Мемлекетшіл ұстанымның жаршысы
Журналистиканың бір қасиеті сол – оны қаламы қарымды, ойы ұшқыр, сөзге шешен, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» иесі бола білген адамдар жасайды. Сол журналистиканың ыстық, суығын түгел көрген, қадір-қасиетін басынан өткізген жандардың бірі профессор Намазалы Омашұлы деп білемін. Тіпті, кеңестік журналистиканы тәуелсіз ел көсемсөзіне ұластырған, осы жолдың шырақшысы болған «Алтын көпір» иесі деп бағалаймын.
Бұл тұжырымға мынадай негіз бар: біріншіден, журфакта білім алған күндерден бері 50 жыл сөз құдіреті арқылы еліне қызмет етіп келеді; екіншіден, қазақ журналистикасындағы трансформациялық өзгерістердің тұжырымдамасын жасап, ғылыми бағасын беріп жүр; үшіншіден, мыңдаған шәкірттері Омашевтың мағыналы дәрістері арқылы шыңдалды, кәсіби жолға түсті; төртіншіден, еліміздегі жетекші екі факультеттің абыройын биікке көтерді (декан Омашев ҚазҰУ-дың оқу жүйесін әлемдегі үздіктерге теңестірсе, ЕҰУ-дың журфагын өз қолымен құрып берді); бесіншіден, мемлекеттік идеологияны қалыптастырып, жетілдіруге бір кісідей үлес қосты, журналистиканың құндылықтарын қызғыштай қорғап жүр, әсіресе, ұлттық ақпараттық қауіпсіздік туралы сөз байламдары аса құнды; алтыншыдан, мойындалмай жүрген журналистика ғылымын жүйеге түсіріп, тіл білімінен аражігін ажыратып, концепцияларын айқындап, ізбасарларын тәрбиелеп, ғылыми мектебін құрап берді; жетіншіден, азамат ретінде де журналистер қауымы арасында орасан беделге ие болып, көшбасшылық пен қарапайымдылықты қалай қатар алып жүруге болатынын үлгі етіп көрсетіп келеді. Яғни қай қырынан алсаң да қазақ журналистикасының кешегісі мен бүгінгісін жалғастырушы, жақсылығын асқақтатып, жамандығын бетке басқан тұлға ретінде де қадірлейміз. «Қазақ сөзінің ең құнарлысы осы» деп көзі қарақты оқырманға 10-томдық «Алаш көсемсөзін» ұсынды. Еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдығын кең насихаттап, өткен ғасырдың қырқыншы жылдарына дейінгі газет тігінділерінен інжу-маржанын теріп, 5 томдық кітапты дүниеге әкелді. Профессор Намазалы Омашевтың ғылыми және публицистикалық мұрасы еліне, шәкірттерге әлі де ұзақ уақыт еңбек ететіні айдан анық.
Қырғыз мемлекеттік университеті журналистика факультетінің мерейтойы өтіп жатыр. Мінбеге ЮНЕСКО-ның Орталық Азиядағы журналистика мен бұқаралық қатысым кафедрасының меңгерушісі, профессор Намазалы Омашев көтерілді. Әріптестеріне көрші елдің ыстық ықыласын жеткізе келіп, «Қырғыз ағайындар, сіздер еліктегіш болып бара жатырсыздар. Біресе орыс болғыларыңыз келеді, енді бірде Америкаға құшақ ашасыздар, қазаққа да қызыға қарайсыздар. Соның бәрін құптамаймын, қырғыздың өз жолы, биік мұраты болуы тиіс деп есептеймін» дегенде, алғашында тосырқап қалған зиялы қауым, артынша ду қол шапалақтап, қуаттап кетті. Әсіресе, ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне келгенде еш жалтақтықтың қажет еместігін, бір ғана асыл мұрат болатынын, ол ұлттық мүдде екенін журналистиканың профессоры Намазалы Омашев биік мінбелерден жиі айтып жүр.
Халықаралық «Орбиком» ұйымы – ЮНЕСКО-ның әр елдегі кафедраларының жұмысын үйлестіреді, ғалымдар мен оқытушылардың пікірлесетін кеңістігі, яғни диалог платформасы. Осы мәртебелі ұйымның Қазақстаннан жалғыз мүшесі Намазалы Омашев 2000 жылы Канаданың Монреаль қаласында өткен ЮНЕСКО-ның мыңжылдықтың білім конференциясына қатысып, білім берудің болашағын анықтауға үн қосты. Шәкірт адамзаттың асыл ойы, ақыл-білімі мен ортақ құндылықтарын қалай игерсе, сондай дәрежеде ұлттық құндылықтарын толық сіңіруі қажет, туған тамырынан ажыратуға болмайды деген қағидаттарды қуаттады. Сондай-ақ ЮНЕСКО профессоры әр жылдары әлемнің Париж, Лас-Вегас, Сеул, Мәскеу сияқты қалаларында өткен ғылыми конференцияларға қатысып, үлкен мінбелерде баяндама жасады, Қазақ елін жалпақ дүниеге танытты. Соның бәрінде ұлттық мүддені, халықтық жауһарларды жас ұрпаққа сіңірудің маңызын шегелеумен болды.
Намазалы Омашұлының жемісті жылдары тәуелсіздікпен тұспа-тұс келді, ұстаздарының жолын жалғап, көсемсөз дәрежесін жаңа қырға алып шықты, БАҚ-тың билік санасатындай қоғамдық орнын айқындап берді. Бұл бір адамның еңбегі десек, әсіре айтқандық болар. Профессордың тірегі елі болса, қос қанаты: әріптес аға-інілері мен шәкірттері еді. 1995 жылы журфакқа басшы болды. Мәскеу билігінен іргеміз алшақтап, экономикалық байланыстар үзілген елең-алаң кезең. Қиындық көп кездессе де, Алаш мұратын жүзеге асырудың жаңа сәті туды. Жас басшы Намазалы Омашұлы да білекті сыбанып, іске кірісті, жиі пікірлесіп, арқа тұтып жүрген Зәки Ахметов, Зейнолла Қабдолов, Зейнолла Серікқали, Камал Смайылов, Шерияздан Елеукенов, Жұмағали Ысмағұлов, Тұрсынбек Кәкішев сынды ғалымдармен кеңесіп, батыл қимылдады. Тәуелсіз елдегі журналистік білім берудің жаңа стандарттары жасалып, онда елдік мұраттар алдыңғы қатарға шықты, ұлттық құндылықтар орнықты. Факультет халықаралық байланыстарын орнықтырып, Қазақ елін шет мемлекеттерге танытты. Ұзақ жылдар ҚазҰУ-дың журналистика факультеті деканы, ұлттық университет проректоры қызметтерін атқара жүріп, журфактың дамуына, онда сапалы білім беруге көп мән берді. Зиялы ортада журналистиканы ғылым ретінде мойындатуға көп күш салды. Журналистикадан ғылыми атақ қорғайтын кеңес ашты, бірнеше ғылым докторы мен 50-ден аса ғылым кандидаты диссертация қорғап, қазақ журналистикасы ғылымының өзекті мәселелері ғылыми айналымға енгізілді. Баспа ісі, халықаралық журналист, қоғаммен байланыс мамандықтары өмірге келіп, дамыды. Түрік, неміс, корей, ұйғыр тілдерінде журналист даярлайтын бөлімшелер ашылып, ұлттық баспасөзге мән берілді.
Намазалы Омашұлының 50 жылдан асатын ұстаздық еңбегінің жарқын бір жемісі – қазақ журналистикасында жарқырап жүрген, елдік рухтың жалаушысы жүздеген шәкірттері бар. Өзі де қаламнан қол үзбей, елдік сөздің де тізгінін ұстады, өткір айтатын, біліп, көріп айтатын публицист ретінде танылып жүр. Бірнеше көсемсөз жинағы мен ғылыми монографиясы жарық көрді. Болашақ журналистерге арналған оқулықтары ұлттық қорға олжа болып қосылды. Ұстаз-ғалым 2007 жылы журналистика саласындағы ең жоғары марапат – ҚР Президентінің арнайы сыйлығына ие болды. «Журналистикасы жалтақ ел тоқырайды» деген сөзді айтқан қайраткермен билік те санасып, осы саладағы сан қырлы еңбегіне осылай баға берді.
Н.Омашев Батысты да, Шығысты да бір кісідей зерттеді, іссапармен АҚШ-та бірнеше рет болып, журналистік білім беру тәжірибесімен бөлісті. Түркия журналистикасымен етене таныс. Қызы Әсел сол елдің қазағына ұзатылып, құдалар арасалып, Түркия да алыс-беріс еліне айналған.
Әдетте журналисті көшбасшы деп қабылдайды. Жаңа ойдың басында сөз зергерлері тұратыны рас, ұлттық мүдде, елдік рухтың жаршысы да, «күзетші иті» де журналист. Намазалы Омашұлы – журналистік еңбек пен ғылымды берік ұштастырған тұлға. Ұлттық мүддені жеке бас мүддесінен биік қойып, осы жолда күш-қайратын сарп етіп жүрген қайраткер ағамызды егемен Қазақстан журналистика саласының жүйе құрушысы деп айтуға болады. Өйткені журналистік ғылым, білім, тәжірибенің бір азамат төңірегінде өрбуі сирек құбылыс, ал Намазалы Омашұлына қатысты заңды, жарасымын тауып-ақ тұр.
Кезінде профессор Н.Омашев Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Журналистика мәселелерін зерттеу институтын құрып, алғашқы басшысы болды. Мұнда іргелі зерттеулер жүргізіліп, әсіресе, Алаш мұрасының хрестоматиясын жасауда, қазақ журналистикасының даму үдерісін бағалауда кешенді шаралар жүзеге асты. Профессор ретіндегі оқыған елдік дәрістері өз алдына бір төбе.
Мен Намазалы Омашұлының ерекше ұйымдастырушылық қабілетін Қазақ ұлттық университетінде тіл және тәрбие жөніндегі проректор болған жылдары аңғардым. Бір ғана дәйек: 2004 жылы университетке 70 жыл толып, Наурыз тойы ерекше салтанатпен аталып өтті. Университеттің мыңдаған студенттері ешкімнің айдауынсыз көпшілік сахналық көріністерге қатысты, ҚазҰУ қалашығы мен стадионында ондаған ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық салт-дәстүр айрықша көрініс тапты. Сол тойға әр оқытушы-профессор өзіндік қолтаңбасын қосты, нағыз бұқаралық мерекеге айналды. Ұлттық бояу мен нақыш, өнегелі іс-қимыл тұтаса келе, айтып жеткізуге келмейтін аураны туғызды. Сол бір ұлттық рух ұлықталған күн күні кешегідей көз алдымда, ол бітіріп кеткен студенттер жадында да мәңгіге қалды деп ойлаймын. Сол тойға куә болған қонақтар, негізінен шет мемлекеттер елшілері сол күні-ақ таңданысын жасыра алмай, «нағыз Наурыз тойы осы екен ғой!» деген еді. Сонда Нәкеңнің психологтық даралығына таң қалғанмын. Әркімнің қабілетін дөп таниды, соған лайық тапсырма береді. Сенің дауысыңнан-ақ ерік-жігеріңді, ұмтылысыңды анық басады. Содан болар, еңбек нәтижесі де жемісті болатын, ешкім ұятқа қалдырмайтын, жалған сөйлей алмайтын.
Мемлекеттік гимн орындалғанда қолды жүрек тұсына қоюды алғаш рет ҚазҰУ студенттері өнеге етіп, кейін қолдау тауып кетті. Бұл қарашаңырақтың 70 жылдық мерекесі күні болатын. Студенттер сарайында салтанатты жиын болып, оған мемлекет басшысы Н.Назарбаев қатысты. Әнұран орындалғанда залдағылар оң қолын жүрек тұсына апарып, тына қалды. Осы көрініс әсер етсе керек, Президент сол кездегі протокол басшысы, қазіргі ҚазҰУ басқарма басшысы – ректор Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевқа «мынау мемлекетшіл нышан ғой, түртіп ал! Кең тарату қажет» деген пәрмен берді. Осылай Нәкең басшылықта болған кезде ҚазҰУ жастарының ұлттық рухы асқақтап, біраз мәселе ұлт пайдасына шешіліп жатты.
Ұстазымның бірге өскен достары, ауылдастарымен кездесіп қалғанда, Нәкең туралы тек жақсы айтады, оның қайсарлығы мен табандылығына, намысшылдығына тоқталады, қағылез мінезі мен әңгімешілдігін үлгі тұтады. Жастайынан қатарының алды болған өршіл Омашев өсе келе де ауылының, елінің көркеуіне шама-шарқынша үлесін қосты. Еңбегі ескеріліп, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» мен «Жамбыл облысының құрметті азаматы», «Мерке ауданының құрметті азаматы» атақтарын алды. Басқа да марапаттары көп.
Нәкеңнің курстас достары шетінен сайдың тасындай сақа жігіттер мен қыздар – 5 ғылым докторы, мемлекеттік марапат лауреаттары, ел таныған журналистер мен ақындар. Курсты Нәкең көркейтсе, курстастары Нәкеңді құрметтеуде. Омашевтар отбасының өнегесі де өз алдына жеке әңгіме, кезінде баспасөзде жазылды. Екі ұлы азамат болып, еңбекке араласқан, отбасын құрған, Нәкеңе ең тәтті немерелерін сүйгізіп отыр. Міне, осыдан мен Нәкең жүрген жерін көркейтіп жүрген азамат деген қорытындыға келдім. Бірге оқыған курстас достары да Намаз біздің староста, лидер деп мақтан тұтады. Намазалы Омашұлы журфакты жаңа биікке көтергені, ҚазҰУ-дың көркеюіне бір кісідей үлес қосқаны баршаға аян.
«Ұстаз болу жүректің батырлығы» деген екен ақын Ғафу Қайырбеков. 50 жыл жоғары мектепте маман тәрбиелеумен айналысып келе жатқан Намазалы Омашев та әр сабағын, әр шәкіртімен тілдесуін жүрегінен өткізіп келеді. Кәсібіне адалдықты ұстаз өзі өнеге етіп жүр. Заңғар ғалым, жазушы Зейнолла Қабдолов шын ықыласымен «…Ұстаз деген ардақты атты кіршіксіз таза күйінде алып жүргендердің бірі, бірегейі десе де болады, ол – мына отырған менің Намазалы шәкіртім» деп ағынан ақтарылған еді.
«Бақытымды қазақ журналистикасынан тапқан жанмын» деген сөз иесі профессор Намазалы Омашевты жүрген жерін көркейткен, осы биік мақсатқа бар қайрат-жігерін аямай жұмсаған қайраткер тұлға деп танимыз. Мемлекетшіл идеологияның жаршысы бола білген ағамыз, ұстазымызды 75 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, өзіне зор денсаулық, күш-қайрат, еліне тыныштық пен өркендеуді тілейміз!
Аязби АҚБЕРГЕНҰЛЫ,
Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің профессоры