Басты ақпаратМәдениет

МЕРЕЙІ ҮСТЕМ МУЗЫКА

Елордада «Astana Piano Passion» халықаралық классикалық музыка фестивалі мен жас пианистер байқауы басталды. Осымен екінші рет өткізіліп отырған сайыс биыл 6 күнге созылады. Оған Қазақстан, Ресей, Қытай, Сербия, Жапония, Италия мемлекеттерінің ең үздік жас музыканттары іріктеліп алынды.

Ашылу салтанатында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов: «Astana Piano Passion» екінші халықаралық классикалық музыка фестивалі және жас пианистер байқауында сіздерді көріп отырғаныма қуаныштымын. Өткен жылы бұл байқау таң қалдырарлық дәрежеде қатысушылар жинап, классикалық музыкаға бейжай қарамайтын әлемнің барлық өнерлі өрендерін шақырды. «Astana Piano Passion» өнер кеңістігінде жастардың жұлдызын жағып, олар он шақты концерт беріп, әлемнің түрлі сахналарында өнер көрсетіп үлгергендігі көңіл қуантады. Мінекей, сол уақыттан бері біз жас өрендердің өнерлерін тамашалап, қазақтың және әлем классиктерінің шығармаларын тыңдаудамыз, бұл – өнерлі жастардың таланттарын шыңдап, кеңінен қанат қақтыруға үлкен мүмкіндік деп білемін», – деп атап өткен болатын.

Елімізде «Astana Piano Passion» байқауы былтыр көрермен арасында зор қолдауға ие болды. Бүкіл музыка әлемі үшін айтулы оқиғаға айналды. Оны 3 құрлықтан 100 мыңнан астам адам тамашалады. Ал, биыл оған қатысуға 23 елден 120 ұсыныс келіп түсіпті. Арасынан 30 үздік, ең өнерлілері іріктеліп алынды. Бүгінде олар әлемнің 11 елінен қатысып жатыр.

Сондай-ақ, дарындыларды даралау үшін Қазақстан, Ресей, Франция және Оңтүстік Корея елдерінің үздік пианистері шақырылды. Олардың арасында ҚР Халық әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының ректоры Жәния Әубәкірова, «Астана-Опера» опера және балет театрының бас директоры Төлеген Мұхамеджанов, РФ Президенті жанындағы мәдениет және өнер жөніндегі Кеңестің мүшесі Екатерина Мечетина, Сеулдегі Ұлттық университеттің профессоры Хюнг-Джун Чанг, үздік күйтабақ Гран-приінің бес мәрте иегері, Париж консерваториясының мұғалімі Мишель Берофф, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, П.И.Чайковский атындағы Ресей мемлекеттік консерваториясының ректоры Валерий Пясецкий және Қазылар алқасының құрметті мүшесі Денис Мацуев бар.

«Айтулы өнер сайысында талантты жас пианистердің шеберлігі ғана сыналып қоймай, түрлі рухани шаралар да ұйымдастырылуда. Басты мақсатымыз – талантты балаларды қолдап, Қазақстанның ұлттық фортепиано мектебі дәстүрін нығайту. Сонымен қатар, халықаралық деңгейде тәжірибе алмасу. Ең алдымен, бұл Қазақстанда кәсіби музыкалық білім деңгейін көтеруге оң ықпал етеді» дейді Ресейдің Халық әртісі Денис Мацуев.

Сондай-ақ, маэстро байқауға қатысушы балалардың орындауындағы қазақ автор­ла­ры­ның шығармалары өзіне ұнайтынын атап өтті. Олардың бірін өз репертуарына қосу мүмкіндігін жоққа шығармайды.

Ал, қазылар алқасының мүшесі Жәния Әубәкірова: «Қатысу­шылардың деңгейі өте жоғары, әсіресе, орта топтың. Менің ойымша, өткен жылғы байқаудан айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Биыл да лайықты үміткерлерді іріктеу қиын болмақ», – дейді.

Айтпақшы, қатысушылардың өнеріне тек қана қазылар алқасы емес, сондай-ақ, кезкелген адам онлайн режимінде дауыс бере алады. Бұл жарыстың әділетті өтетініне кепілдік береді дейді мамандар.

Жас музыканттардың шығар­машылық тұрғыдан қалыптасуына жол ашатын байқау­дың жүлде қоры – 60 мың АҚШ доллары. Ұйымдас­тырушылардың айтуынша, ешкім сыйлықсыз қалмайды. Әрине, олар үшін ең басты сый – осы жарыс арқылы өнер әлеміне жолдама алу.

10 жастағы Санжарәлі Көпбаев бұл өнер додасына бір емес, екінші рет қатысып отыр. Былтыр ол екінші орын алып, лауреат атанды. Биыл бірінші орыннан дәмелі. «Мен осы конкурсқа қатысқаныма өте қуаныштымын. Биыл жеңуге тырысамын», – дейді үкілі үміт иесі.

Бұл фестиваль мәдениет саласындағы халықаралық байланыстарды жақсартып, жас таланттарды қолдап қана қоймай, сонымен қатар, қазақ композиторларының музыкасын насихаттауға үлкен мүмкіншілік береді. Өйткені, олардың шығармалары байқау қатысушыларының бағдарламасына енуге міндеттелген. Оған қоса, осы фестиваль аясында әр күні түрлі іс-шаралар өткізіліп отырады. Мәселен, 10 мамыр күні «Astana Piano Passion-2013» лауреаттарының концерті болса, кеше Мәскеу филармониясының әншісі Екатерина Мечетинаның кеші ұйымдастырылды. Алдағы уақытта Денис Мацуевтің және жартылай финалға жолдама алған өнерпаздардың кеші өтеді. Бұдан бөлек, жас дарындар мен олардың оқытушыларына шеберлік сыныбы жүргізіледі. Оны Grand Prix du Disque сыйлығының бес дүркін иегері Мишель Берофф және Сеулдегі ұлттық университеттің профессоры Хюнг-Джун Чанг өткізеді.

Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button