Әлеумет

Менiң бақытым

Шығыс халқында «Бiр жылыңды ойласаң, егiн сал, он жылыңды ойласаң ағаш ек, жүз жылыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле, шәкiрт баулы» деген керемет нақыл сөз бар.

Сәуле ӘЗIМХАНОВА, №30 мектеп-гимназияның директоры

Жиырма төрт жылдан бергi ғұмырымды ұрпақ тәрбиелеуге арнап келемiн.
Қарап отырсам, мектептердегi тәрбие жұмыстарының жөн-жобасын жасауда, iстi жүргiзуде өкiнiшке қарай балалардың көзқарасын, қызығушылығын ескере бермейдi екенбiз. Қатып қалған қағидалар, қағаз-бастылық бүгiнгiнiң балаларын қызықтыра қоюшы ма едi?
Сынып жетекшiсi болып жүрген кезiмде балалардың тәрбие жұмыстарын қалыпты бағдарламалар шеңберiнде емес, қандай да бiр әлеуметтiк жоба аясында жүргiзудi өзiме мақсат етiп қойдым. Соны жүзеге асыруға тырыстым. Аянбай iздендiм. Мен мақсатыма жеттiм.
Осыдан бiрнеше жыл бұрын қалалық «Үздiк патриоттық сабақ» байқауына қатыстым. Дәл осы байқауда «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенiнiң директоры Үмiтхан Мұңалбаева жасөс-пiрiмдер клубын құрып, байқауда осы балаларға «Мен Қазақстанның азаматымын» деген тақырыпта ашық сабақ өткiзу туралы идея айтты.
Осылайша, 2008 жылдың 12 желтоқсанында «Атамекен патриоттары» клубын аштық. Бүгiнгi күнi аталған клуб жұмысына бiздiң №30 мектеп-гимназиямыз жетекшiлiк етiп келедi.
«Мұндай клуб құрудың жасөспiрiмдер үшiн маңызы қандай?» деген сұрақ тууы мүмкiн.
Жауап бермес бұрын мына нәрселердi атап өткiм келедi.
Бiрiншi: Бүгiнде елiмiздiң саяси статусы, экономикалық деңгейi тұрақтанды. Мұнай, металл, өзге де табиғи байлықтарымызды өңдеу iсi жанданды. Ендi бiлiктi, бiлiмдi, мақсаты айқын, өз iсiне мығым мамандарға қажеттiлiк туады.
Екiншi: Елiмiздегi нарықтық қатынастардың қарқынды дамуы еңбек нары-ғындағы бәсекенi де күшейтедi. Бұл бәсекеге бiлгiр, қабiлеттi, бiр сөзбен айтқанда «сегiз қырлы, бiр сырлы» маман ғана төтеп бере алады. Сол жеңiске жетедi.
Үшiншi: Бүгiнгiнiң түлектерi мен алдағы 12 жылдық бiлiм жүйесiнiң түлектерiне қойылатын талаптың негiзгi ерекшелiгi жоғарғы сыныптарда бейiндi оқытудан өтедi.
Төртiншi: Адамның жеке қабiлетiн шыңдауға жағдай жасау жасөспiрiм баланың бiлiктi маман болуына әсер етедi.
Клуб аталған мәселелердiң жүйелi жүзеге асуына өз тарапынан белсендiлiк танытып келедi. Жұмысымыздың маңызды тұсы осы деп айтар едiм.
Бұл атап көрсеткендерiмiз атқарылатын негiзгi жұмыстардың бiр парасы ғана. Осы тұста бiр нәрсенi баса айтқым келедi. мұндай клуб жұмысының ел астанасынан бастау алуы өзге өңiрлерге де үлгi болары анық. Осы мақсатта әлi талай ұжымдар бiлек түре iске кiрiсетiн болады.
Әр ұжым жұмысының өз ерекшелiгi болады. Ал, «Атамекен патриоттары» клубын жеке тұлғаны тәрбиелеу iсiмен айналысатын жоба деп таныған жөн.
Бiздiң мектеп-гимназияның жұмысы өзiн-өзi басқару жүйесiне негiзделген. Тек, көз алдайтын жаппай бұқаралық шараларды жалаулатып жүргiзу бiздiң жұмысымызға жат.
Бiз оқушыларымызды пайдалы тренингтер, рөлдiк ойындар, диспут, дискуссия, ғылым, мәдениет, тарих тақырыптарындағы талқылаулар өткiзу арқылы тәрбиелеймiз. Талай ақын-жазушылар, мәдениет, өнер қайраткерлерi бiзде қонақта болды. Оқушылар атақты адамдармен еркiн әңгiмелесуге мүмкiндiк алды.
Үнемi iзденiс үстiнде жүруiмнiң, жаңашылдыққа құмарлығымның арқасында «Жыл мұғалiмi» байқауына қатысуға мүмкiндiк алдым. Бойымдағы күш-қуатымның, бар бiлген-түйгенiмнiң осы сында сарапқа түсер сәт туғанын сездiм. Мықтап дайындалдым. Күйзелу, толқу сезiмiн бастан өткердiм. Оқушыларымның, сүйiктi сыныбымның қолдауының арқасында мен жеңiске жеттiм «2010 жылдың Үздiк мұғалiмi» атандым.
Халықаралық, республикалық жарыстарда қанша рет топ жарайын, мен үшiн осы байқаудағы жеңiсiмнiң орны бөлек бола берерi анық. Өйткенi бұл байқау Отанымыздың жүрегi – Астанада өттi.
Сол жолы қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтың қолынан пәтер кiлтiн алдым. Сондай-ақ, 7-шi қысқы Азия ойындарында Алау эстафетасына қатысу бақытына ие болдым.
Жиырма төрт жыл бала оқытып, шәкiрт тәрбиелеу iсiн өзiме серiк етiп келемiн. Ал, мектеп басқару iсiне келгенiме небәрi бiр жыл болды. Бұл бiр жыл құм даладағы құмның бiр қиыршығы iспеттi емес пе?
Оқытушылық тәжiрибем бар, мұғалiмдiк өмiрден түйгендерiм де аз емес деп ойлайтынмын. Ал, басқару қабiлетiм қандай? Қарымым ше?
Сан түрлi жұмыс атқардым. Химия пәнiнiң қатардағы мұғалiмiнен Тараз қаласы Бiлiм басқармасының әдiскерiне дейiн көтерiлдiм. Аймақтық бiлiктiлiктi арттыру институтының, Тараз Мемлекеттiк Педагогика инсти-тутының лекторы, Жамбыл облыстық Бiлiм департаментiнiң штаттан тыс инспекторы қызметiн атқардым. Мiне, ендi маған мектеп директорлығы лауазымын сенiп тапсырып отыр. Еңбек етсең, өмiрде көп нәрсеге қол жеткiзуге болады екен.
Жоғарыда шығыс нақылын келтiрiп өттiм. Сол нақылға сүйенер болсам, мен ағаш отырғыздым, бiреу емес бiрнешеуiн. Өз шаңырағымды көтердiм, бiр ұл мен үш қызды дүниеге әкелдiм, тәрбие бердiм. Шәкiрт те баулыдым. Демек, өзiмдi бақыттымын деп айтуға толық қақымның болғаны ғой.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button