БілімЖаңалықтар

Менделеевшiлер мерейi

Астанада 46-Халықаралық Менделеев олимпиадасы өтуде. Әлемнiң 18 елiнен жүзден астам оқушы қатысып жатқан бұл сайысқа осы жолы алғашқы рет Франция, Венгрия және Грузия елдерiнiң командалары қатысып отыр.
Бiлiм сайысының салтанатты ашылу рәсiмi ҚР Президентi Н.Ә.Назарбаевтың құттықтау сөзiмен басталды. ҚР Мемлекеттiк хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед оқып берген Елбасы сөзiнде соңғы жыл­дары елiмiз жастар арасындағы бiрқатар мәртебелi интеллектуалды жарыстардың орталы­ғына ай­нал­ған­дығын, республика осымен екiншi мәрте та­лантты жас химиктердi қабылдап отырғандығы айтылды.
Жыл сайын сәуiр айының соңы мен мамыр айының басында өтетiн Халықаралық Менделеев олимпиа­дасы бұрынғы Бүкiлодақтық химия олимпиадасының «iзбасары» десе болады. Және жыл сайын оның ауқы­мы кеңейiп келедi.
Биылғы додаға елiмiзден 15 жас «алхимик» қосылды.
«Қазақстандық оқушылардың олимпиадаға дайын­дықтары, әсiресе, химиядан өте жоғары екендiгi анық. Бұл бiлiм жарысынан олар алтын медальдi бұған дейiн де иеленген болатын. Бiздiң университеттiң химия факультетiн үздiк бiтiргендер де бар» дедi шараға орай өткiзiлген баспасөз мәслихатында Халықаралық Менделеев олимпиадасының прези­дентi, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттiк университетi химия факультетiнiң деканы Валерий Лунин.
Сәуiрдiң 29-ына дейiн жалғасатын, үш кезеңнен тұра­тын сайыстың бастапқы 2 кезеңi теориялық бол­са, соңғысы Назарбаев университетi зертханасында өтедi.
Сайыс нәтижесiнде жүлделi орындарға ие болған оқушы ММУ-ге немесе ТМД-ның кез келген жоғары оқу орнына тегiн түсе алады.
Сондай-ақ, ХМО аясында бiрқатар iс-шаралар өтiп жатыр. Солардың бiрi – кешегi «Ғалымдармен диа­лог» атты ғалымдар кездесуi. Лунин, Кузьменко, Ры­жова секiлдi белгiлi химия ғалымдары қатысқан бұл бас­­қосуда химияның бүгiнгi ғылыми әлеуетi және осы саладағы өзектi мәселелер туралы сөз қозғал­ды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button