Мемлекеттік архив жұмысымен танысты
«Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» РММ Астана қаласының мемлекеттік Архивінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Бұл мекемелер құжаттарды сақтау мен қайта қалпына келтіру бағытындағы серіктес ұжымдар.
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының басшысы Жандос Болдықов бастаған бір топ Орталық мамандары Астана қаласы мемлекеттік архивінің бас ғимаратына жұмыс сапарымен келді.
Олар астаналық архив ғимаратымен, заманауи технологиялармен жабдықталған қоймасымен, реставрациялау зертханасы, цифрландыру қызметімен, тарихи құжаттарды сақтау, мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерімен танысты. Кездесу барысында алдағы уақытта мамандар арасында тәжірибе алмасу және бірлесіп жұмыс жасау мәселелері талқыланды.
Ұлттық орталықтың мамандары Елорда Архивінің құжаттарды қабылдау, сақтау, электрондық форматқа көшіру процесі мен реставрация зертханасы туралы толық ақпарат алып, пікірлермен бөлісті.
Кездесу барысында елорда архивінің басшысы Жангелді Бимолдин архив құжаттары бойынша әзірленген «Қарақойын болысына қатысты кейбір архив деректері», «Елорда – тәуелсіздік символы», «Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы қазақстандықтардың ерлігі – архив құжаттарында» жинақтарын меймандарға сыйға тартты.