Елорда тынысы

Мемлекет тірегі – азаматтық қоғам

Астана қаласындағы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне орай елдегі белсенді азаматтық қоғам өкілдері бас қосып, атқарылған іс-шараларға есеп беріп, бірлесе атқаратын бастамаларын белгіледі.

Президент атағандай, Жаңа Қазақстанның тірегі – мықты азаматтық қоғам. Ал азаматтық қоғам құруда үкіметтік емес ұйымдар маңызды рөл атқарады. Өйткені үкіметтік емес ұйымдар халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, қоғамдық диалогтың қалыптасуына ықпал етеді.

Содан болар, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Сүлейменова, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев және Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

– 2022 жылы 20 қарашасында өткен Президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевты бірнеше қоғамдық бірлестік кандидат ретінде ұсынды. Яғни Қазақстанның Азаматтық альянсы, Ұлттық волонтерлік желі, «Qazaqstan Team» жастар бірлестігі, Ардагерлер ұйымы және тағы басқасын атауға болады. Бұл – елдегі үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін көрсететін құбылыс.

Ел бойынша 22 мыңнан астам ҮЕҰ тіркелсе, оның 17 мыңынан астамы белсенді жұмыс істейді. Мемлекет жыл сайын 2 мың әлеуметтік маңызы бар жобаны ҮЕҰ-мен өзара байланыс арқылы іске асырады. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде, 2022 жылы 500-ден астам жұмыс орны құрылды, 32 мыңнан астам бенефициар нақты көмек алды, оның ішінде 3000 ерекше қажеттілігі бар, 60-тан астам әлеуметтік қызмет пен орталық құрылды, – деді қоғамдық ұйымдарды дамытуға жауапты министр Дархан Қыдырәлі.

Елдегі үкіметтік емес ұйымдар белсенді жұмыс істейді. Әсіресе, ерекше жандар мен аутизммен ауыратын балаларды қолдау бағытында ауқымды іс бітіруде.

Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиеваның сөзінше, үкіметтен тәуелсіз жұмыс істеп, қоғамдағы маңызды мәселелерді алдыға шығарып, оларды шешуге ұмтылған ұйымдардың белсенділігі ел дамуында маңызды рөл атқарады.

Бүгінде азаматтық қоғамның дамуына мүдделік танытып, үкіметтік ұйымдарға жетекшілік ететін азаматтар Сенат депутаты ретінде іске кірісті. Соның бірі – Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай.

Іс-шара барысында үкіметтік емес ұйым­дардың белсенді мүшелері марапатталды.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button