Қала тіршілігі

Менің қаламның мерейі

Астана – жаңа ғасырдың, жаңа дәуірдің сәулетті қаласы! Бүгінгі таңда әлемдегі көрікті қалалардың біріне айналуы мен үшін үш есе қуаныш. Әр адам туған жерін қалай сүйетін болса, мен үшін туған жерім де, Астана да сондай қымбат. Айталық, туған мекенім Оңтүстік Қазақстан облысы болса, азамат болып шыңдалған жерім және өмірге деген және саяси-мәдени көзқарасымды жетілдірген, ел мен жерге деген патриоттық сезімімді қалыптастырған – күні кешегі қасиетті Ақмола қаласы – бүгінгі елорда. 

1984 жылы мектепті бітіріп келіп, жоғары оқу орнына түсіп, жан-жағы­мызды танып, білдік. Сол кезде ұлт жанашыры болып, қазақтың тілі мен салт-дәстүріне қырын қара­ған билік өкілдерімен күресіп жүрген аза­мат­тармен танысып, бір көз­қа­рас­та болдық. Атап айтқанда, жазу­шы Нұрғожа Ораз, Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл және басқа ұлт­жан­ды азаматтармен ұлттық мүдде жолында қызмет жасауға атса­лыстық. Ағаларымыз «тіліміз бен ділімізді сақтасақ, ұлттық құндылықтарымызға жастардың бетін бұрсақ» деген мақсатта айрықша жанқиярлықпен еңбек сіңірді. Сол тұста «Арқа ажары»­ газетінің басшылары болған Октябрь Әлібеков пен Жомарт Әбдіхалық ағаларымыз өңірге сыйлы жандар еді. Сондай-ақ, Жангелді Шымшықов, Елтай Шаханов сынды ғалымдармен тығыз араласып жұмыс істедік. Ауыл шаруашылығы институтында істеген Тимур Әлтаев, Қанат Қалиев, белгілі журналистер Кенже Жұмағұлов, Мұратбек Тоқтағазин, Тоғайбай Рысбеков, Серік Нұрсағатовтар ана тіліміз үшін күрескен жандар. Осындай мықты азаматтармен пікірлесе жүріп, шыңдалдық. «Сен басқа аймақтан келгенсің» деп шеттеткен жоқ. Олар мені жатсынбай, өз орталарына тартып, бірге жұмыс істесек қана ортақ мақсатқа жететінімізді сөздерімен де, істерімен де дәлелдей білді. «Тіл мен ділдің қасиеті оңтүстікте жақсы сақталған. Сен соны осы ортаға енгізу жолында аянбай қызмет жаса» деп ақыл-кеңестерін берді.
1992-1993 жылдары Ақмола қаласында Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы қызметінде жүргенімде заман­дас­та­рым­мен келешек ұрпақ­тың ұлттық қадір-қасиеттерді біліп, патриоттық тәрбиемен сусындап­ өсуіне айрықша мән бердік. Мақ­сат­ты түрде нақты іс-шараларды жүзеге асырдық. Өзіміздің ойға алған жоспарларымызды орындау үшін жастардың «Парасат» ұйымын құрдық. Бұл ұйым тәуелсіздіктің таң­сәрі шағында Арқа өңірінің жас-тарын соңынан ерте білді.
Неге екені белгісіз, мектеп қабыр­ға­сын тәмамдай сала, Ақмола қала­сын­дағы Ауыл шаруашылығы инс­ти­ту­тын таңдап, құжат тапсырдым. 1980 жылдары бұл кіп-кішкентай қала болатын. Екі жүз мыңнан астам тұрғыны болды. Ақмола «студенттер қаласы» деп аталды. Өйткені, төрт жоғары оқу орны бар еді. Жаздыгүні, студенттер демалысқа кеткен кезде қала тұрғындарының азайып қалғаны бірден байқалатын. Тып-тыныш, көрікті, жастардың қаласы болды. Көшелерінде көліктер де аз болатын. Негізгі көшелері – Жеңіс және Тың игерушілер даңғылдары мен Бейбітшілік көшесі.

Ең бастысы, жастарға білім беру деңгейі өте жоғары. Ауыл шаруа­шы­лы­ғы институтын тәмамдаған мамандар бүгінде елдің экономикасын арттыру жолында жемісті қызмет жасап жүр. Медицина институты да белгілі ғалым-академиктерді шығара білді және білікті мамандарды даярлады. Сәкен Сейфуллин атындағы педагогика институты осы аймақтағы танымал білім ордаларының бірі болды, ол өз мамандығын сүйетін мұғалімдерді тәрбиелеп шығарды. Сол секілді, Инженер-құрылыс институтының түлек­тері Қазақстанның барлық өңі­рін­де еңбек етіп жүр. Өйткені, бүгінгі таңда алып құрылыс саласында жүрген абыройлы азаматтар аталған оқу орнынан үлкен өмір жолына жолдама алды.

Ата-бабаларымыз аңсаған тәуел­сіз­дігімізді осы қалада қарсы алдық.

Жаңа үшінші мыңжылдыққа қадам басар тұста тәуелсіз елдің астанасын ауыстыру мәселесі алға тартылғанда, Елбасы осы Есіл жағасындағы Ақ­мо­ла қала­сына тоқтам жасады. Аста­­на­ны көшірудің саяси мәні өте зор болды. Бүгінгі таңда Астана қала­сы­ның дамуы елдің өркендеуіне серпіліс берді. Жаңа қала мыңдаған аза­мат­тар­дың жеке өміріне де үлкен оң өзгерістер алып келді. Мыңдаған жастар өз болашақтарын елордамызбен тікелей байланыстыра білді. Астана шығармашылық адамдарына айрықша шабыт берді. Ақындар сәулетті қалаға арнап өлеңдер мен балла­далар, поэмалар жазса, сазгерлер көптеген жаңа әндер шығарды. Астанада тұрмаса да, жер бетіндегі әрбір қазақ осындай ғажайып, көрікті елордасымен мақтаныш сезіміне бөленеді, тәуелсіз елінің болашағына жүрекжарды тілегін жеткізеді.

Міне, биыл – Астанамыздың 15 жылдығы. Тілектің ең үлкені – елдің тыныштығы, халықтың амандығы! Елбасымыз аман болсын! Тұңғыш Президенттің арқасында Қазақстан әлемге танылды. Үлкен алып кемені мұзтауларға соқтырмай, асау тол­қын­ды мұхиттардан аман алып келе жатыр. Қазір біртұтас Қазақстан халқы ұлтына, жеріне, тегіне, дініне бөлінбей, Елбасын қолдап, бір мақсат, бір мүдде жолында бірігіп отыр.

Ұласбек СӘДІБЕКОВ,
Парламент Мәжілісінің
депутаты, экономика ғылымдарының кандидаты

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button