Басты ақпарат

«Мектепке жол» – мейірімділік акциясы

Жыл сайын елордада «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілер мен қайырымды жандардың қолдауы арқасында оқушыларға мектеп формасы, оқу құралдары түрінде, сонымен қатар қаржылай көмек көрсетіледі. Биыл шара Балалар жылы аясында өтетіндіктен, жиналатын қаржы көлемі де қомақты әрі қамтылатын оқушылар саны да артып отыр. Кеше қаламызда қайырымдылық жасау үшін жылжымалы пункттер құрылып, жұмысын бастады.

[smartslider3 slider=3589]

Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаев пен қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов «Мектепке жол-2022» қайырымдылық акциясын салтанатты түрде ашық деп жариялады. Акция жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға көмек көрсетуге бағытталған. Акцияға қатысу үшін мұқтаж ата-аналар өз мектебінің әлеуметтік педагогтарына жүгінуі керек. Мектептердегі әлеуметтік педагогтар тізімді аудан әкімдігіне жолдайды. Өткен жылы аталған акция аясында 750-ден астам бала қамтылса, биыл аудан әкімдігі 1000-ға жуық баланы қамтуды жоспарлап отыр.

– Республикалық «Мектепке жол» акциясы әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасыларға арналған. Қаламыздың Байқоңыр ауданында басталған бұл шара қыркүйектің 30-ына дейін жалғасады. Аудан бойынша осындай қайырымдылық үйшіктері үш жерде орнатылған, қайырымдылық жасаушы жандар мектепке қажет киімдер мен сөмке, кеңсе құралдарын әкелуіне болады. Әлеуметтік педагогтарға адамдардың өтінімі негізінде аудан әкімдігі оларға қажетті заттарды бере алады. Біздің бастамамызды қаладағы басқа аудан әкімдіктері мен басқармалар, елордалық тұрғындар қолдайды деп сенемін, – деді Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаев.

Жақсы дәстүр жалғасын тапты. Байқоңыр ауданы әкімі аппараты «Әлем», «Жаннұр» және «Аймақтау» СҮ жанында «Мектепке жол-2022» брендтелген қайырымдылық үйшіктерін орнатты. Әсіресе мұқтаж отбасыларға көмектесу үшін рюкзак пен мектепке қажетті керек-жарақты әкелетін мейірімді адамдар жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын ерекше атап өткіміз келеді. Бүгін бұл үйшіктер Байқоңыр ауданының әкімі мен Нұр-Сұлтан қаласы мәслихаты хатшысының оқуға қажетті құрал-жабдықтарымен толықтырылды.

Акция 30 қыркүйекке дейін жалғасады және оған үлесін қосқысы келетін әрбір мейірімді жан аптаның кез келген күні жоғарыда аталған сауда үйлерінің жанында орналасқан қайырымдылық үйшіктеріне тәулік бойы өз көмегін қалдыра алады.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button