Сұхбат

«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫНА МЕШІТТЕР ДЕ ҮЛЕС ҚОСУДА

5e2e7f1a52b08f84a53b07834812dce9Елімізде дәстүрге айналған «Мектепке жол» атты қайырымдылық шарасына мешіттер де атсалысуда. Бұл жөнінде газет тілшісіне Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасының Астана қаласындағы өкілі, «Нұр-Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов әңгімелеп берді.

– Ислам дінінің қайырымдылық істерді құптайтыны белгілі. Осы орайда, астаналық қалталы азаматтар арасындағы ізгілікке құштарлық танытатындар жөнінде айта кетсеңіз.

– Саф алтындай тазалық пен мейірімділікке, жұмсақтық пен ке­шірімшілдікке үндейтін асыл дініміз ата дәстүрімізбен үйлесім тауып, тамырын тарих қатпарынан тартып келеді. Бір Алланың ра­зылығы үшін сауапты істерге атсалысып, қайырымдылық шараларына мұ­рындық болып жүрген
азаматтар ел ішінде баршылық. Бұл да болса асыл дініміздің көк­жиегінің кеңеюі, шаңырағының биіктеуі деп білеміз.

Ақ пен қара алмасқан қым-қуыт тіршілікте тағдырдың сан қилы сынақтары мен қиыншылықтарына тап болған қандас, елдес, отандас­тарымыз, ағайын-туғандарымыз мешітімізге келіп жатады. Барша­сының мұң-мұқтажына мешіт қызметкерлері бейжай қарамай, қолда бар мүмкіндіктерімен аянбай қол ұшын созуда. Баса айта кетерлігі, осы істе жұмыла кірісіп, атсалысып келе жатқан кәсіп дөңгелеткен азаматтардың үлкен септігі тию­де. Алайда, олардың көпшілігі есім­дерін жария етпеуді қалайды. Сон­дай азаматтарымызға Алла екі дүние­нің бақытын берсін, отбасыларына амандық-саулық жазсын деп сұраймыз Жаратқаннан.

– Қазір еліміздің барлық өңірінде, оның ішінде Астана қаласында кезекті оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтуде. Бұл игі шараға елордалық ме­шіттердің жамағаттары қан­шалықты үлес қосуда?

– Ағымдағы тамыз айы – мектеп маусымына дайындық айы. Ата-аналар балаларына мектепке қажетті оқу құралдары мен керек-жарақ, киім-кешектерін әзірлеуге көшуде. Осы маусымда көштен кейіндеу қалатын отбасылар да болатыны жасырын емес. Қай ата-ана баласынан барын аяп қалар дейсіз. Осы ретте жапырақ жүрек жеткіншектерге қуаныш сыйлап, көңілдеріне демеу болу да – мұсылмандығымыздың белгісі.

Астанадағы Әзірет Сұлтан, «Нұр-Астана» және Сәдуақас Ғылмани мешіттері мектеп балаларына қа­жетті киім-кешек, оқу формаларын әлеуметтік жағдайы төмен отба­сыларға үлестіру мақсатында сіз айт­қан қайырымдылық акциясына бір кісідей үлес қосуда. Жақсылықта жарысамын, көпшілікке көмегім тисін деген, сауабын бір Алладан күткен кісілердің әлі де қайырлы іске қатысуларына мүмкіндік бар.

– Дұрыс-ақ, шара барысында көмекке мұқтаж қанша отбасыны қамтамасыз етпексіздер?

– Ең алдымен Астана мешіттерінің бұл игі шараны бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатқанын айтқым келеді. Ал енді акция аясында Әзірет Сұлтан мешіті үш жүз бүлдіршінді, «Нұр-Астана» орталық мешіті екі жүз елу баланы, Сәдуақас Ғылмани мешіті жүзден ас­там оқушыны керек-жарақтарымен, оқу құралдарымен қамтымақ.

– Әңгімеңізге рақмет!

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button