

2022 жылдың 21 сәуірінен бастап Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің «БалағаLIKE» республикалық акциясы аясында оқушылар асханалардағы келеңсіз жағдайларды  QR-код арқылы тікелей министрлікке хабарлай алады.

– Тексеру жүргізу бойынша қиыншылықтар бар болса, мектеп асханасын ата-аналар комитеті бақылай ала ма?

– Ата-аналар комитетінің мектеп асханасын қарауға құқығы бар. Шағым түскен кезде құрамына қаланың тамақтану сапасын бақылау жөніндегі ведомствоаралық сараптама тобының өкілдері енгізілген Білім басқармасының комиссия­сы шағым фактілеріне тексеру жүргізеді.

– Кәсіпкерлер оқушыларды тегін тамақтандыруға бөлінген қаражат шығынды  ақтамайтындығын айтады. Бұған қатысты қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Қазіргі уақытта Азық-түлік шығыстарының калькуляциясын есептеу негізінде бір балаға орташа құн 449 теңгені құрайды (2021 жылғы қарашаға дейін 376 теңгені құрады. 2021 жылғы 1 қарашадан бастап Астана қаласы мәслихатының шешімімен бір білім алушыға бір реттік тамақтану құны 402 теңгеге дейін өсті).

Қазіргі уақытта білім басқармасы тамақтану институтымен бірлесе отырып, бір балаға тамақтану құнын қайта қарау мәселесін қарастыруда. Жалпы, оқушының тамақтану құнын Білім басқармасы төлейді. Яғни, қарастырылған қаражат көлемінде оқушылар тегін тамақ ішеді.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button