Басты ақпаратБілім

Мектептер оқу жылына дайын ба?

Жаңа оқу жылы да жақындап қалды. Ата-аналар балаларын мектепке дайындау қарбаласымен жүр. Биыл Астанада 187 мектепте 282 мыңнан аса оқушы білім алады. Оның ішінде бірінші сыныпқа 24 мыңнан астам бала қабылданады. Мектеп табалдырығын алғаш аттайтын бүлдіршіндер үшін елордада ерекше жағдай жасалған. Қала мектептері жанынан ашылған қысқа мерзімді «Балақайлар мектебі» жұмыс істейді. Бұл жоба балабақшаларда да іске қосылған.

Бұл туралы Астана қаласының Коммуникациялар қызметінде өткен «Жаңа оқу жылына дайындық барысы» тақырыбындағы брифинг барысында айтылды.

«Оқу жылының басында елордада 282150 оқушы оқитын 187 мектеп болады (110 мемлекеттік (233 006 бала), 70 жекеменшік (42 674 бала) және 7 республикалық мектеп (6 470 бала). Жаңа 2024-2025 оқу жылында жалпы білім беретін мектептердің бірінші сыныбына 28 мың баланы  қабылдау жоспарлануда. Бүгінгі күнде 24 100 бала қабылданды. Оқу жылының соңында қалада 8 үш ауысымдық және бала саны шамадан тыс 16 мектеп болды. Мектептердегі орын тапшылығы 27 800 мың оқушы орнын құрады» деді өз сөзінде қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев.

Биыл бір ауысымда 49 790 мың орынға арналған 32 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде бір ауысымда 30 290 мың орынға есептелген 21 мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қыркүйек айында бір ауысымда 15 850 мың орынға арналған 12 мектеп пайдалануға беріледі. Желтоқсан айында бір ауысымда 14 440  орындыққа арналған қосымша 9 мектеп пайдалануға беріледі. Осылайша, биыл жыл соңына дейін үш ауысымда оқитын 6 мектептің, бала саны шамадан тыс 9 мектептің мәселелері шешілді.

«2025 жылы 26 441 орындық (бір ауысымда) 23 мектеп салу жоспарланып отыр. Барлығы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 90 мың орындық 24 мектеп салынады, оның 15-і қарқынды дамып келе жатқан Есіл (6 мектеп) және Нұра (9 мектеп) аудандарында орналасады. Жаңа оқу жылында 1,3  млн дана оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер сатып алынады. 20 тамызға дейін қаладағы барлық оқушылар оқулықтармен қамтамасыз етіледі.

8 «Жайлы мектепке» мұғалімдерге қажеттілік 792 адамды, техникалық қызметкерлерге 387 адамды құрайды» деді спикер.

Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Кенжегүл Бекимова білім беру ұйымдарында қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз етуде жүргізілген мониторинг барысын айтып өтті.

«Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлының білім алушылардың сапалы білім алу құқығын қамтамасыз етуді бақылау мақсатында берілген тапсырмасына сәйкес білім беру ұйымдарының жаңа 2024-2025 оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізілді. Мониторингпен Астана қаласындағы тәуекелді 20 мектеп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан 3 мемлекеттік мектеп қамтылды. Бірінші кезектегі міндет – оқу үдерісіне қатысушылардың барлығының денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмей, оқу жылын бастау.

Жалпы мониторингпен қамтылған мектептердің барлығы лицензияланған күзет қызметімен, дабыл түймелерімен, мектепке кіруді бақылау және басқару жүйелерімен, iшкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылған бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген.

Биыл 2 мемлекеттік (Астана қаласы әкімдігінің № 95, 96  мектеп-гимназиялары) және 6 жекеменшік («Vista school», «Urban school», «Perspective school», «Saqr Bin Mohammed Al Qasimi», «3D club», «Уорлдвайд эдукейшн») мектептер бас лицензия алды.

«Бүгінгі күні жаңа оқу жылында білім беру қызметін лицензиясыз бастау қаупі бар 1 мемлекеттік мектеп бар. Ол – №97 мектеп-гимназиясы. Сонымен қатар Астана қаласы әкімдігінің № 5 мектеп-гимназиясына биыл 9 қаңтарда қосымша құрылыс нысаны қолданысқа берілген. Ғимаратта 600 бастауыш сынып оқушылары білім алады. Алайда бүгінгі күнге дейін ғимаратқа техникалық акт, нормативтік талаптарға сәйкес рұқсаттама қорытындылары алынбаған. Қыркүйек айында лицензиясыз және лицензия­ға қосымшасыз қызметін бастаған мектептер анықталған жағдайда, әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Бұл мәселе бойынша департамент тарапынан білім беру ұйымдарының басшыларына тиісті хабарламалар жолдап, түсіндіру жұмыстары жүргізілді» деді К.Бекимова.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button