Білім

Мектеп асханасындағы өзгеріс

Биылғы оқу жылында елордалық мектептердегі тамақтандыру жүйесіне ата-аналардың бақылау жасауына мүмкіндік туды.

Білім басқармасының мәлі­метінше, қазіргі таңда бас ша­һарда орта білім беретін 85 мемлекеттік мекеме бар. Ондағы тамақтандыру жүйесіне 33 кәсіпкерлік субъект жауап­ты. Биылдан бастап оларды таңдау конкурсы жаңа ережелер бойынша іске асады. Енді байқауларды әр мектеп өздерінше емес, қалалық Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы ұйымдастырады. Бұл өзгеріс конкурстардың әділ өтуіне оң әсер етіп қана қоймай, оған қатысушылар санының артуына да септігін тигізбек.
Тағы бір атап өтетін жайт, астаналық мектептердің асханалары бейнебақылау камерасымен жабдықталуда. Бүгінге дейін 30 мектептегі асхана мен тамақ дайындау бөлмесіне осын­дай камералар орнатылған.
Соның арқасында ата-аналар ондағы ас-ауқаттың дайындалу процесін онлайн түрде қадағалай алады.
Мұнымен қоса, асханадағы мәзірлер де қайта қаралып, реттелді. Мектепте жеуге тыйым салынған азық-түлік мәзірден алынып тасталды. Жаңа тізімді құрастыруда ата-аналар мен Қазақ тағамтану академиясы ғалымдарының ескертпелері есепке алынды.
Жоғарыда айтылған жаңалық­тардан бөлек, келесі оқу жылында Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы барлық мектеп асханаларына электронды төлем жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Тәжірибелік алаң ретінде әзірге екі мектеп сыналуда. Оның бірі – Есіл ауданындағы №59 мектеп-лицей. Ондағы төлем LRT картасының көмегімен жүзеге асады. Яғни бұл картаны қоғамдық көлікте жүру және мектептегі турникеттен өтумен қоса, осылай асханаларда есеп айырысу үшін де қолдануға болады. Ал №54 мектеп-лицейде мобильді қосымша арқылы есеп айырысу жүйесі пайдаланылады. Бұл дегеніміз – ата-ана телефонға қарап баланың не жегенін және оған қанша ақша төлегенін бақылай алады деген сөз. Сатушылар үшін аталған әдіс өте тиімді: ірі ақшаға қайтарым іздеп уақыт жоғалтпайды әрі буфеттегі кезек те қысқарады.
Ал ақылы тамақтану мәселесіне келсек, Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, мемлекеттік органдар тапсырыстарды жеткізуші тарапқа өз бағасын қоя алмайды. Алайда Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин осы тұрғыда белгілі бір шектік бағаның бар екенін айтады. Бұл талапты тапсырыс жеткізуші компаниялар да ескереді. Нәтижесінде көп мектептерде балалар 300-350 теңгеге дәмді әрі тойымды түскі ас іше алады.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button