Басты ақпарат

Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі

   Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында аталған кеңестің мүшелері: Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов, Президенттің кеңесшісі – Реформалар жөніндегі жоғары кеңес төрағасының орынбасары сэр Сума Чакрабарти, Премьер-министр Асқар Мамин, Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев сөз сөйледі. Мемлекет басшысы өз сөзінде мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі бағдарламалар мен реформалардың дәйектілігін және өзара сабақтастығын қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті.

– Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі догматизм мен көзбояушылықтан толық ада болуы қажет. Сұлу сөз қаншалықты аз болса, мазмұны соншалық бай болады. Ол атқарушыларға іс-қимыл еркіндігін беру үшін өте прагматикалық болуы тиіс. Атқарушыларға қосымша жұмыс жүктемеу аса маңызды. Яғни басқа нақты істерге нұқсан келтірмеу үшін бұл бағыттағы жұмыстарға күш түсірмеу керек. Үкімет сарапшылардың қоғамдастығымен және жұртшылықпен тығыз ықпалдастықта жұмыс істеуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мемлекеттік жоспарлау жүйесінде цифрландыруды жеделдету мәселесіне баса мән беруді тапсырды.

 – Тәуелсіздік жылдарында көптеген бағдарлама жасалды. Оның біразы күшін жойды, жаңа бағдарламалар мен құжаттар пайда болуда. Олардың бәрін сатылы түрде жүйелеп, қажет еместерінен арылу керек. Жоспарлаудың атқарушыларға және халыққа мейлінше түсінікті әрі ашық жүйесін жасаған жөн.

  Мемлекет басшысы консультативтік комитеттер жұмысының маңыздылығына назар аударып, бірінші кезектегі реформалардың тізімін анықтауға және оларды жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстарға байланысты нақты міндет жүктеді.

  Президент сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау мәселесіне де назар аударды.

 Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде реформалар жүргізу барысында барлық заңнамалық өзгерістер мұқият әрі егжей-тегжейлі пысықталуы керек деді.

  Мемлекет басшысы Жоғары мемлекеттік басқарудың барлық жүйесі Қазақстан халқына адал, шынайы қызмет етуі керек екенін айтты. Мемлекеттік басқарудың барлық жүйесін – мемлекеттік қызметтен жергілікті өзін-өзі басқару деңгейіне дейін іс жүзінде қайта құру қажет.

 Жиын қорытындысы бойынша ҚР Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің 2021 жылға арналған жұмыс жоспары және консультативтік комитеттердің құрамы бекітілді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button