Жаңалықтар

Мерейі өскен мектеп

 Жуырда Астана қаласындағы №24 орта мектеп өзінің 40 жылдық мерейтойын атап өтті. Алғашқыда таза орыс мектебі болып ашылған бұл білім ошағы, бүгінгі таңда аралас мектеп мәртебесіне ие болып отыр.

Бүгінгі таңда  білім алатын өрендердің де, сыныптардың да саны өсті. Мектеп ғимараты да адам танымастай өзгерді. Осыдан бірнеше жыл бұрын толық күрделі жөндеуден өткізіліп, қазір сән-сәулеті алыстан көз тартады. Ал, білім ошағының айналасындағы бос жерлерде қазір түрлі спорттық ойын алаңдары орын тепкен. Қысқасы,  №24 орта мектеп төл мерейтойын зор абыроймен қарсы алды.

Аталмыш мектептің өткен тарихына үңілсек, оқу ошағының басшылығында еңбек еткен азаматтар білім саласының да­муына айтарлықтай өз үлестерін қосты. Оның көшбасында алғашқы мектеп директоры Валентина Зотова тұрса, бұдан кейінгі кезеңдерде тізгінді алған Владимир Суслов пен Алексей Труфанов секілді азаматтар мектеп тіршілігінің өрісін кеңейтті. Сондай-ақ, Тәуелсіздік жылдарында басшылыққа келген Қазбек Әбдірасилов білім ошағының ұлттық әрін келтірсе, мектептің қазіргі басшысы Ғабит Сүндетов қырық жылдық тарихы бар қара шаңырақтың мерейін өсіріп келеді.

Мектептің мерейтойына арналған ме­­ре­келік шараға Астана қалалық білім бас­қармасының бастығы Әсима Бимендина бастаған бірқатар лауазымды тұлғалар қатысып, өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, ұстаздар мен өнерпаз оқушылар ұйымдастырған концерттік бағдарлама да көпшіліктің көңілін тербетті. Осы орайда, білім ошағында қандай шара ұйымдастырылса да қол ұшын беруге әрдайым дайын тұратын Астана қаласының Халықаралық әуежайы мен «Жасыл аймақ» мекемесі басшылығының ықыласты пейілін ерекше атап өткен жөн. Әсіресе, Астана қала­лық білім басқармасының шеткері аймақта орналасқан біздің мектепке деген қамқорлығы айрықша. Соңғы үш-төрт жылдың көлемінде ескі мектептің елордалық талапқа сай сәулеттенуі сол қамқорлықтың арқасы деп білеміз.

Гүлдерай МАЙҚАНОВА, №24 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Фатима ҚҰРМАНАЛИЕВА, бастауыш сынып мұғалімі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button