БілімСұхбат

МЕКТЕПТЕР САНИТАРИЯЛЫҚ НОРМАҒА САЙ

ERA_6869

Жаңа оқу жылына дайындық барысы мектептердің тек материалдық-техникалық базасын ғана емес, жалпы санитариялық тазалықты жан-жақты пысықтайтын сәт. Ол жөнінде Астана қаласы бойынша Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі департаменттің мектепке дейінгі, балалар және білім беру объектілерін санитариялық-гигиеналық бақылау бөлімінің меңгерушісі Елена ТАҚАМБАЕВАДАН сұрап білдік.

– Жаңа оқу жылының қарсаңында мектептерге санитарлық-гигиеналық тұрғыда тексеріс жүргізілді ме?

– Таяуда ғана Білім басқармасы өкілдерінің қатысуымен мектептерді оқу үдерісі, тамақтандыру және оқушыларға медициналық қызмет көрсету бойынша кешенді санитариялық-гигиеналық тексеріс жүргіздік. Өздеріңіз білесіздер, елорданың орта білім саласындағы түйткілді мәселенің бірі – кейбір мектептерде үш ауысыммен оқу. Биыл жалпы саны 4800 орындық төрт мектептің пайдалануға беріледі. Нәтижесінде сол жағалаудағы №59, 66 мектептердегі шамадан тыс жүктеме жеңілдетіледі. Алайда, бір айта кетерлігі №8, 54 мектептер маңайындағы, қаланың ескі орталығы, Силикатный кенті, бірқатар ықшам аудандардағы халықтың тығыз орналасуына байланысты ауысыммен оқу әлі де сақталады. Алайда мұның бәрі уақыт өте шешілетін мәселе.

– Оқушылардың тамақтан улануы жиі кездесетін жағдай. Осы тұрғыда мектеп асханаларындағы ахуал қалай?

– Қазіргі таңда кейбір мектеп асханаларындағы бұрын-соңды жетіспеген тоңазытқыш жабдығы, ыдыс-аяқ сатып алынды. Асхананы жалға алушылар түгелдей медициналық тексеруден өтті. Азық-түлік жеткізушілермен келісімшарт жасалды. Оған қоса айтарымыз, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті асхана жұмысшылары мен білім мекемелері жанындағы медициналық қызметкерлерге балалардың тамақтандыруын дұрыс ұйымдастыру, соматикалық және жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша арнайы семинар да өткізді. Мектеп директорларының есебі бойынша, алғашқы дәрігерлік көмекке қажет дәрі-дәрмек, дезинфекциялаушы заттар дайын әрі жыл бойына толықтырылып отырылады.

– Осы орайда көп ата-аналар оқушы сөмкесінің тым ауырлығымен қатар, сынып бөлмелеріндегі алаңсыз оқуға жағдай жасалмағанына шағымданып жатады…

– Әлбетте, ондай мәселенің барын жоққа шығара алмаймыз. Мектеп директорларының қатысуымен өткізілетін жиналыстарда оқушылардың арасында тірек-қозғалтқы ауруларының (сколиоз, омыртқаның майысуы) алдын алу мақсатында мектеп жиһазын жабдықтағанда жас пен бойды ескеру керектігін бірнеше мәрте көтергенбіз. Ол тұрғыда биыл едәуір ілгерілеу бар екеніне куә болдық, өйткені бірқатар мектептер айтқан сынымызды ескеріп, нақты іске көшті. Сонымен қатар, 14 мектепте оқу кабинеттеріндегі вольфрамды шам люминецентті шамға ауыстырылды. Жалпы, бұл бағыттағы тексерулер тек жыл басында ғана емес, оқу барысында тоқтамайтынын ескерткіміз келеді.

Әділбек ЖАПАҚ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button