Мектептегі мереке
Астанадағы №73 мектеп-лицейінде «Әкем, анам және мен» атты отбасылық спорттық сайыс өтті. Сайысқа жалпы 100-ден аса мектеп оқушысы қатысты.
Ұйымдастырушылар бұл спорттық сайыс аталған мектептің 3-сынып оқушылары мен олардың ата-аналары арасында өткізіліп жатқанын айтып, осы іс-шара арқылы отбасы құндылықтарын нығайтуды басты мақсат еткендерін айтады.
«Бұл сайыс мектебімізде жылда дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Отбасы құндылықтарын дәріптейтін бұл іс-шара оқушы, ұстаз, ата-ана арасында үшжақты ынтымақтастықты күшейтудің тамаша үлгісі деп есептейміз. Жалпы бұл – 3-5 сыныптар аралығында өтетін сайыс. Қазір бірінші кезеңі, 3-сыныптар қатысты. Балалар мен олардың ата-аналары қысқы таза ауада әртүрлі эстафеталық ойындарға атсалысты. Бұл сайыстың бір қызығы – аналар күш сынасса, әкелер бауырсақ пісірді. Барлық қатысушылар ойын арасында ошақта піскен ыстық бауырсақ пен шоқ самаурында қайнаған шайдан ауыз тиді. Мұндай іс-шаралардың жиі ұйымдастырылуы балалар мен ата-аналар арасын тіпті де жақындата түседі» деді №73 мектеп-лицейі директоры Гүлшат Қалтаева.
Ал сайыс қатысушылары эстафеталық таяқшамен жүгіру, шанамен жарыс, арқан тартыс, қол күресі және «Бауырсақ-Fest» жарысында бақ сынасып мәз болды.
«Мектепте ұйымдастырылатын іс-шараларға жиі қатысып жүрміз. Жұбайымыз екеуміз өнер саласында ұстаздық еткендіктен, балаларымыздың сабағын қадағалап, сабақтан тыс өтетін іс-шараларға да атсалысамыз. Дәл осы білім ошағында 3 балам оқиды. Бүгін 3-сыныпта оқитын қызым Зеренің сайысқа қатысушы сыныптасын қолдауға келдік. Жалпы мұндай жарыстардың ұйымдастырылуы балалардың спортқа деген қызығушылығын, қоғамдағы басқа адамдарға деген көзқарасын айқындап, олардың өмірге деген махаббатын арттырады деп сенемін» деді жарысқа келген Айдос Мақұлбеков.
Сайыс соңында жеңімпаздарға алғысхаттар мен арнайы сыйлық берілді.