Қала тіршілігі

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРГЕ МІНДЕТ КӨП

Президент Жолдауында басымдыққа ие болған мәселелердің бірі – мемлекеттік қызмет сапасын арттыру. ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті осы мақсатты іске асыруда мемлекеттік аппарат қызметінің функционалдылығы мен тиімділігін барынша жоғарылатуды көздейді. Қала әкімдігінде өткен семинарда мемлекеттік басқарудың жаңа жүйесін қалыптастыру қажеттілігі, адал қызмет ететін мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби деңгейін жоғарылату және халықтың оларға деген сенімін арттыру кеңірек талқыланды. 

«Елбасының «Халыққа және олардың мәселелеріне жақын бол, сонда елімізде сыйластық пен тәртіп орнығады» деген қағидасын орындауға міндеттіміз. Бұл біз­дің барлығымызға жаңа жауапкершілік жүк­тейді. Осы жоғарыда айтылған мәселеге бай­ланысты Мемлекеттік қызметтің жаңа жүйесі туралы заңға қол қойылды. Ол сы­байлас жемқорлыққа қарсы шараларды кү­шей­туді, мемлекеттік қызметшілерді ірік­теуде ашықтықты арттыруды, меритократия қағидаларын енгізуді, яғни жақсы кадрларды көтеруді қамтамасыз етеді» деп бас­тады өз сөзін Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Астана қаласы бойынша депар­таментінің басшысы Тілеген Қаскин. Оның айтуынша, жаңа заң аясында бірнеше басым­дықтар анықталды: біріншісі – кадрларды іріктеу және жоғарылату кезінде меритократия қағидатын күшейту; екіншісі – «А» бас­қарушылық корпусын құру; үшіншісі – барлық мемлекеттік органдарда арнайы бас­қару құрылымдары мен тетіктерін же­тіл­діру, оның ішінде кадр қызметінің мәр­тебесін көтеру; төртіншісі – тәртіптік және этикалық бақылауды күшейтіп, корпора­тивті мәдениетті жетілдіру.
Бүгінде саяси басқарудан кәсіби бас­қару­дың тиімділігі жоғары. Жаңа заң бойынша конкурстардан алдын ала белгіленген адамдар өте алмайтын жол қарастырылды. Яғни, тестілеу конкурстан бөлініп алынды. Болашақта мемлекеттік қызметке барғысы келетін азаматтар Агенттік белгілеген уа­қытта конкурсты күтпей, тест тапсырып, арнайы сертификат алып, содан кейін мем­лекеттік орган жариялаған конкурсқа қа­тысады. Бұл ретте, мемлекеттік органның конкурсқа жұмсайтын уақыты 2-3 есеге дейін (45-50 күн­нен 15-20 күнге дейін) азай­ғанын айтқан жөн.
Сондай-ақ, тестілеу бағдарламасы жа­ңа­рып, азаматтың тұлғалық қасиеттерін анық­тай­тын тестілеу кейбір лауазымдар үшін енгізілді. Бұған қоса, заңнама туралы тест те күр­деленген. Кон­­курстық комиссиялардың жұмысында жа­­риялылық пен тазалықты қам­тамасыз ету үшін комиссия мүшелерінің жауапкершілігін көтеру қа­растырылған.
«Мемлекеттік қызметтің жаңа моделінде үш корпустық вертикаль: мемлекеттік саяси қызметшілер, мемлекеттік әкімшілік қыз­меттің «А» басқарушылық корпусы және «Б» атқарушылық корпусын құру көзделген. Жалпы, Қазақстан бойынша «А» корпусына 2024 үміткер құжат тапсырды. 1787 адам тестілеуден өтті. Нәтижесінде, 1124 адам ойдағыдай тапсырды. Оның ішінде 35%-ы «А» корпусын, үміткерлердің 65%-ы «Б» корпусын құрайды. Ал, Астана қаласы бо­йынша аймақтық кадр комиссиясынан 141 адам әңгімелесуден өтті. Олардың 36-сы мемлекеттік қызметкер, қалған 105 адам мемлекеттік қызметкер емес» дейді Қаскин.
Сонымен, «А» корпусы санатында жұмыс істеп келе жатқан екі аудан әкімі және реви­зиялық комиссияның екі мүшесі тесті­леуден өте алмаған. 141 үміткердің 103-і «А» корпусына кадрлық резервке алынды. ҚР Президент әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, «А» корпусына алты адам (Астана қаласы әкімі аппаратының басшысы, 3 аудандық әкім, Тексеру комиссияның төрағасы, Мем­лекеттік қызмет істер агенттігінің Астана қаласы бо­йынша департамент басшысы) та­ғайындалса, тексеру комиссияның 4 мүшесі уақытша тағайындалмады.

ТАЛАЙДЫ ТҮЗЕГЕН
ТӘРТІПТІК КЕҢЕС

Жыл басынан бастап Астана қаласының мемлекеттік мекемелерінде барлығы 33 тексеріс жүргізіліпті. Нәтижесінде, мем­ле­кеттік қызмет туралы, сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күрес туралы заңнама талаптарын сақтамағандар, тәртіптік жаза қолдану, мемлекеттік әкімшілік қызметкерлерді аттес­тациядан өткізу, конкурс өткізу ережесін бұзғандар анықталған. Тәртіптік кеңес хат­­­шылығының меңгерушісі – Департа­мент басшысының орынбасары Жанатбек Ақтөреевтің мәлімдеуінше, 2013 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы тәртіптік ке­ңестің төрт отырысында 15 тәртіптік іс қа­ралыпты. Тәртіптік кеңес отырысының қорытындысы бойынша қатаң сөгіс, қыз­метіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту алғандар және атқаратын лауазымынан босатылғандар бар. Алайда, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, тәртіпке тартылғандардың саны азайғаны қуантады. Жеке мәселе бо­йынша азаматтардың ша­ғымдануы да 40 адамға төмендеген.
Сонымен қатар, жемқорлыққа қарсы түрлі брифинг, конференциялардың өтуі және жоспарлы тексерістердің саны әжептеуір қысқарған.

КАДРДЫҢ ҚАДІРІ БӨЛЕК

Елордада 68 мемлекеттік орган қызмет атқаруда. Жергілікті атқарушы органдардың саны – 29, аумақтық мемлекеттік органдардың саны – 39. Астана қаласы бойынша 3037 мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде саяси мемлекеттік лауазымдар – 6, «А» корпусы мемлекеттік әкімшілік лауазымдары – 10 және «Б» корпусы мемлекеттік әкім­шілік лауазымдары – 3021, яғни, «С-О» санаты бойынша – 1636, «С-R» санаты бойынша – 636, «Е» санаты бойынша – 110, «D» санаты бойынша – 96, «D-O» санаты бойынша – 543.
Мемлекеттік органдардағы мемлекеттік қызметкерлердің құрамына келсек, 51%-ы әйелдер. 98% – жоғары білімді, 43 мемлекеттік қызметкердің ғылыми дәрежесі бар. Мемле­кеттік қызметкерлердің орташы жасы – 36, орташа еңбек өтілі – 8,5 жыл.
Семинарда департамент басшысының орынбасары Маржан Жиенбаева әкім­шілік лауазымдарға іріктеу конкурс­тары­ның қорытындысы туралы таныстырып өтті. «Ағымдағы жылдың бірінші жар­ты­жыл­дығында Астана қаласының мемлекеттік органдарында 48 бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасуға үміткерлерді іріктеу мақсатында 11 конкурс өткізілді. Кон­курсқа 381 адам қатысты. 45 үміткер конкурс қо­ры­тындысы бойынша мемле­кеттік қыз­метке қабылданса, 3 мемле­кет­тік әкімшілік лауазымдар бос күйінде қалды. Әкімшілік мемлекеттік қызметке орналасуына байланысты 37 адам, мерзі­мінің өтуіне байланыс­ты 41 адам кадр ре­зервінен шығарылды. 2013 жылдың жар­тыжылдығында 68 мем­ле­кеттік әкімшілік қыз­меткер аттеста­циядан өткізілді, оның ішінде: 62 адам атқаратын лауазымына сай, 5-еуі қайта аттестация­ла­нуға жіберілді. 1 әкімшілік мемлекеттік қызметкер атқаратын лауазымына сәйкес еместігіне орай қыз­ме­тінен босатылды. Белгілі себептерге бай­ланысты аттестация­дан өтпегендер саны – 25 адам» дейді ол.
Сондай-ақ, Астана қаласының мемлекеттік органдарында 308 адам ауысқан. Жиында белгілі болғандай, оның ішінде басқа жұмысқа ауысқандар, мемлекеттік немесе мемлекеттік емес ұйымдарға кеткендер, зейнеткерлік жасқа толғандар бар. Кейбірі – өз еркімен, штат санының қыс­қар­тылуына, сырқатына, басқа да себептерге байланысты қызметпен қоштасқандар.
Алқалы басқосуда ҚР Президенті жанын­дағы мемлекеттік басқару академиясының мемлекеттік қызметкерлерге қосымша білім беру институтының директоры Гүлімжан Сүлейменова елордалық мемлекеттік қыз­меткерлердің біліктілігін арттыру және оқыту жөнінде өзара ынтымақтастық мәсе­ле­лерін ортаға салды. Мемлекеттік қызмет­кер­лерді оқыту, қайта даярлау, біліктілікті арттыру курстарында білімін жетілдірген астаналық қызметкерлердің санын саралап берді.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button