Басты ақпарат

Мектепке немен жетеміз?

Тұрғындарының саны жылына 50 000 адамға толығып отыратын елордада көлік кептелісі – түйткілді мәселелердің бірі. Миллион жарымға жуық халқы бар астанада Есілден көпірлер салу, жаңа бағдарлар ашу, т. б. әдістер қарастырылғанмен, көше қозғалысындағы «қауырт» сағаттарда қала жолдарына түсетін жүктеме азаяр емес. Себебі оған халық санының артуынан бөлек балаларын мектепке көлікпен таситындардың көбеюі ықпал етеді.

[smartslider3 slider=2063]

Расында да, көлік тізгіндегендердің көбі мектепте каникул басталғанда немесе оқушылар онлайн оқуға көшкенде қала көшелерінде таңертеңгілік көлік азайып, кептеліс сиреп, қозғалыс біраз жақсарып қалатынын айтады. Елдегі ірі қалаларда кездесетін бұл мәселе бұрыннан бар. Бірақ оның елордада тым асқына түскенін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің көлік кешенін басқару жөніндегі операторы – «City Transportation Systems» ЖШС мамандары да растайды.

– Қараңыз, таңертең сабақ мектептердің бәрінде бірдей тура сағат 8.00-де басталады. Сонда жеті жарымда қаншама адам бір мезетте үйінен шығып, мектепке қарай ағылады деген сөз. «Яндекс. Картадан» қарасаңыз, осы мезетте қала көшелеріндегі кептеліс деңгейі шамамен 9 балды көрсетеді. Ал онлайн оқыған кезде және каникул уақытында 3-4 балл ғана болады. Сондайда көшелер кәдімгідей босап, «қала бір демалып, еркін тыныстағандай» күйге түседі. Осылайша баласын мектепке жеке көлікпен таситындардың тым көбейіп кетуі қаладағы көлік кептелісіне тікелей әсер етіп отыр. Ал қазіргі ата-аналар баласын оқытуға неге өз үйінің маңайындағы мектепті таңдамайды? Оның да өзіндік түрлі себептері бар, – дейді аталған серіктестіктің баспасөз хатшысы Науат Азанбаева.

Көлік жалдауға да, өз көлігімен апаруға да жағдайы немесе уақыты жоқ отбасылардың балалары мектеп алыс болғанда қоғамдық көліктермен барады. Елордада 2020 жылдан бері 18 жасқа дейінгі балаларға автобуста тегін жүру мүмкіндігі берілген. Былтыр тамыз айында қоғамдық көлікті пайдаланған оқушылар 991168 валидация жасаған болса, оқу жылы басталған қыркүйекте бұл көрсеткіш 2116182-ге жеткен.

«Яндекс. Картадан» қарасаңыз, осы мезетте қала көшелеріндегі кептеліс деңгейі шамамен 9 балды көрсетеді. Ал онлайн оқыған кезде және каникул уақытында 3-4 балл ғана болады

Маңайдағы мектептің несі жаман?

Әдетте, қала құрылысын жоспарлағанда мектеп таңдалған ауданның өзіндік инфрақұрылымы бойынша салынады. Сондықтан үй алғанда, тіпті жалдағанда да әрбір ата-ана айналасында мектеп пен балабақшаның болуына аса мән береді. Қазір кей аудандарда мектептердің жетіспеушілігі немесе жекеменшік мектептердің қоғамдық көлік қатынасы дамымаған жерде салынуы да жеке көлікпен бала тасуға себеп. Одан бөлек, баласын үйінен алыста болса да «мықты» мектепке беремін деп екі жағалаудың ортасында сапырылысып жүргендер де бар. Сонымен қатар пәтер жалдап тұрған жерінен басқа мекенжайға ауысқанмен, баласы «бауыр басып» қалған мектепті ауыстырғысы келмейтіндер де кездеседі. Керісінше, баласы жаңа, беделді мектепке ауысқаны үшін үйін сатып, сол оқу орнының жанына көшіп кеткендер де жоқ емес.

– Біздің мектепте бұл мәселе бірнеше жағдайда қарастырылады. Мәселен, бастауыш сыныптан бері оқып келе жатқан балалар отбасы жағдайымен басқа мекенжайға көшіп кетсе де мектепті, ортасын қимағандықтан ата-анасы амалсыз алыстан әкеп оқытады. Екіншіден, ата-аналардың көбі мектеп емес, мұғалім таңдайды. Үлгілі ұстаз бен озат сынып олар үшін бірінші орында. Тағы бір мәселе, мектеп әкімшілігі ата-анасы ажырасып жатқан кейбір балалардың жағдайына, психологиялық көңіл күйіне рухани-адамгершілік тұрғысынан түсіністікпен қарап, мектепке қабылдайды. Сондай-ақ тұратын жеріне қарамастан мектеп қызметкерлерінің өз балаларын да осы оқу орнына қабылдауға мүдделіміз, – дейді №59 мектеп мұғалімі Сәуле Қазымбетқызы.

Қалалық Білім басқармасының мәліметі бойынша қазіргі таңда елордада 149 мектеп, 215 мыңнан астам оқушы бар. Соның ішінде 43 мектеп – жекеменшік. Қоғамдық көліктер қарастырылмаған Нұр-Сұлтан қаласына қарасты елді мекендерде тұрып жатқан оқушыларды 13 мектепке алып бару және одан алып қайту ұйым­дастырылған.

Автобус жалдау қымбат па?

Қала көшелерінде өз жолағы болғандықтан бұл мәселеде мектеп автобустарын ұйымдас­тыру тиімді. Оның елімізде мемлекеттік деңгейде көтеріліп келе жатқанына да біраз болды. Бірақ көп ата-ана қалтасы көтермейтіндіктен мұны құп көре бермейді. Елордалық «CTS» ЖШС мамандары бірнеше жыл бұрын оқушыларды қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету, елорда жолдарына түсетін жүктемені азайту үшін арнайы балалар автобустарын енгізуді ұсынған. Бірақ ата-аналар баласына айына 20 мың теңге шығаруды қымбат көрген.

«Сол кезде аталған автобус­тарды 3 айдай жүргізіп сынап көрдік, 18 орындық автобуста тек 5-6 бала ғана отыратын. Шығынын өтей алмайтындықтан, жоба жүзеге асырылмай қалды. Сөйтіп мектепке арналған авто­бустарды қалада көлік жетіспейтін басқа бағдарларға бөлдік» дейді Н.Азанбаева.

Дегенмен ғаламторда бала таситын жеке автобустар мен таксилердің түрлі жарнамасы толып тұр. Демек, сұраныс бар. Мәселен, «Авто няня», «Няня сервис» қызметтері баланы мектепке апарып келу ақысы – сағатына 1000-2000 теңге. 2013 жылдан бері жұмыс істейтін «School bus» компаниясы елордадан бастап бірнеше қалада сұранысқа ие, олардың автобустарымен баруға айына 45 мың теңге төлем жасау керек. Бұл автобус қызмет көрсететін мектептер қатарында елордадағы №3 арнайы мектеп, жекеменшік «Tamos space school» мектебі бар. Ал 2014 жылы құрылған «Bаby taxi» компаниясы Назарбаев, «Келешек», «Тұран», Galaxy, «Пифагор», Haileybury Astana School, «Мақсат», High Tech және т. б. үздік мектептердің оқушыларын тасиды.

Былтыр ғана бала тасу бо­йынша нарықта пайда болған UvU стартап жобасының негізін салушы Мадияр Төлеуғалидің айтуынша, қазіргі ата-аналар уақытын тиімді жоспарлау үшін ақылы қызметтерге жүгінеді. Осы қызметті пайдаланатындардың 70-80 пайызы баланы мектепке тасу, қалғаны үйірмеге апару бойынша хабарласады. Жобаның ерекшелігі – көлік жүргізушілері сол балалардың аналарынан құралғандығы. Көлік кептелісі қауырт кезде күніне таңғы 7:00-ден 9:00-ге дейін екі сағат қана бала тасу арқылы әйелдер айына 60-70 мың теңге табыс таба алады.

Қалалық Білім басқармасының мәліметі бо­йынша қазіргі таңда елордада 149 мектеп, 215 мыңнан астам оқушы бар. Соның ішінде 43 мектеп – жекеменшік. Қоғамдық көліктер қарастырылмаған Нұр-Сұлтан қаласына қарасты елді мекендерде тұрып жатқан оқушыларды 13 мектепке алып бару және одан алып қайту ұйым­дастырылған

Шетелде қалай барады?

Америкада оқу орнынан аса алыс тұрмаған жағдайда мектепке бала тасу қызметі тегін көрсетіледі, яғни мемлекеттің, нақтырақ айтқанда, салық төлеушілер қаржысынан төленеді. Автобустардың әр аялдамаға дәлме-дәл келу және кету уақыты бар, соны қатаң сақтай отырып, олар балалардың сол уақыттан кем дегенде 5 минут ерте келіп тұруын талап етеді. Оқу жылының басында әр оқушыға автобус туралы толық ақпарат, жалпы ережелер жазылған карточка беріледі. Мініп-түсу уақытын, отыратын орныңды өзгерту мүмкін емес, ол бір жылға бекітіліп қойған. Ресей 2021-2024 жылдары мектеп автобустары паркін жаңартып, 16 мың автобус алуға 35 млрд рубль бөлмек. Ал жекеменшік қызметтер бойынша KidsWay компаниясының қызмет бағасы жолдың ұзақтығына қарай әр балаға әртүрлі есептеледі.

Швецияда тұратын қазақ қызы Индира Табылдының айтуынша, ол жақта да ата-ана көбіне үйге жақын мектепті таңдайды. Ал үлкен қалаларда арнайы мектепке беретіндер өздері апарып-әкеледі. Швед балалары 0-4-сыныпты бір мектепте, 5-8-сыныпты басқа орта мектепте, 9-12-сыныпты гимназия мектепте оқиды. Гимназияда оқитын балалар автобуспен өздері барып келеді.

– Мұнда қалалар шағын, сондықтан кептеліс онша проблема емес. Әке-шешесі жұмыста болса, бала сабақ біткен соң мектепте 4-5-ке дейін үй жұмысын жасап, қосымша сабақта қалады. Ал ауысыммен жұмыс істейтін ата-аналар мен мектеп арасында келісімшарт жасалады. Автобус өз уақытымен жиі жүреді. Балалар еш қорықпай өздері мініп кете береді. Сосын 2-3 км жердегі мектеп болса 5-8-сынып оқушылары велосипедпен де барып келеді. Бастауыштағы баланы Қазақстандағыдай ата-анасы не туысы өздері әкеліп-әкетеді.

Кезінде бірнеше шақырым жердегі мектепке ешқандай жеке көлікке де, автобусқа да мінбей, қыс пен жазда жаяулатып баратын қауіпсіз заман келмеске кеткен шығар. Дегенмен ата-ана уақыт бөліп, жеке көлігімен апарса да, автобус не машина жалдап апартқызса да, бала асықтырған соң аптығып жүре киініп, апыл-ғұпыл таңғы асын ішіп, мектепке жұлқылап апарғандай күй кешеді. Сондықтан реті келсе, мектеп үйдің жанында болып, баланың сабаққа өз аяғымен барғаны дұрыс. Жақын жердегі мектеп қауіпсіздеу әрі жаяу жүргені денсаулығына да пайдалы болар еді. Сондай-ақ қаладағы көлік қозғалысы да қалпына келеді. 2019 жылдағы статистикаға сүйенсек, елордада 264969 көлік болған, яғни 100 адамға шаққанда 23,9 көліктен келді. Мұның саны қазір артпаса, кемімегені белгілі. Былтырғы көрсеткіш бойынша елімізде 3 млн 824 мың 200 жеңіл көлік тіркелген. Солардың қатарын көбейтіп жатқан «мектепке бала тасушы» көліктердің сапырылысы жазғы демалысқа дейін әзірге пандемия кезіндегі арагідік онлайн сабақтардың есебімен ғана бәсеңдеп тұр.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button