Оқырманнан он сұрақ

«Менің қуанышым да, жетістігім де – жәдігерлер…»

Қырым АЛТЫНБЕКОВ, реставратор, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі:

– Қырым аға, біздің елде рес­тавратор маман жоқтың қасы. Жастардың осы салаға қызығу­шы­лығының төмендігі неде деп ойлайсыз?
Дархан
– Көнені жаңғырту, қалпына келтіру дегеніміз – өте күрделі жұмыс. Ал, жерасты қорымдарынан табылған дүниені қалпына келтіру тіпті қиын. Реставратордың археология ғылымынан мол хабары болуы керек, химияны да жете білгені жөн. Тіпті, кем дегенде оншақты мамандықтан хабарың болмаса, жұмысың шала болады. Маған көптеген шәкірттер үйренемін деп іздеп келіп жатады, бірақ көбісі тұрақтамайды. Өйткені, қаншама ғасыр жер қойнауында бұзылуға айналып, езіліп, шіріп жатқан затты алғаш көргенде шошынып, жерініп шыға келеді. Содан кейін одан гөрі басқа да дизайндық жұмыстармен айналысып, тез ақша тапқанды жөн көреді. Ақшаның соңына түскен адам ғылыми жұмыспен түбегейлі айналыса алмайды. Ілуде бір осы мамандықты өлермендікпен сүйген жанкештілері ғана қалады. Неге десеңіз, бір затты қалпына келтіру үшін біршама уақыт керек.

– «Қырым аралы» зертханасы туралы айтып берсеңіз…
Мөлдір, медбике
– Баяғыда бір журналист мақала жазып, тақырыбын «Остров Кырыма» деп қойыпты. Содан бастап біздің зертхана солай аталып кетті. Онда барлығы 14 адам жұмыс іс­тейді. Зертханамызда бірнеше мың­даған жұмыстар істелді. Қазіргі мұра­жайдағылардың көбісі – біздің қолы­мыздан өткен дүниелер. Оған қоса, Ресей, Монғолия, Қыр­ғызстан, Түркиядан тапсырыстар келеді. Соларды қабылдап, қалпына келтіреміз. Үйренуге, тәжірибе жи­нақ­тауға шетелдіктер көп келеді. Бұрын біз оларға жүгінсек, олар қазір бізден үйрену үстінде. Менің­ше, жұмыстың нәтижесі деген осы болса керек.

– Жалпы, бір дүниені қалпына келтіру үшін қанша уақыт кетеді?
Айбын, оқырман
– Әртүрлі. Кейбір дүниелерге 2-3 ай уақыт кетсе, кейбіреулері жылдап жатады. Қазір 15 жылдан бері жасалып жатқан дүниелер бар. Анализ жасаймыз, томографиядан өткіземіз, сөйтіп «жанын» кіргіземіз. Былайша айтқанда, әр затпен жеке жұмыс жасалады.

– Қазақтың сан ғасырлық тарихын «тірілту» жолында тер төгіп жүрген сізді білмейтін адам кемде-кем. Сұрайын дегенім, Астанада жеке көрмеңізді қашан өткізесіз?
Дидар, қала тұрғыны
– Астанада екі рет көрме өткізген едім. Ешкім келген жоқ. Біздің елде қызығушылық төмен. Содан кейін қойдым. Керісінше, шетелдерде сұраныс көп. Олар барлық қаражатты мойнына алып, жиі шақыртып тұрады. Америкадағы көрменің өтіп жатқанына 5-6 жылдың жүзі болды. Жұмысыңа сұраныс болса, кәдімгідей қуанып қаласың.

– Париждегі атақты Луврда тәжірибеден өткен тұңғыш әрі әзірге жалғыз қазақ екеніңізді білеміз. Жалпы, шығармашылық көрмелеріңіз қандай қалаларда өтті?
Назым, студент
– Жоғарыда айтып өткенімдей, Европада сұраныс өте жоғары дең­гейде. Сан-Франциско, Париж, Лондон, Нью-Йорк, Будапешт, т.б қалаларда өтті.

– Бүгінгі таңда коллекцияңызда қанша жәдігер бар?
Бекболат, қала тұрғыны
– Мен коллекционер емеспін. Авторлық жұмыс десе, дұрыс болады. Мен мұражайдағы дүниелермен жұмыс істеймін. Дайын болғанын мұражайға өткізем, халық қызығын көріп, бағасын береді. Одан артық не қажет? Бұл – менің парызым. Менің қуанышым да, жетістігім де осы жәдігерлер. Та­был­ған жәдігерлердің арқасында баба­ла­рымыздың қай ғасырда өмір сүргенін, қандай әдет-ғұрып ұс­тан­­ғанын, қандай қоғамдық ортада болғанын анықтауға болады. Осы­­ның арқасында біз өзіміздің ха­лық­тың ежелгі мемлекеттік дәс­түрі­нің қандай болғанымен мақтана аламыз.

– Жерден қазып алған дүние қалай қалпына келтірілді? Сол туралы айтып беріңізші…
Айдана, студент
– Бұл – өте күрделі шаруа. Археологтар қазба жұмыстарын жасап жатқан кезде біз олардың жанында тұрамыз. Олар көмбеге жеткен кезден бастап біздің ісіміз басталады. Ең алдымен сол жерде алдын ала консервация жұмыстары жасалады. Өйткені, жер астында жатқан затты бүлдірмей, сол қалпында алып шығу керек. Әйтпесе, ауа мен жылу кірген соң онсыз да ылғалдың арасында тұрған зат жарты сағаттың ішінде кеуіп, күл болып ыдырап кетеді. Нәтижесінде, түкке жарамай қалуы мүмкін. Сондықтан, уақытты өлтірмей, оны сақтап қалу – біздің басты міндетіміз. Жалпы, ғылымда оның әртүрлі әдістері бар. Соңғы оншақты жылдың ішінде дүние жүзіндегі ғалымдардың озық тәжірибелерін екшеп, жақсысын алып, өзіміздің зертханада жүзеге асырып келеміз. Қазып алған дүниені зертханаға әкелген соң консервациялық, реставраторлық жұмыстары жасалып, «реконструкция», «идентификация» деп аталатын бірнеше сатылы жұмыстары жүргізіледі. Әр жәдігер ауру адам сияқты. Оларды тез арада «емдеу» ке­рек. Бұл – физикалық күш-жігер­ді қажет ететін ауыр әрі лас жұ­мыс. Десек те, бойыңда үлкен бір сырды, ғасырлар шежіресін жасырып жатқан жәдігерлерді жаң­ғыртуға деген құштарлық болса, оның барлығын ұмыттырып жібереді. Реставратордың қызметі – келген науқастың ауруын асқындырып алмай, тез арада жәрдем көрсетуі тиіс дәрігердің қызметі секілді.

– Сіз елімізде жүргізілген қаз­ба жұмыстарынан бөлек, шет елдер­дегі археологиялық ашылулар мен қалпына келтіру істеріне қа­ты­сып, тәжірибе жинаған маман­сыз. Әлем елдерінің рес­тав­рация жұмыстарына деген көз­қа­расы, тәжірибесі қай деңгейде?
Бекзат, оқырман
– Мен Моңғолия, Ресей, Фран­ция секілді мемлекеттерде жүр­гізілген қазба жұмыстарына тікелей қатыстым. Сондай-ақ, көп­те­ген елдердің реставрациялық жұмыс­тарын да зерттедім. Дамыған елдерде көне мұраларға ерекше мән беріледі. Олар кішкентай дүние­сінің өзін атағын аспандатып, дүйім жұртқа танытуға бейім тұ­рады. Ал, біздің жерімізден табыл­ған жә­дігерлер кез келген жаһан­дық құндылықтардан жоғары тұр. Сақ­тардан қалған айрықша мұра «Алтын адам» ескерткішінің өзін-ақ алыңызшы. Бүгінде дүние жү­зін таңғалдырған ескерткіш бо­лып сана­лады. Алайда, өзіміз осы жә­дігерлердің бағасын біліп, қадіріне жете алмаймыз.

– Қазақ даласынан табылған жәдігерлерді зерттеу барысында қандай да бір ерекшеліктер бар ма?
Шынарай
– Бізде ежелгі тайпалардан қал­ған, солардың өмір жолын дәйек­тейтін қаншама көне заттар бар. Қарап отырсаңыз, қару-жарағы, ішер ас, киер киімінде, ұстаған затында аса бір өзгешелік жоқ. Металды қорытуы, бұйымдар жасау тәсілі де ұқсас. Бұл сол заманда біздің ұлан-ғайыр кеңістігімізде қарым-қатынастың, байланыстың ерекше қарқын алып, дамығанын көрсетеді. Дәстүр ұқсастығына келсек, ертеде өлген адамның киіміндегі әшекей заттары, көш­пелі өмірде жан серігі болған астын­дағы аты да ер-тұрманымен қоса жер­ленетін болған. Еліміздің қай түк­пірінен кездескен жәдігерді алып қарасаңыз да, бір мәдениет, бір тұр­мыс-тіршілік кешкен халықтың тұтас­тай бір ғұмыр тарихын байқау қиын емес.

Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button