Мемлекет кімге көмектеседі?
Үкіметте энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру бойынша баспасөз конференциясы өтті. Жиынға Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, Ұлттық экономика министрінің орынбасары Арман Қасенов, Энергетика министрінің орынбасары Сұңғат Есімханов, Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Олжас Сапарбеков, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Олжас Анафин, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаев қатысты.
27 зауыт салынады
Қанат Бозымбаев энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бағдарламасына қай өндірістің өнімдері пайдаланылатынын түсіндіріп берді. Вице-премьер энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба екі негізгі блоктан тұратынын айтты. Біріншісі – алдағы 5 жыл ішінде 7300 мегаватқа жуық қамтамасыз етіп, генерациялау. Оған 6 трлн теңгеден астам қаржы жұмсалуда. Біз осы уақытқа дейін 6,4 трлн теңгені таргеттеп жатырмыз. Жобаның екінші бөлігі – коммуналдық желілерді жаңғырту. Мұндағы инвестициялардың жалпы сомасы шамамен 6,8 триллион теңге болады. 10 пайыз көлемінде құбылуы да мүмкін. Ол ақшаға 86 мың шақырым коммуналдық желіні жаңартып, жаңғырту және дамыту қажет. Аталған жоба аясында инженерлік желілерді жаңғыртуға 6,8 трлн теңге инвестиция керек.
Төрттен бірі ғана пайдаланылады
Ұлттық экономика министрінің орынбасары Арман Қасенов аталған ұлттық жобаға БЖЗҚ қаражатын пайдалану туралы шешім қабылданған күннің өзінде қажетті соманың төрттен бірі ғана пайдаланылатынын айтты.
«БЖЗҚ қаражаты жыл сайын шамамен 4 трлн теңгеге толығып отырады. Ал бұл ұлттық жобаны іске асыру үшін жылына шамамен 1,5 трлн теңгедей қаражат кетуі мүмкін. Бағдарламаға БЖЗҚ ақшасы пайдаланылуы да мүмкін, алмауымыз да мүмкін. Алсақ, қажетті соманың 25 пайызын ғана БЖЗҚ-дан қаржыландырамыз» деді ол.
Коммуналдық қызметтер тағы қымбаттайды
Арман Қасенов Үкіметтегі брифингте Қазақстанда электр энергиясына тарифтері «ақылға қонымды шекте» қымбаттайтынын мәлімдеді.
«Ақылға қонымды шектерде тарифтердің ең төменгі өсімі болады. Инвестициялық бағдарлама орындалады, бірақ оған қызмет көрсету мерзімі 20 жылға созылады. Біз барлық есептеуді жасадық. Бұл – болжамдар емес, талдауға негізделген тұжырымдар. Өсім аз болады» деп түсіндірді А.Қасенов.
Тұрғын үй төлемақысы кімдерге беріледі?
Қазақстандықтар коммуналдық қызмет тарифі көтерілген жағдайда тұрғын үй көмегіне жүгіне алады. Төлемнің кімдерге тиесілі екенін Қанат Бозымбаев түсіндіріп берді.
«Коммуналдық қызмет тарифі жиынтық отбасылық кірістер шығынынан 5 немесе 10 пайыздан асқан жағдайда тұрғын үй көмегі төлемі тағайындалуы мүмкін. Бірақ ол барлық қазақстандыққа бірдей төленбейді» деді ол. Сондай-ақ БАҚ өкілдері вице-премьерге бюджет қаражаты барлық төлем алушыға жеткілікті ме деген нақтылау сауалын қойды. «Әрине, біз белгілі бір санаттағы азаматтарды, яғни отбасыны қарастырамыз, қолдан келеді деп ойлаймын» деп жауап берді Үкімет басшысының орынбасары.
Ресей Қазақстанда 3 ЖЭО салады
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Ресей компаниясы Қазақстанның үш қаласында салатын жылу электр орталықтары жайлы сұраққа жауап берді.
«Үш жылу электр орталығын салуға Үкіметтің келісімі бар. Жұмыстар істеліп жатыр. Тапсырыс беруші ретінде «Самұрық-Энерго» компаниясы бекітілген. Жалпы Ресей тарапы өз станцияларын мердігер ретінде тек салады. Салып болғаннан кейін ол станциялар «Самұрық-Энерго» компаниясының құзыретінде болады. Ешқандай Ресей тарапына ауыспайды. Ақпарат жалған. Орталық салынғаннан кейін тариф бекітіледі де, содан кейін бастап инвестицияны қайтару басталады» дейді ол.
«Тарифтерді де Ресей компаниясы белгілемей ме?» деген сұраққа вице-министр «жоқ» деп жауап берді. Оның айтуынша, барлық тарифті Қазақстанның Энергетика министрлігі бекітеді.
АЭС-ті кім салады?
Сұңғат Есімханов АЭС құрылысымен айналысатын ел маусым айында белгілі болатынын мәлімдеді. Вице-министрдің сөзінше, қазіргі таңда вендорды (сауда таңбасын иеленуші ұйым не жеке тұлға) анықтау жұмысы жүргізіліп жатыр.
«Қажет жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірнеше сұрақ дайындап қойдық. Ол бойынша кері байланыс беріледі. Бірінші жартыжылдықтың соңында сол жұмыстар бойынша нәтиже шығып, алдын ала нәтиже белгілі болады. Бірінші жартыжылдықтың соңында вендор анықталады. Шамамен маусым айында» деді С.Есімханов.
Келесі аптада жарияланады
Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты тергеудің алдын ала есебі келесі аптада жарияланады. Бұл туралы Қанат Бозымбаев Үкіметтегі баспасөз мәслихатында мәлім етті.
«Ұшақ апатында қаза тапқан азаматтардың отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді. Жоспар бойынша 5 млн-нан төленуі тиіс болған. Жерлеу рәсімі мен мәйітті тасымалдау жұмысы әкімдерге жүктелді. Алдағы аптада демеушілердің есебінен тағы да көмек көрсетіледі. Зерттеу жұмысына келсек, қазір қарқынды жүріп жатыр. ИКАО-ның талабына сәйкес, бір айдың ішінде тергеудің алдын ала қорытындысы жариялануы керек. Келесі аптада Көлік министрлігі тиісті ақпаратты жариялайды» деді Қанат Бозымбаев.
Төлен ТІЛЕУБАЙ