Елорда тынысы

Мемлекеттік қызмет – мәртебелі міндет

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті жастардың мемлекеттік қызметке тұруын оңтайландыру мақсатында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде студенттермен кездесу өткізді. Жиында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңына енгізілген өзгерістер талқыланды.

Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету туралы тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік қызмет туралы заңға қатысты жаңашылдықтарды Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев атап өтті.

«Өткен жылдың желтоқсан айында енгізілген толықтыруларға сәйкес, енді жоғары оқу орындарының түлектері мемлекеттік тапсырыс аясында конкурстық іріктеусіз «Б» корпусының кейбір төменгі әкімшілік лауазымдарына жұмысқа орналаса алады. Оның ішінде жергілікті комиссиялар, орталық мемлекеттік органдардың әкімшілік лауазымдарына тағайындалады. Оқу үлгерімінің орташа балы (GPA) 3,33 балдан төмен болмайтын жастар жоғары оқу орнын тәмамдағаннан соң бір жыл ішінде мемлекеттік қызметке қабылданады. Бұл бастама білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың қабілетін арттыруға, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді» деді департамент басшысы.

Сондай-ақ студенттерге «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасының жүзеге асырылуы және Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу барысы туралы айтылды. Кездесу барысында бірқатар қатысушы жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалардан хабарсыз екенін жасырмады.

– Жоғары оқу орнын тәмамдаған жастар өз мамандығы бойынша тәжірибе алу үшін «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына жүгіне алады. Бағдарлама қатысушысы атанған жастарға ай сайын 107 мың теңге көлемінде төлем­ақы беріледі. Осы уақыт ішінде олар мамандықтың барлық қыр-сырын меңгеріп, әрі қарай жұмыс орнын таңдай алады, – деді Ә.Көмекбаев.

Ал Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ләззат Нұрқатова бұл кездесу студенттердің бастамасымен ұйымдастырылғанын атап өтті.

Мемлекеттік қызметке студенттердің қызыққаны сонша, кездесуде бос орын болмады. Жиынға қатысқандардың қатарында оқу орнының әлеуметтік жұмыс факультетінің 4-курс студенті Жансая Ілесбекова бар.

– Жастар үшін мемлекеттік қызметке орналасу талаптары жеңілдеді. Меніңше, бұл жоғары оқу орнын тәмамдай салысымен тәжірибе жинауға жақсы мүмкіндік бермек. Өз басым 3-курстан бастап ғылыммен айналысып, мемлекеттік қызметке қызығамын. Сондай-ақ «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінен» үш апта мерзімінде білікті мамандардан сабақ алдым. Қазіргі таңда тағылымдаманы сәтті аяқтап жатыр­мын. Болашақта осы салада өзімді көргім келеді, – деді ол.

Кездесуде көкейде жүрген сауал­дарына жан-жақты жауап алған студенттерге Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев оқуда сәттілік тілеп, олардың өндірістік тәжірибеден өтуіне көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button