Мемлекеттік қызмет мектебі

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің бастамасымен «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасының қатысушылары үшін оқытудың ашылуы өтті.
Іс-шараға қатысқан ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры Эльмира Оразалиева мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Мақсат Мусин жастардың мемлекеттік қызметке орналасудың маңызы мен жобаның ерекшеліктерін сөз етті.
– Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында елордада үшінші жыл қатарынан «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасы іске асырылып жатыр. Басты мақсат – елімізде дарынды, талантты және белсенді жастарды мемлекеттік қызметке жұмысқа тарту. «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасы – бітіруші түлектерге мансаптық жолын құрудағы алғашқы қадам. Жоба аясында студент өзінің құзыретін дамыта отыра, мемлекеттік қызметтің жай-күйімен танысады. Өз бағыты бойынша мемлекеттік органдарда өндірістік тәжірибеден өтеді. Жоба соңында арнайы сертификатпен марапатталады.
Жастар үшін бұл жобаның берері мол. Мәселен, ЖОО-да оқып жүрген жастар осы жобаның көмегімен мемлекеттік қызмет саласына қатысты пайдалы ақпаратты біліп, қызметтің жауапкершілік жүгін сезінетін болады, – деді М.Мусин.
Астана қаласындағы техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары мен жоғары оқу орындарының бітіруші түлектерінен 60-қа жуық өтінім түсіп, 27 белсенді студент іріктеліп, өз мамандықтарына сәйкес бағыттарға бөлінді. Солардың қатарында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті Ақназым Құрманбай бар.
«Жастар үшін мемлекеттік қызметке орналасу талаптары жеңілдеді. Меніңше, бұл жоғары оқу орнын тәмамдай салысымен тәжірибе жинауға жақсы мүмкіндік бермек. Өзім «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінде» екі жыл бойы оқып, білікті мамандардан сабақ алып келемін. Жоба тәжірибе алып қана қоймай, белсенді орта табуға, өзімнің жаңа қырларымды ашуға септесті. Мұнда біз білікті сарапшылардың басқару психологиясы, менеджмент секілді сала бойынша түрлі тренингтерінен өтіп, әр саланы тереңірек меңгереміз. Болашақта осы салада өзімді көргім келеді, – деді қатысушы.
Индира Бержанова