Экономика

МЕРЕЙІМІЗДІ ТАСЫТҚАН МЕЖЕЛЕР

Қазақстанның экономикалық өрлеуіне шолу

Мырзагелді КЕМЕЛ,
экономика ғылымының докторы, профессор
  1993-жыл

1990-1994:
Гиперинфляциядан – бағаны ырықтандыруға

Біз 1991 жылдың 16 желтоқсанында тәуел­сіздігімізді жариялап, бұрынғы теңгермелі, жоспарлы экономикадан нарық экономикасына көшуге бекінген едік. Алайда, экономикалық тұрғыдан бәсекеге қабiлетсiз болған жос­парлы жүйе күйреп, бұрынғы одақтас елдермен экономикалық қарым-қатынасымыз үзіліп,  жаңа байланыстар бірден қалыптаса қоймаған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мақтанарлық көрсеткіштерге қол жеткізе алмадық.

Қазақстанда 1990-94 жылдары өнеркәсіп өнімдерін шығару көлемі тең жартылай кеміп кетті. Ауыл шаруашылығы өндірісі үштен бірге құлдырап, көлік тасымалының көрсеткіштері үштен екіге кеміді. Өнеркәсіп алыптары тоқтап, жұмыссыздық жайлады, жаппай экономикалық құлдырау басталды. Мемлекеттің кәсіпорындарды басқаруға шамасы жетпей қалды. Инфляция 2 мың пайыздық деңгейге жетті. Тұрғындардың 40 пайызы кедейшілік шегінде өмір сүрді.

Негізінен қаржы тапшылығынан және ескіше басқарудан арыла алмаған кәсіпорын басшылары өндірістік секторды қарызға белшесінен батырды. Сол кездері ақша культке айналды да, айналым қаражаты мен өнім сатудан түскен қаржы шетел асып немесе ебін тауып екі асайтындардың қалталарына түсіп жатты.

1995 жылы орташа айлық еңбекақы 1991 жыл деңгейінің 35 пайызын ғана құраса, ал зейнетақы тек 29 доллар болды.

Сол кездің ащы шындығы осындай еді.

Барлық учаскелерде де қаражаттан қатты зәрулік болды. Заттай төлем мен айырбас белең алды. Елімізге соғыс пен күйзеліс зама-
­нындағыдай жаппай ашаршылық пен жоқ­шылық қатері төнді. Міне, осылайша эконо­микаға батыл да жүйелі, жігерлі де жедел өзгерістер жүргізуді өмірдің өзі талап етті.

Елбасы, ең алдымен, бізді демократия не­гіз­дерін таңдағанда, оны барлық пәледен құтқара алатын құрал ретінде түйсінуден сақтандырды.

Иә, біз экономикалық тұрмыс – саясаттың да, мәдениеттің де негізі екенін түсіне бастадық, ол шынында мемлекеттің, қоғамның, әрбір нақты адам және оның отбасының қалыпты дамуының негізі еді. Өйткені, экономикамен сабақтаспайтын сала жоқ, кез келген мәселенің шешімі экономикаға тәуелді. Оны шешу үшін елде қуатты, осы мәселелерді шешуге қабілетті экономика құрылмаса, ең биік құндылықтар – еркіндік пен демократия, халық игілігі
деген тіркестердің өзі бос сөзге айналып қалатынын түсіндік.

«Бiз – саналы да жiгерлi халықпыз. Менде
Қазақстан азаматтарының нарықтық эко­номикаға тез бейiмделетiнiне күмән жоқ» деп мәлімдеді Президент сонда.

Құрсаулаған қиындықтардан шығып, Қа­зақстанның қарышты даму жолына түсу үшін он жылға жетпейтін уақыт жеткілікті болды. Жағдай түбегейлі өзгерді. Біз Отаны­мыздың шаңырағын асқақтата көтеріп, бо­са­ғасын бекіттік, қауіпсіздігін нығайтуға кірі­сіп, шаруашылық салаларын нарық жолына бағыттадық. Кешегі қиындықты халқымыз ұмыта бастады. Қазір Қазақстан аумағы әлем­­дегі ең қарқынды даму легіндегі эконо­мика­ның біріне ие болып отыр. Бізді алдыңғы қатарлы елдер сенімді экономикалық, саяси әріптес санайтын болды. Реформаның осы бір күрделі кезеңдерінде Нұрсұлтан Назарбаев
көрегендікпен, байсалдылықпен, салқын­қандылықпен ел басқарып, бастаған ісін сәтті атқара білді. Осындай жеңісті де, жемісті кезеңдердегі Президентіміздің еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Оны бүкіл қазақ мойындайды.

Осы жылдардағы басып өткен жолымызға ой жүгіртіп қарасақ, ең шешуші міндет – эконо­микалық қарым-қатынастарды түбегейлі де тиянақты өзгерттік. Шаруашылықты жүр­гізудің ептейсіз ескі жүйесін күйретіп, мемлекет иелігінен – жеке меншікке өтуге, жоғарыдан команда күтіп немесе «Құдай жеткізер» деп қол қусырып отыратын масылдық түйсіктен барынша арылуға, жауапкершілік пен кәсіп­керліктің жаңа үлгілерін енгізуге үндеген әрі оны жүзеге асыруда көшбасшы болған, сол істерге мүмкіндігінше мол адамды тартып, олардың жаңа қадамдарға қарсы түсініктерін өзгерткен, кейбір тосын да түсініксіз шешім­дердің келешекте халық мүддесіне қызмет етеріне сенгендіктен тәуекелге басып, кейде, тіпті, тізеге салыңқырап жіберген де Елбасы Назарбаев болатын.

Назарбаев халықты жеке меншікке баулудың бастапқы тетіктерінің бірі ретінде 1994 жылғы Жарлығымен елді мекендердегі жер телімдерін, саяжайдағы жерді азаматтарға тегін бекітіп бергізді.

Мемлекеттік пәтерлер азаматтардың жеке меншігіне тегін берілді.

1992 жылдың басында сонау 1985 жылдардан басталған тауар тапшылығы, өршіп бара жатқан гиперинфляция бізді нарықтың ең шешуші қадамына – бағаны ырықтандыруға итермеледі. Бетімен жіберілген баға күрт аспандап кетті де, бейқамдау халқымыз қапелімде бұл шараны өте ауыр қабылдады. Елбасының басшылығымен елімізді жайлаған жасырын инфляция ашық инфляцияға батыл алмастырылып, доллардың екі түрлі нарқы – банктегі бағамы мен жасырын саудадағы бағамы болуына жол берілмеді.

1993 жылы біздің төл валютамыз – теңге дүниеге келді. Ол бізге дербес макро­эко­номи­калық саясат жүргізуге мүмкіндік берді. Бірақ, теңгені айналымға енгізу оңай­лықпен жүзеге аса салған жоқ. Қиын кезеңнің ауыртпалығына төзгілері келмей, бар пәлені тәуелсіздік пен теңгеден көретіндер өз ішімізден шықты, бірақ әуелі тосқауылға ұшыраған төл теңгеміз айналымға енгізілген соң бір жыл ішінде-ақ гиперинфляция тоқтады.

Біздің банктер түбегейлі өзгерді.

 

1995-1997:
Конституция мен «Қазақстан – 2030».  
Мақсат айқындаған маңызды құжаттар

Елімізде ауқымды әлеуметтiк, саяси және экономикалық реформалар 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес жүргiзіле бастады, себебі, сол негізгі құжат елімізде президенттік басқару пішіміне жол ашып, бір басшының тәуекеліне, ақыл-парасатына арқа таңып, алға сеніммен аттауға мүмкіндік берді. Әрине, алға қойған  мақсаттарға қолымыз бірден жете қойған жоқ, дегенмен, біртіндеп биікке өрлеп, кей салада жекелеген бағыттарда бірден көзге түсер нәтижелерге жеттік.

Конституция қабылданған кезден бастап экономиканы батыл реформалап, макроэкономикалық тұрақтылықты орнықтыру үшін әлемге әуелден белгілі, бірақ батыл да қатал шаралар жүзеге асырылды. Меншік қарым-қатынастары түбірінен өзгертіліп, жекешелендіру жедел де жігерлі жүргізілді. Осылайша, 1998-жылдарға қарай экономикада жекеменшік секторы қалыптасып үлгерді. Қазіргі кезде республикадағы өнеркәсіп өндірісінің 85 пайызға жуығы жеке меншіктің үлесінде.

Мемлекеттік экономикалық саясаттың негізіне ақша-кредит, салық-бюджет, баға және антимонополиялық, инвестициялық, техно­ло­гиялық саясат алынды. Оны жүзеге асыру үшін екі деңгейлі банк жүйесі құрылып, алтын-валюта резерві қорланды, қор биржасы, салық, кеден жүйесі және басқа органдар қаржылық және мем­лекеттік институттар қалыптасып, дами түсті.

Жеке меншік секторын қолдау және дамыту үшін кеңестік догмалардан арылған, ел экономикасын мүлдем жаңа арнаға бағыттаған нарықтық, әлемдік қалыптарға сәйкес заң шығару базасы қалыптасты. Оны жаңа тұрпаттағы қос палаталы Парламент ойдағыдай атқарды. Осы кезеңде елдің өркендеуіне келелі тағы бір игі іс атқарылды: бүкіл халық референдумда президенттік басқару үлгісін орнықтырған жаңа Конституцияны жақтап дауыс берді. Осы арқылы реформалар талап еткен басқарудың барлық деңгейі жұдырықтай жұмылып, Орталықтың нұсқауын жедеғабыл әрі ұғынықты орындауға оңтайлы әкімдер билігінің мықты вертикалы қалыптасты.

Бұл істер де оңайлықпен жүзеге аса салған жоқ. Экономикада мемлекеттік үйлестірудің басымдығын жақтайтындар, яғни, қалыптасқан тіршілік қалыбын өзгерткісі келмейтіндер жаңа меншіктік қарым-қатынастарға көшуді барынша кешеуілдетуге, лажы келгенше жолын кесуге тырысты. Мемлекет пен азаматтық қоғамды араздастыру ниеті белең алды. Үдерісті одан әрі ушықтырып алмаудың жолы – бүкіл жауапкершілікті мойынға алып, батыл да байыпты саяси ерік-жігер көрсету еді. Оған тек бүкіл халық сайлаған Президент қана құқылы еді. Қазақстанда президенттік билік пішіміне көшу осылайша жүзеге асырылып, Назарбаев бүкіл жауапкершілікті мойнымен көтерді.

Нарықтық экономика мен демократиялық дамуды таңдап алған елімізге алғашқы серпілісті «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасы алып келді. Еліміздегі алғашқы ұзақ мерзімге бағытталған бұл құжат жан-жақты дамуымызға сара жол салды.

«Қазақстан – 2030» бағдарламасы қандай бағытта, қандай дәрежеде алға жылжудамыз, соны терең талдап, даму жолымызды әлемдiк тәжiрибе тұрғысынан бағамдауға мүмкіндік берді.  Бағдарлама экономикалық реформаларды жүзеге асырып, Қазақстан шаруашылығының әлемдiк экономикалық қарым-қатынастар жүйесiне кiрiп, өндiрiс көлемiн елеулi кеміту әрi осының салдары – әлеуметтiк шығындардың объективтi түрде төмендеуiн тоқтату мәселесін қойды. Ол үшін негiзгi факторларды – технологиялық жағынан артта қалған әрі мол қуат көздерін қажет ететiн өндiрiстердi, сондай-ақ шаруашылық жүргiзудiң жаңа тәсілдерін игере алмаған, бәсекеге қабiлетсiз және көптеген кәсiпорындардың тұрып қалуына, дәстүрлi өнім өткiзу кеңістігін жоғалтып, қаржы тапшылығы мен өндiрiстiң құлдырауына алып келген менеджментті өзгерту мәселесі тұрды.

Бұл мезетте Қазақстан шетелдiк капитал мен  жекеше капиталға, сондай-ақ халықаралық қаржы институттарына тәуелдi болып қалды. Экономиканы одан әрi сауықтырып, оңалту ісі инвестициялардың толассыз ағылып келуіне, ол үшін елдегі инвестициялық ахуал едәуiр жақсартылуына ғана байланысты екені белгілі болды.

Бұл жылдары елімізде кедейшілік дендей түсті, бұрын біз көріп-білмеген «жұмыссыздық» деген жаңа ұғым пайда болды. Оған мемлекеттік басқарудағы икемсіздігіміз бен тәжірибеміздің аздығы қосылды. Заңдарымыз жаңа заман талабына ілесе алмай жатты.

Осындай жағдайда біздің жан-жақты қабілетті, өрелі, жаңашыл, тәуекелі мен табандылығы қатар өрілген  Көшбасшымыз болды. Ол, ең алдымен, елімізді дамыту шараларының саясаттандырылмауын, әуелі шаруа-жайымыздың шаңырағын тіктеп алуды ұсынып: «Әуелі экономика, сосын саясат» деген қағидамен алға жылжуды ұсынды.

Бұл сындарлы идея біздің еліміздің даму жолын белгілеп берді және оның дұрыстығына қоғамымыз көп ұзамай көз жеткізді.

Бағдарламаның ұзақ мерзімді басым мақ­­саттары мен оларды іске асырудың сапында шетел инвестициялары мен iшкi жинақ­та­лымдардың деңгейiн артып, ашық нарықтық қарым-қатынастарға негiзделген экономикалық өрлеудiң нақтылы, тұрлаулы және барған сайын арта түсетiн баянды қарқынына қол жеткiзу мұраты аталды.

Әсіресе, мұнай мен газ өндiрiп, экспорттаудан қалыпты экономикалық өрлеу мен халық тұрмысын жақсартуға жәрдемдесетiн табыс алу арқылы Қазақстанның энергетикалық ресурстарын тиiмдi пайдалану жоспарланды.

Инфрақұрылымды, әсіресе, көлік және байланыс секторларын ұлттық қауіпсіздікті нығайтып, саяси тұрақтылық пен экономикалық өрлеуге жәрдемдесетіндей етіп дамыту белгіленді.

Түпкiлiктi мақсат – экономикалық өрлеу, ал макротұрақтандыру осы мақсатқа жетудiң құралы ретінде назарда ұсталды.

Егер сол жылдары етектен басқан енжарлы­ғымызды еңсерiп, бойымыздағы барша күш-қуатымызды басты бағыттарға жұмылдыра алмасақ, табандылық пен икемдiлiк, тәртiп пен шығармашылық қарым таныта алмасақ, бiз тұралаған күйімізден айығып, қаз тұрып кете алмас едік.

Елбасы 1997 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Адамдардың өмірінде шарықтау сәті бар, ол, егер дұрыс пайдалана білсе, табысқа жеткізеді. Егер оны қолдан шығарып алса, онда одан кейінгі жол қайраңға малтығып, тайғақ кешумен ұласады» деген ағылшын данасы Шекспирдің сөздерін келтірді. Бұл Қазақстан халқын қайрай түскен, тәуекел мен сенімді қатар алып жүруге үйретерлік аталы сөз болды деп түсінеміз.

Күнделікті қам-қарекет пен ағымдағы iстердiң ыңғайына жығылып, басты нысанамызды бiртiндеп естен шығару, жеңiл, тiптi кейде керексiз жұмыстарға ауысып, ауырын, алайда, стратегиялық тұрғыдан маңыздысын кейiнге ысыру – Кеңестік кездегі экономиканы басқару үрдісінен ауысқан, бойға сiңістi дертiмiз еді. Сондықтан да күн сайын алдымызда тұрған басымдықтарды бажайлап, әр күн сайын алдағы мақсатымызға жетудің қамын ойлау, содан соң әр кеш сайын уақытымызды қаншалықты тиiмдi пайдаланғанымызды бағамдап отыруға тиіс болдық, әрі солай жасадық та.

 

6624a8351d6b7f561da7b01d81bdedd3

1999-2007:
Инвестициямен бірге игілік келді

Алғашқы онжылдықта елімізге «Шеврон», «Бритиш Петролеум», «Миттал», «Дженерал электрикс», «Дженерал моторс» сияқты аса ірі инвесторлар келе бастады.

1999 жылдан 2007 жылға дейін ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімі орташа есеппен жылына 10 пайызды құрады.

Осылайша тек алға ұмтылып, жаңа тұрмыс, тың тірлік үлгісін қалыптастыру жолында алғашқы он жылымыз өтті.

2000 және 2010 жылдар аралығында Қазақстан кейбір шешуші салаларда айтарлықтай ілгеріледі. Ішкі жалпы өнімнің өсімі жыл сайын орташа 8,5 пайызды құрап, 2008 жылы жобаланған мөлшерден 2,3 есе асып түсті. 2007 жылы өнеркәсіп өндірісі 78 пайыз өсімге жетіп, онжылдық кезеңнің мақсаттарына жетті, ауыл шаруашылығы өндірісі 1,5 есеге өсті. Экономиканы жедел әртараптандыру үшін берік негіз қаланды. Даму институттары құрылып, табысты жұмыс істей бастады, қажетті заңдар легі дайындалды.

2008 жылы Ұлттық экономиканың тұрақты­лығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» құрылды. Қор корпоративті басқарудың жаңа әдістерін енгізумен қатар, еліміздегі және шетелдегі стратегиялық нысан­дарды сатып алумен айналыса бастады әрі ірі мемлекеттік активтерді біріктіру арқылы эко­номиканың стратегиялық саласын бір орталыққа теліді. Яғни, еліміздегі мұнай-газ саласын, темір жол, телекоммуникациялар, көлік пен ұлттық даму институттарын қосқанда, экономиканың әртүрлі саласындағы ұлттық компанияларды қарамағына алды. Осылайша еліміздің басым бағыттарында қызмет етіп жатқан акционерлік қоғамдардың қаржылары бір орталықтан ба­қыланып, бағытталып отыратын болды.

Жаңа тарихымыздың алғашқы жылдарынан бастап экономикамыздың өрлеуіне жол ашатын тағы да бірнеше ілкімді істерді қатар атқардық. Мәселен, шекарамызды нақтылап, одан өтетін тауар ағынын бақылауды жүзеге асырдық. Бұл кеден­дік бақылауды жақсартып, сол арқылы елімізден тыс жерге кетіп жатқан тауарлар ағынына мониторинг жасап отыруға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, Қазақстан аумағына кіріп, шығып жататын авто және темір жолдарды еліміздің өз ішімен жүргіздік. Бұл шара тәуелсіз ел ретінде әрлі-берлі жүргенде түрлі тексерістерден өтуге мәжбүр болып, артық шығынға ұшырап, жүйке жұқартудан қорғады әрі өз жерімізбен өтетін жолдар бұрынғыдан гөрі арақашықтықты жақындатты. Осылайша ел тұрғындарының бір бөлігін Ресейдің, Қырғызстан мен Өзбекстанның басы артық бақылау әуресінен құтқардық.

 

 

07122012-1 2010-2013: 

Индустриялық-инновациялық даму – болашаққа сілеусін секіріс

2010 жылдың қаңтарында жарияланған Индустриялық-инновациялық даму бағдар­ла­ма­сын­да жоспарланған көрсеткіштердің кейбірі жүзеге асырыла бастады.

Индустрияландыру бағдарламасының арқасында тек 2010-11 жылдары 350-ден астам түрлі өндіріс орны пайдалануға берілді. Жалпы, тәуелсіздік жылдарында барлығы 800-дей жаңа кәсіпорын іске қосылып, ел экономикасының өрлеуіне қызмет етіп келеді.

Елімізде барлық мемлекеттік органдарға бақылау жасаудың бірыңғай ұстындары мен тәртібін қалыптастырған «Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» заң қабылданды. Бұл шаруашылық субъектілерін жөнсіз тексеріп, әкімшілік қысым жасауды барынша азайтты.

1998 жылы белгілі саясаттанушы Збигнев Бжезинский «Қазақстан Еуразияда ғана емес, тіпті, Орталық Азияның өзінде елеусіз, болашағы бұлыңғыр ел» деген екен. Ал 2011 жылы Еуропа Кеңесінің бас хатшысы Янгланд: «Әлемнің кез келген тұрғыны Қазақстанның тек өңірде ғана емес, әлемдік деңгейде зор табысқа жеткенін айта алады» деді. Осылайша біздің соңғы он-он бес жыл ішіндегі көрсеткіштеріміз бір кезде өздері күмәндана қараған әлем саясаткерлерін еліміздегі экономикалық дамуды мойындауға мәжбүр етті.

Тәуелсіздік жылдары шағын және орта бизнес субъектілері 35 еседей көбейіп, 1993 жылғы 19 мыңнан 2012 жылы 700 мыңға дейін өсті. Бүгінде шағын және орта бизнес саласында екі миллионнан астам адам еңбек етуде. Сонымен қатар, еліміз әлемнің 126 еліне 200-ден астам өнім түрін шығаруда. Ұлттық дәулетіміздің үштен бір бөлігі шағын және орта бизнестен құралады. Соңғы он жылда экономиканың осы секторының өндірген өнімі 20 есе өсіп, шамамен 7 триллион теңгеге жетті.

Бизнесті жүргізу жөніндегі Дүниежүзілік банк рейтингінде Қазақстан ТМД-ның барлық елін көш соңында қалдырып, 47-орынды иеленді.

Британ елінің экономист-ғалымдары ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдығындағы ең ырғақты экономикасы бар жиырма бес елдің арасында Қазақстан тек алдына Қытай мен Катарды ғана жіберіп, үшінші орында тұрғанын айтады.

Егер 90-жылдардың басында өнеркәсіп өнімінің көлемі бар-жоғы 0,2 миллиард теңгені құраса, 2012 жылы ол 12 триллион теңгеден асып кетті.

1990 жылы басқа елдерге ештеңе шығармаған Қазақстанның экспорты бүгінде 75 миллиард доллардан асады.

Тәуелсіздік жылдарында елімізде мұнай өндіру үш еседей артты.

Көмір саласы елдің электр қуатының 78 пайызын қамтамасыз етеді.

Еуропа мен Азия арасындағы стратегиялық мәні зор орын иеленген еліміз тиімді транзит әлеуетіне ие. Қазір бірегей «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзитті дәлізін жүзеге асыруда. Трасса құрылыстарында 50 мың адам еңбектенуде. Үш жыл ішінде 2700 шақырым сапалы автомобиль жолы іске қосылды.

Бұрын сатылып кеткен активтердің бірқатар маңызды бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылды. Енді «Богатырь», Қарашығанақ, Қашаған кен орындары мен «ENRC», «Қазақмыс» компаниялары активтерінің басым бөлігі мемлекет иелігіне қайтарылмақ.

***

Өңірлерді дамыту мәселесіне келсек, қуатты Қазақстан дегеніміз – бұл ең әуелі өңірлердің қуаттылы болуы. Елдің болашағы экономикадағы келешегі зор салаларды дамытуға тікелей байланысты.

Ол үшін өңірлерде жаңа зауыттар көп салынып, жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды дамуы қажет.

Қазақстанда келешегі зор қалалар шоғырына Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент шаһарлары жатады. Бұлардың алды таяу жылдарда миллионға жететін қалалар санатына қосылып жатса, таңқаларлық нәрсе емес.

Әсіресе, Астана жөнінде ерекше тоқтала кетуге тиіспіз. Осыдан он алты жыл бұрын Арқа төсіне ауысқан Астана жаңа Қазақстанның елдік белгісіне әрі шынайы мақтанышына айналып, мемлекетіміздің өмірінде жасампаздық белесіне бастау болды, ел экономикасына үлкен серпін берді. Ең алдымен, құрылыс саласын дамытып, бүкіл ел экономикасын өрге сүйреді.

Тағы бір игілікті іс – елімізде соңғы жылдары тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру мықтап қолға алына бастады. Бұл, алдымен, тұрғындардың мемлекеттік органдар қызметіне сенімін нықтап, сонымен бірге белең алған сыбайлас жемқорлықты болдырмау септігін тигізері хақ. «Электрондық үкіметтен», яғни, Үкіметтің іс-қағаздарын электрондық жүйеге көшіруден басталған бұл іс елдегі барлық мемлекеттік қызмет көрсетудің 60 пайызын, оның ішінде лицензиялау секілді күрделі мәселелерді электронды нұсқада ресімдеуге жол ашты. Енді мемлекет атынан берілетін барлық рұқсатнама құжаттарын тұрғындардан оң бағасын алып үлгерген Тұрғындарға қызмет көрсету орталықтары арқылы жасалып жатыр.

Елдің шаруашылық жағдайы туралы айтқанда, экономикалық дамуымызға ерекше әсері бар ауыл шаруашылық саласы туралы айтпай кетуге болмайды. Бүгінде бүкіл әлем бойынша азық-түлік тапшылығы жыл санап артып, тамақ өнімдеріне сұраныс ұлғая түсуде. Ұлан байтақ жері бар біздің елдің осы мүмкіндікті пайдаланып қалуы орынды.

Осыны ескеріп, Елбасы 2002-2005 жылдарды ауыл жылдары деп жариялап, содан бері ауыл шаруашылығын қолдауды еселей арттырып келеді.

Бұл салада осы оншақты жылдар ішінде біршама істер атқарылды. 2005 жылы «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» заң қабылданды. Аталған құжатқа агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың бұрын болмаған жаңа ережелері енгізілді. 2006 жылы «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі құрылып, бұрыннан қалыптасқан және жаңадан ұйымдастырылған жеті акционерлік қоғам оның құрамына енгізілді, ауылға қолдау көрсету жолдары бірыңғайланып, жүйелі түрде жүзеге аса бастады.

Бұл салаға қатысты, ауыл шаруашылығы маманы ретінде мен «диқандар мен малшылар қауымы өндіріп, өсірген өнімдер тұтынушыға ешбір делдалсыз тікелей жетсе ғой, шіркін» деп армандаймын. Сол кезде фермер де, тұтынушы да ұтар еді, өнім бағасы едәуір төмендеп, сапасы да жақсарар еді.

Таяу онжылдықта азық-түлік қауіпсіздігі әлемдік қоғамдастықтың үнемі назар аударатын саласы болады. Жаһандық рецессия азық-түлік бағасының, 2007-08 жылдарда байқалған біршама жоғары деңгейімен салыстырғанда, уақытша төмендеуіне алып келді. Сонымен қатар, көптеген елде адам саны өсуінің жалғасуы және әлемдік экономиканың қалпына келуі азық-түлік тауарлары бағаларының ұзақ мерзімді өсуіне алып келеді деп болжанып отыр. Жер ресурстарына бай, халқы көп елдердің ортасында тұрған Қазақстан азық-түлікке өсіп отырған әлемдік сұранысты қанағаттандыруға сай болу үшін отандық ауыл шаруашылығын дамыту жолдарын қарастырмақ.

***

Қазақстан Республикасының Президенті 2004 және 2006 жылдардағы екі Жолдауында Қазақстан бәсекеге қабілетті мемлекет болуға тиіс деген міндет қойған еді.

2004 жылғы Жолдау «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін!» деп аталса, 2006 жылғы Жолдау «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіру стратегиясы» аталды…

Қазіргі кезде дүние жүзінде бәсекеге қабілеттілік индексін есептейтін үш орталық бар: Давостағы Бүкіл дүниежүзілік экономикалық форум, Лозаннадағы Менеджментті дамыту институты және АҚШ-тағы Гарвард университеті. Лозаннадағы институт ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексін есептеп шығарудың 320 көрсеткіші бар дейді, оның ішінде 83 көрсеткіш – экономикалық, 77 көрсеткіш үкімет пен басқарудың тиімділігі, 69 – бизнестің тиімділігі, 94 көрсеткіш – инфрақұрылымға қатысты.

Қазақстан Бүкіл дүниежүзілік экономикалық форумның өлшеу көрсеткішіне 2005 жылдан бастап қана кіріп, сол жылы 61-орынды иеленді.

Еліміз осы 2012 жылдың қорытындысымен 51 орынды иеленсе, Елбасы жолдауларында айтылған межеден шығып, 2013 жылы әлемдегі бәсекеге қабілетті 50-інші ел ретінде тіркелді. Ұзағынан сүйіндіргей!

Бәсекеге қабілеттілік жолында қойылар талап көп, солардың бәрін бірер сөзбен айтар болсақ, біріншіден, Қазақстан халқы бәсекеге қабілетті болуы тиіс; екіншіден, мемлекеттік билік бәсекеге қабілетті болғаны жөн; үшіншіден, Қазақстан бизнесі бәсекеге қабілетті болуы шарт. Осы үш бағытты қатар алып жүре алсақ, біз алмайтын асу, бағындырмайтын биік қалмайды!

***

Еліміз тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында мықты экономика мен берік мемлекет құрылым қалыптастырды, екінші онжылдық өсім мен күш жинақтау кезеңі болды.

Үшінші және төртінші онжылдықтар біздің ел үшін алға тарихи секіріс дәуірі болмақшы.

Бүгінде алдымызда постиндустриялық әлемнің белсенді бөлігіне айналу міндеті тұр.

Оның алғашқысы – жаңа индустрияландыру, ол – тәуелсіздіктің мәңгілік қозғалтқышы, жаңа ғасырдың кең ауқымды өркениетті жобасы. Қазір Қазақстанда электрониканың, машина жасаудың, авиация құрылысының, локомотивтер мен вагондар өндірісінің, құрылыс индустриясының жаңа салалары мен елімізде бұрын ешқашан болмаған басқа да шаруашылық арналары құрылуда.

Содан соң инновацияларды енгізу, бұл – экономиканы ғана емес, сонымен бірге қоғамның басқа да салаларын қамтитын тарихи жүйеден, әлемдік дамудан тысқары қалып қоймаудың бірден-бір жолы.

Сондай-ақ, біз өңірлік және жаһандық интеграциялық үдерістерге белсенді қатыспасақ, елдің шынайы тәуелсіздігін қамтамасыз ете алмаймыз.

Интеграция – қазақстандық бизнес пен барша қазақстандықтар үшін орасан зор мүмкіндіктер, ол – біздің егемендігіміз бен тұтастығымыздың сенімді халықаралық кепілдіктері, өңірлік қауіпсіздіктің барлық өлшемдер бойынша алғандағы берік арқауы.

Сонымен бірге, әлемдік экономикада алдағы он бес-жиырма жылда басым рөл атқаратын «болашақ экономика» секторларын: ақпараттық және коммуникациялық технологияларды, биотехнологияларды, баламалы энергетиканы дамыту ісі де еліміздің ілгері даму бағдарын белгілеуге темірқазық болғаны жөн.

Президентіміз табанды түрде ұсынып келе жатқан «G-GLOBAL» жобасы дегеніміз – ең алдымен, ХХІ ғасырдағы әлемдік қаржы-экономика жүйесін реформалаудың кешенді жобасы, жаһан­дық энергетика бағыты және «Жасыл көпір».

Бұлар бүгінде жалпы әлемдік диалогтың бөлігіне айналды, БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдарда, біздің басқа елдермен көптарапты және екіжақты келіссөздерде талқыланып жатыр.

… Қорыта келгенде, бүгінде Қазақстан іс жүзінде барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша көш бастаушылар тобында келеді. Осы күндерге жетуіміз ең алдымен халықтар бірлігі мен өзара түсіністіктің нәтижесінде мүмкін болды.

Елбасы «Бақ бағалағанның басында тұрады», «Ырыс – ынтымаққа жолығады, дәулет – бірлікпен толығады» деген сөздерді жиі қайталайды. Құр айтып қана қоймай, елімізде жер жүзінде теңдесі жоқ әлемдік үйлесімнің, этностар арасындағы жарасымның бірегей үлгісіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды.

Тәуелсіздік жылдарында елімізде қазақ тілінде білім беретін мыңнан аса мектеп пайда болды, 1991 жылы қазақ тілінде білім алған шәкірттер саны 32 пайыз болса, қазіргі кезде 85 пайыздан асты. Жақын жылдары еліміздегі мемлекеттік тілді меңгерген адамдардың үлесі 95 пайызға жетпек.

Мұның бәрі – жетістік. Дегенмен, талай тар жол, тайғақ кешуден өткен халқымыз Елбасының басшылығында саясатқа емес, экономикаға күш салуының нәтижесінде ұтты. Биікке өрледі. Жеңістерге жетті.

 

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button