Референдум - 2022

Мемлекетімізді модернизациялауға бағытталған

Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде референдум өткізудің мақсаты не? Басқа да заңдарды жаңадан қабылдаудың қандай қажеттігі бар?

[smartslider3 slider=3071]

Бұл – қоғамдық-саяси қажеттілік, уақыттың талабы. Азат елдің рухымен суарылған ұрпақ алдында жаңа міндеттердің пайда болуы – табиғи заңдылық. Туындаған күрделі қиындықтан жол табу, батыл шешім қабылдау – еліміздегі ең жоғары лауазымды тұлға.

Мемлекет басшысының ұтымды ұйғарымы, тұтас қоғамның қасиетті борышы – әр адамның азаматтық парызы. Өмірде бұлжымайтын құндылық бар болса, біздіңше, ол – ұлттың ар-ұжданы, ұяты мен намысы, бірлігі мен сенімі.

Ал саяси реформа – мемлекеттік басқарудың жаңа тетіктерін қосу, әлеуетін арттыру деген сөз. Тәуелсіз – еліміздің жаңа кезеңі, тың бастамасы. Референдум – тағдыршеш түйінді мәселені көпшілікпен бірге шешетін рәсім, халықтың талабы мен таңдауы таразыға түсетін тұс. Өмірді, тұрмысты жақсы жағына өзгерту үшін қалыптасқан билік тармақтары өкілеттіктерін қайта бөліп, бекіту жеткіліксіз болар еді. Шынтуайтында, референдумға ұсынылып отырған толықтырулар мен түзетулер елімізді модернизациялауға бағытталып отыр. Түбегейлі өзгерістер ғана мемлекеттің дамуына серпін беріп, отандастарымыздың санасына, сезіміне ықпал етеді.

«Әлемнің өзгеруін қаласаң, сол өзгерудің алғашқысы өзің бол!» деген екен Махатма Ганди.

Бұл үрдіс, бәзбіреулер айтып қалғандай, халықты кезекті алдарқату емес. Керісінше, оны біріктіретін, жұмылдыра түсетін таудай талап, теңіздей тілек.

Түсінікті, қарапайым тілмен жазылған әділ заңға түгел бағынатын болсақ, оның үстем болары хақ. Ал оған мойынұсынбай, өзіміз қабылдаған заңға атүсті қараудан арылмасақ, көннің қайта қатайып, орнына келгенімен бірдей болмақ. Заңсыздық пен әділетсіздіктің, теңсіздік пен тиянақсыздықтың теперішіне түсеміз. Өкінішке қарай, ондайды бастан өткерген елдердің қатарында аз-кем болғанымыз да жасырын емес. Бағзыдан қалған қанатты сөз бар. Мәнін еске салсақ, «саясаттың екі серті бар, бірі – асықпау, екіншісі – кешікпеу». Сондықтан, біздің ел ғана емес, әлем жұрты құлағын түріп отырған референдум дер кезінде өткізіліп отыр деп пайымдаймыз.

Жалпы, шала-жансар немесе жұмыс істемейтін өлі заң мемлекеттің қабырғасын сөгеді, имансыздыққа жол ашады. Баршаның бірдей орындауы тиіс заң ғана тәуелсіз еліміздің ұстынын мықтайды, мерейін асырып, мәртебесін айқындайды. Қатаң тәртіпке бағынуды баянды ететін демократияны дамытады, жаңарған қазақстандық жолымыз өркениетті даңғылға айналады. Бұл біздің бүгініміз бен ертеңіміз үшін маңызды.

Шешуші кезеңдегі қадам барша халқымызға құтты болсын!

 Дархан МЫҢБАЙ,

Парламент Мәжілісінің депутаты

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button