Мемлекет басшысы Қазақстан этностары театрларының фестивалін өткізуді ұсынды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында этнос театрларының фестивалін өткізуді ұсынды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
– Үшіншіден, «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын жүзеге асыру үшін мәдениет пен өнердің әлеуетін толық пайдаланған дұрыс. Александр Пушкин, Тарас Шевченко, Федор Достоевский, Михаил Шолохов және басқа да тұлғалардың музейлері – Қазақстан мәдениетінің баға жетпес қазынасын толықтырып тұр. Бұл музейлерді көпшілікке таныту үшін экспозицияларын Астана мен Алматыда ұйымдастыру маңызды. Кейбір этномәдени бірлестіктер бірегей өнер және этнографиялық жеке коллекцияларды жинады. Бұл да еліміздің мәдени мұрасына айналуға тиіс. Қазақстанда 9 орыс драма театры табысты жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ ерекше төрт этнос театры, яғни, ұйғыр, корей, өзбек және неміс театрлары көрерменнің көзайымы болып жүр. Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Алматыда бәрінің басын қосып, Қазақстан этностары театр өнерінің фестивалін өткізсек болады. Халық көп келеді деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, Президент Наталья Дубс көтерген театр мен мәдениет саласына техникалық мамандарды даярлау мәселесін орынды деп бағалады.
– Бұл бастаманы зерттеп, оны жүзеге асыруға көмектесу қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІV сессиясы өтіп жатыр.
Кеңейтілген отырыстың күн тәртібі — «Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы: қорытындылар және болашақ міндеттер».