Елорда тынысы

Мектеп автобустары тексерілді

Елордалық полиция департаменті мектеп автобустарының техникалық жағдайын жіті тексерді. Аталған шара «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» атты жедел-алдын алу іс-шарасы аясында өткен болатын. Балаларды білім ошақтарына қауіпсіз жеткізуге бағытталған шарада көліктердің техникалық күйі жақсы деп бағаланды.

[smartslider3 slider=2120]

Атап айтқанда, автобустарда өрт сөндіру құралы мен алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған жабдықтары түгел екендігі, артқа жүріс кезіндегі жарқылдауық маяктардың, дыбыс және жарық сигналдарының жұмыс істеп тұрғандығы анықталды. Сондай-ақ әр бала үшін қауіпсіздік белбеуі бар-жоқтығы тексеріліп, оның жарамдылығына назар аударылды.

«Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Оқушылардың жол-көлік жарақатын болдырмау бағытында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бізге жүктелген басты міндеттердің бірі болып табылады» дейді Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев.

Өткен жылғы санға сүйенсек, мектеп автобустарының қатысуымен 7 оқиға тіркелген, қуанышқа орай, зардап шегушілер болмаған. Алайда соның 2-уі оқушы тасымалдайтын жүргізушілердің кінәсінен болғанын атап өткен жөн.

Шара барысында тәртіп сақшылары жүргізушілермен жол қозғалысы ережелерін сақтауға қатысты және балаларды мектеп автобустарына отырғызу, түсіру, тасымалдау кезіндегі әрекеттер туралы әңгіме жүргізді. Автобустардың бағыттары зерделеніп, жүргізушілердің әкімшілік айыппұлдарының бар-жоғына тексеру жұмыстары жүргізілді.

Бала – баршамыздың айнамыз, басты байлығымыз. Сондықтан оларға жол қозғалысына қатысты ережелерді құлақтарына құйып отырғаннан опық жемейміз. «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» республикалық жедел-алдын алу іс-шаралары елорда аумағында ақпан айының 14-23 күндері өтеді деп жоспарлануда.

Баян АСЫЛБЕКОВА

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button