«Менің Қазақстаным» пойызы оралды
Кеше елорданың бас қақпасы Астана вокзалына айға жуық еліміздің барлық аймағын аралап келген «Менің Қазақстаным» пойызы оралды. Салтанатты шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері және мемлекеттік мекемелер мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Отыз күн бойы еліміздің 29 қаласы мен елді мекендерінде болып, Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын түсіндіріп, «Мәңгілік ел» идеясын дәріптеп, шалғайдағы жұртшылықпен жақын тілдесіп, олардың мұң-мұқтажын естіп, елдегі тұрғындарға медициналық-әлеуметтік қызмет көрсетіп, түрлі мәдени-спорттық шаралар өткізіп, ойға алған барлық мақсатты орындап оралған сапардың мәні тағылымды дүниеге толы болды. Акция аясында қоғамдық келісім кеңесінің қабылдауында әлеуметтік мәселелері бойынша 1893 адам кеңес алып, биз-
нес және ауылшаруашылық сала-лары жөнінде қойылған 1616 азаматтың сұрақтарына жауап берілген. Ал мәдени шараларды 180 мың
көрермен тамашаласа, жалпы, осы акцияға 960 мың қазақстандық қатысқан. Сондай-ақ, ізгі шара көлемінде еліміздің барлық өңірлерінде «Саламатты Қазақстан», «Денсаулық» және «Жәрдем» медициналық пойыздары тұрғындарға дәрігерлік көмек көрсетті.
Бір ерекшелігі, «Менің Қазақстаным» пойызы тек ел аралап қана қоймай, тарихи жерлерге де бас бұрып, арнайы ат шалдырған. Мәселен, Жер жәннаты Жетісуда болғанда, көрнекті ғалым Шоқан Уәлихановтың, Семейде Абай атамыздың тарихи мұражайларында болып, кездесулер өткізген. Сондай-ақ, Қазақстан халқы ассамблеясының «Теңдессіз сыйлық» акциясы аясында шалғай ауылда орналасқан кітапханаларға қажетті кітаптар тарту етілді.
– Бүгін бізді елорданың өзі аспаннан жауған нұрмен қарсы алып тұр. Бұл – жақсылықтың белгісі. Біз барған барлық жерде табиғат-ананың өзі де осылай жадырап, жай-нап тұрды. Барлық ел бізді құшақ жая қарсы алып, ыстық ықыластарын көрсетті. Бұдан артық қандай қуаныш керек. Біздің елдің достыққа деген, бірлікке деген ілтипаты ерекше. Ел ішінен соны байқадық. Халықтың көңіл күйі жақсы, біз барған қалалар мен елді мекендерде көптеген оң өзгерістер болып жатыр. Пойызда жалпы саны 200-ге жуық адам болды. Олардың барлығы да тұрғын-
дарға қызмет көрсетті, – деді «Менің Қазақстаным» пойызының жетекшісі Ғазез Телебаев.
Азамат ЕСЕНЖОЛ