Мектеп мәзірінен неге мән кетті?
Биыл елімізде бастауыш сыныптың 1,7 млн оқушысы тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Оның ішінде Астана қаласы бойынша барлығы 96 мыңнан аса бала ақысыз негізде тамақтанады. Елордалық мектептерде бастауыш сынып оқушылары үшін тегін тамақтану құны былтырғыдан өсіп, бүгінде 800 теңгені құрайды. Мұндай бағаға балалар құнарлы тамақтанып жүр ме? Мектеп асханалары қаншалықты талапқа сай?
Ескірген стандарттың шикілігі көп
Енді дамып келе жатқан бала ағзасы құнарлы әрі дұрыс тамақтануды қажет етеді. Оған жауапты ата-анамен бірге, мектеп те, мемлекет те тиісті көңіл бөлу керегі сөзсіз. Алайда мектеп асханаларындағы көңіл көншітпейтін тамақ сапасы мен санитарлық талаптардың бұзылуы оқу жүйесінің сыздауық жарасына айналғандай. Қазақстан бойынша жүргізілген медициналық-демографиялық зерттеулер нәтижесіне көз салсақ, өкінішке қарай, балалар арасындағы қан аздық деңгейі 47 пайыздан асып түскен. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының соңғы зерттеуіне сәйкес, елдегі 6-9 жас аралығындағы балалардың 20,6 пайызында артық салмақ бар. Оның үстіне мектеп асханаларының санитарлық жағдайы соңғы 4 жылда мораторийге байланысты тексерілген жоқ. Сәйкесінше, 4 жыл бойы тексеріс көрмеген мектеп асханасының күйі мәз емес. Осы орайда, жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп асханаларындағы тамақ сапасына мән беруді тапсырды. Президент өз сөзінде оқушыларды сапасы күмәнді әрі арзан азық-түлікпен тамақтандыра алмайтынымызды айтып, балаларды тамақтандырудың халықаралық стандарттарына ұмтылу қажеттігін атап өтті.
Бүгінде мектеп рационының тағамдық құндылығын, қауіпсіздігін, құнарлылығын, әртүрлілігін ескере отырып, оны жақсарту мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі Қазақ тағамтану академиясымен бірлесіп бірқатар ұсыныс әзірледі. Енді 2025 жылы мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты енгізіледі. Жаңа стандарт азық-түлік сатып алудан бастап тамақ дайындауға және осы салада жұмыс істейтін қызметкерлерді оқытуға дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Ал Оқу-ағарту министрлігі өз кезегінде мектептегі тамақтандыруды дұрыс ұйымдастырмағаны үшін лауазымды тұлғаларға айыппұл салынатынын мәлімдеді.
Нутрицолог маман Мария Усенованың сөзінше, мектеп асханасындағы нормалар халықаралық стандартқа сай келмейді әрі ескірген. Маман ас мәзірінде балаға қант көп мөлшерде берілетініне де тоқталды. Бір ғана мысал, 2016 жылы бекітілген бірыңғай стандартта 7 жастан асқан балаға берілетін тәуліктік қант мөлшері 36,5-50 грамм деп көрсетілген. Таңертеңгілік ас құрамында балаға 7-9 грамм қант және 5 грамм бал беріледі, яғни бір мезетте бала 12-14 грамм тәтті жейді. Ал халықаралық сарапшылар осы жастағы балаларға бір күндегі бұл мөлшер 24-25 грамнан аспау керегін айтады.
«Бала оқуға қажетті энергияны ішіп-жеген тамағының ыдырауы мен қорытылуынан түскен қуаттан алады. Яғни баланың «жанар-жағармайы» – тамақ. Сондықтан күнделікті рационда міндетті түрде дәруменге, дәнді дақылдарға бай, құрамында жасұнық бар тағамдар, жаңа піскен көкөніс пен жеміс-жидектер болуы шарт. Алайда қазірде мектептерде қант белгіленген мөлшерден көп беріледі. Нәтижесінде дәм сезу рецепторлары бірте-бірте тәттіге үйреніп, бала ағзасы құнарлы тағамдарды жеуден бас тартуы мүмкін. Бұл тамақтану әдеттерінің бұзылуына және түрлі аурудың пайда болуына әкеледі. Балаға бір ғана рет берілетін алма аздық етеді. Бір балаға бөлінетін тамақтану құнына әлдеқайда пайдалы мәзірді жасақтауға болады. Ата-ана ретінде байқайтыным, оқушылардың жартысына жуығы мектеп асханаларында тамақ ішпейді. Көбінесе тағам дәмді емес немесе калориясы аз болғандықтан ұнатпайды. Кейін дәмсіз тағамның қоқысқа төгіліп жататыны да жасырын емес. Қарны тоймаған балалар асханадағы тәтті тоқаштар мен сусындарды ата-анасының қаржысына сатып алып жатады» деді маман.
Асханадағы мұндай тіскебасарларды сатушы кәсіпкерлер де қалтасының қамын ғана күйттеп, бала тамағына ортақтасып, ойындағысын жасап жүр. Себебі қаладағы мектеп асханаларындағы бұл тағамдардың бағасында бірізділік сақталмаған. Оның үстіне, нутрицолог маман нан өнімдерінің тым көптігін алға тартып отыр. Балалар уақыт пен ақшаны үнемдеу үшін толыққанды түскі астың орнына соны жей салады.
Ас мәзірін кім бақылайды?
Мәселенің анық-қанығын білу үшін мектеп мәзірі әр мектептің сайтында көрсетіліп тұруы тиіс-ақ. Алайда астаналық мектептердің барлығында дерлік ас мәзірі жарияланбаған. Ата-ананың тексеруге құзыры бар жауапты адамдардың қолында күнделікті мәзір тізімі болса, кез келген уақытта астың сапасын салыстырып, кемшілігін анықтай алады. Себебі қазір мәзірді баланың биологиялық құнды заттарға деген физиологиялық қажеттілігін емес, азық-түліктің бағасын ескере отырып жасайды. Осыған орай, жақында елорданың №85 мектеп-лицейіндегі оқушыларды тамақтандыру сапасы мен мектеп асханасының қызметімен танысып қайттық. Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев мектеп асханаларында берілетін тегін тамақтың сапасы туралы тарқатып айтты.
«Бүгінде бастауыш сынып оқушылары 100 пайыз тегін ыстық тамақпен қамтылған. Қала мектептерінде 5-11-сыныпта оқитын 6 мыңға жуық әлеуметтік осал топтан шыққан балаларға да ақысыз негізде ыстық тамақ беріледі. Жалпы есепте 96531 бала ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.
Елордалық Білім басқармасы «Астана» медицина университетімен бірлесіп биылғы оқу жылына ас мәзірін дайындады. Жаңа оқу жылындағы ас мәзіріне бірқатар ерекшелік енгізілді. Оқушылар жасына қарай 3 топқа (7-10, 11-15, 16-18 жас) бөлінді. Бала өскен сайын әр жастың өз қажеттілігі болады. Осыған орай тамақтың салмағы мен калориясы өзгерді. Жыл басынан бері Астана мектептерінде улану фактілері тіркелмеген.
Осы уақытқа дейін тегін тамақтану құны бір балаға 697 теңгені құраған еді. Ал жаңа оқу жылынан бастап 1-4-сынып оқушыларына берілетін тамақтың құны 800 теңгеге өсті. 5-9-сынып оқушылары үшін бұл сома 964 теңгеге, ал 10-11-сынып оқушыларына 1090 теңгеге өзгерді.
Тамақтандыру сапасын бақылауды күшейту үшін қаланың әрбір мектебінде арнайы бракераждық комиссия құрылған. Оның құрамына ата-аналар мен мектеп әкімшілігі (директор, медицина қызметкері, әлеуметтік педагог) кіреді. Комиссия келіп түсетін тамақ өнімдерінің сапасына, тауар сертификациясына, технологиялық жабдықтың жарамдылығына, өнімдер мен дайын тағамдарды сақтау мерзімдері мен шарттарының сақталуына мониторингті жүзеге асыруға міндетті. Сондай-ақ қала көлемінде ведомствоаралық сараптамалық топ құрылған. Сараптамалық топтың қатарында қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, «Астана» медицина университетінің қызметкерлері, нутрицолог мамандар, Санитарлық-эпидемиологиялық департаменті және бірқатар қоғамдық бірлестік өкілдері бар» деді С.Әділбаев.
Бүгінде қала мектептеріне азық-түлік өнімін жеткізуші 19 ұйым бар. Сондай ұйым қызметкерлерінің бірі Ақерке Кенжеқызы ұйым мектепке қажетті азық-түлік өнімдерін жеткізумен 12 жыл бойы айналысып келетінін айтты.
«Жыл сайын оқушылардың тамақтану рационы бойынша бірыңғай стандарттар негізінде 4 апталық мәзір бекітіледі. Әр күні бір-біріне ұқсамайтын түрлі тағам ұсынылады. Сағат 11:00-ге дейін сүт өнімдері мен ботқа, ал содан кейін ыстық тамақ, сусынға табиғи шырын беріледі. Әр бейсенбі «балық тағамдары күні» саналады. Аптасына 2 рет жеміс-жидек таратылады. Ең маңыздысы, жоғары сапалы, арнайы сертификаты бар азық-түлік өнімдері алынады. Өнімдерінің сапасы мен мерзімі үнемі санитарлық дәрігердің бақылауында болады. Сондай-ақ тауарлар артылып қалмайды, әрқайсысының белгіленген мөлшері мен көлемі бар» деді маман.
№85 мектеп-лицейдің әлеуметтік педагогы Лаура Башееваның сөзінше, мектеп асханасы заманауи Face ID қауіпсіздік жүйесімен жабдықталып, онда тамақтанған балалардың есебі көрсетіледі.
– Біз балаларды дәмді, пайдалы және уақытылы тамақтандыруға міндеттіміз. Біздің мәзір белгіленген талаптарға сәйкес келеді, әр маусымда өзгереді. Мектептің бракераждық комиссиясы құрамында 19 адам бар. Олар тағам сапасын, екі аптада бір рет ас блогындағы санитарлық-гигиеналық нормалардың сақталуын бақылауға міндетті, – деді әлеуметтік педагог.
Өзгелер қалай тамақтанады?
Бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыру жүйесі бізге шетелден жеткенмен, олардағы тамақтандыру комбинаттары атқаратын жұмыс түрі әлі жете қойған жоқ. Оқушының жас ерекшелігіне сәйкес тағамның мөлшеріне дейін есептелетін комбинатта әзірленген тағамдар контейнерлерге салынып, арнайы көліктермен ғана мектептерге таратылады екен. Осылайша, халықаралық стандарттың қажетті жерін ала алмай отырған біздің асханалардың жайы ақсап тұр. Мұндай тәжірибе көрші Ресейде енгізіліп, мектептерге асты ірі тамақтандыру комбинаттары таңертеңімен жібереді. Жапониядағы мектеп тағамдары толығымен дерлік дәстүрлі тағамдарға негізделген. Әдеттегі түскі асқа күріш, мисо сорпасы, балық немесе ет, көкөністер мен кимчи кіреді. Финляндияның мектеп асханаларында қантты сусындар мен қант мөлшері жоғары десерттерге тыйым салынады. Оның орнына балаларға су немесе сүт ұсынылады, ал десерттер жаңа піскен жемістермен немесе табиғи йогуртпен алмастырылады. Швеция тағамдарды ұсынуда «швед дастарқаны» әдісін пайдаланады. Балалар өздеріне ұнағанын, ыстық тамақ, сусын, жемістерді таңдай алады. Дегенмен АҚШ, Канада, Филиппиннің кейбір мектептерінде қуырылған картоп, бургер секілді фаст-фуд өнімдері беріледі.
Индира БЕРЖАНОВА