Мәдениет

Мектепте – Ахмет мұражайы

Елордалық А.Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейінде ұлт ұстазы ұлықталды. Мектеп ғимаратының қабырға­сына мурал салынып, білім беру ошағында мұражай ашылды.

Салтанатты шараға Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы бастаған осы жоғары оқу орнының ғалым-ұстаздары, Ахмет Байтұрсынұлының туған елі – Қостанай облысының да делегаттары мен ағартушының туыс-ұрпақтары, білім беру саласының қызметкерлері қатысты.

Білім ордасының басшысы Зәуре Садықова қонақтарға мұражайды таныстырды. Экспозицияда ұлт ұстазының өмірі, шығармашылығы мен қызметімен байланысты алты бағытты қамтитын материалдар мен жәдігерлер ұсынылды. Бұл – «Ғасыр саңлағы: Ахмет Байтұрсынұлының ғұмырбаяны»; «Алаш партиясы, Алаш­орда үкіметі – Алаш автономиясы»; «Ағартушы түрлендіріп түзеген қазақ әліпбиі»; «Ахмет Байтұрсынұлы нақыл сөздері»; «Қазақ руханиятының көшбасшысы»; «Ахмет – Алаш зиялысы және ұлт қаһарманы» бөлімдерінде жинақталды.

Салтанатты шара «Ахмет Байтұрсынұлы – ғасыр саңлағы» атты танымдық кешпен жалғасын тапты. Кештің бірінші бөлімінде Дихан Қамзабекұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Бекжан Әбдуәли, «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлұлы реформатор ғалым, ұлы ағартушы А.Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмыр дерегімен бөлісті. Екінші бөлімде ұлт ұстазының өміріне байланысты көрініс пен жыр-шумақ көрермен назарына ұсынылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button