Руханият

Мектептерге тұлғалар есімі беріледі

Жақында Нұр-Сұлтан қаласы ономастика комиссиясының отырысында бас қаладағы кейбір мектептерге белгілі тұлғалар есімін беру туралы ұсыныстар қолдау тапты. Ұрпақ тәрбие­сінде маңызы зор мәселе жайлы ұсынысты Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп қалалық мәслихат сессиясында мәлімдеген еді.

[smartslider3 slider=1130]

Біріншіден, қаладағы №11 мектеп-лицейге көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым, этнограф Өзбекәлі Жәнібектің есімін беру туралы айтылды.

«Өздеріңіз жақсы білесіздер, биыл – Өзбекәлі Жәнібековтің 90 жылдығы. Ол Кеңес Одағының соңғы жылдары жауапты қызмет атқарып, төл руханиятымыздың, мәдениетіміздің дамуына, оның қайта түлеуіне орасан зор үлес қосты. Екінші ұсыныс, №69 мектеп-гимназияға археолог, тарих ғылымдарының докторы, белгілі академик Кемел Ақышевтың есімін беру. Кемел Ақышұлы – Қазақстан археологиясының негізін қалаушылардың бірі. Ол – саналы ғұмырын отандық тарих, археология ғылымын дамытуға арнаған ірі ғалым. Оның Есік қорғанындағы әйгілі «Алтын адамды» тапқанын, ежелгі Отырар, Сарайшық қалаларын зерттегені – осы сөзімізге айқын дәлел. Сонымен қатар №2 балалар музыка мектебіне күміс көмей әнші, Қазақстанның және бұрынғы КСРО Халық әртісі, Халық Қаһарманы Роза Бағланованың есімін беру керек. Келер жылы Роза Тәжібайқызының туғанына 100 жыл толады. Оның қазақ музыка өнеріне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ал №3 балалар музыка мектебіне әйгілі опера әншісі, педагог, КСРО Халық әртісі, Қаз КСР Халық әртісі, профессор, Социалистік Еңбек Ері Ермек Серкебаевтың есімін беруді ұсынамыз. Ермек Бекмұхамедұлы қазақтың ән өнерін төрткүл дүниеге паш етіп, әлемдік биікке көтерген тұлға екені баршаға аян. Сондай-ақ №66 мектеп-лицейге көрнекті мемлекет қайраткері, Қазақстанды ширек ғасырға жуық басқарған Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру қажет. Дінмұхамед Ахметұлының ел дамуына қосқан үлесін баршамыз жақсы білеміз» деді басқарма басшысы.

Мәслихат отырысында мектептерге есім беруге байланысты айтылған алтыншы ұсыныс – №83 мектеп-гимназияға қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы Ыбырай Алтынсариннің есімін беру туралы болды. Әрине, қиын-қыстау кезеңде бала оқытып, алғашқы қазақ мектептерін ашқан Ыбырай Алтынсариннің есімін қалай ұлықтасақ та жарасады. Ал тілді тереңдетіп оқытатын №77 мектеп-гимназияға ақын, халық жазушысы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Фариза Оңғарсынованың есімін берудің мәні өте зор.

«Осыған орай, сіздердің қарауларыңызға «Нұр-Сұлтан қаласының кейбір білім беру ұйымдарына атау беру туралы» Нұр-Сұлтан қаласы əкімдігінің қаулысы жəне Нұр-Сұлтан қаласы мəслихатының шешімі жобасы енгізіліп отыр. Көрсетілген жоба ҚР қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейді жəне нормативтік-құқықтық актілерге қойылатын талаптарды бұзбайды» деді спикер.

Ұсыныс қолдау тапқан жағдайда Нұр-Сұлтан қаласы əкімдігінің қаулысы жəне Нұр-Сұлтан қаласы мəслихатының шешімі ҚР заңнамасында белгіленген тəртіпте ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясының қарауына енгізіледі.

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button