Елорда - есіміҚоғам

Мерейлі белес

1992 жылы Целиноград қаласына ежелгі Ақмола атауы қайтарылғаны тарихтан белгілі. Бұл іске белгілі журналист, ғалым, ұстаз Мұратбек ­Тоқтағазиннің елеулі үлес қосқанын қазір біреу білсе, біреу білмес. Сол уақытта ол «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің осы өңірдегі меншікті тілшісі, Целиноград қалалық халық депутаттары кеңесінің Ақмола атауын қайтару мәселесі бойынша қоғамдық пікірді зерттеу комиссиясының қосалқы төрағасы еді. Өзі істейтін басылымда жария­ланған мақалалары мен оқырмандарының қолдау хаттары, кеңес отырыстарында тарихи ­атауды қайтарудың дұрыстығын дәлелдеп, сөйлеген сөздері ақыры мәселенің оң шешілуіне ықпалын тигізді.

Жазуға мектеп оқу­шысы кезінен құштар болды. Қоғамдағы белсенді қызметімен де сол уақыттан көріне бастады. 1-7 сыныптарда сынып старостасы болса, 6-сыныптан бастап мектеп, ауыл өмірінен жазған мақалалары аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жиі жария­ланатын. 8-10 сыныптарда өзі оқыған Октябрь орта мектебі комсомол комитетінің хатшысы ретінде оқушы жастарға жетекшілік етті. Жасөспірім шағында Аягөз аудандық «Алға», облыстық «Семей таңы», республикалық «Қазақстан пионері» газеттерінің «штаттан тыс тілші» деген куәліктері де қолында болған. Мектептің «Жас қалам» атты қабырға газетінің редакторы ретінде «Ресми жаңалықтар», «Мектеп мақтанышы», «Әзіл-ос­пақ әлемі», «Ой-өрім», «Кірпі» сияқты қызықты айдарлар ойлап тапты. Ара-тұра республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде де мақалалары жарық көретін.

Студент кезінде де жазудан бір шаршамайтын. Сол уақытта КазГУ қалашағында «Қобыратып түнімен көп қағазын, Отырады Мұратбек Тоқтағазин» деген бар болғаны екі-ақ жол өлең тарап кетті. Ал университетті аяқтағаннан кейін арнайы шақырумен Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» (бүгінгі «Арқа Ажары») газетіне қызметке келді. Бұған әдебиетіміз бен мәдение­тіміздің алтын көмбесі, өнер мен руханиятымыздың тамыр­шысы Ақселеу Сейдімбек пен осы басылымның сол кездегі бас редакторының бірінші орынбасары Жомарт Әбдіхалық мұрындық болды. Бұған да қырық жылға жуықтады. Иә, Мұратбек Балқыбекұлының кешегі Ақмола, бір жылдары өзі жазғандай, кіндік қала Астананың тұрғыны атанғанына осыншама уақыт болды.

Сол жылдары өзге ұлттар басым қалада қаламмен де, қоғамдық қызметімен де ұлттық мүддені аянбай қорғады. Жалындаған 25 жасында Целиноград қалалық халық депутаттары кеңесінің депутаты болып сайланды. Осы кеңестің ұлттық және интернационалдық дәстүрлер, тіл, тарихи мұраларды қорғау жұмыстары жөніндегі секцияның төрағасы болды. Бұл кеңес мүшелерінің 80 пайызы орыстілді азаматтар еді. Солармен дау­ласа жүріп, қазаққа қатысты бірталай мәселенің шешілуіне атсалысты.

Мәселен, қаладағы жалғыз қазақ мектебі Ж.Жабаев атындағы №4 мектеп бала санының аздығына байланысты жабылу алдында тұрғанда оқушы санын толтыруға, №3 орта мектепте қазақ сыныбының ашылуына үлес қосты. Журналистер қауымы маңдайшалардағы қазақ тіліндегі жазулардағы қателерді сынап жататынымыз бар, ал Мұратбек Тоқтағазин баяғыда-ақ соны қолға алып, біршама түзеліп қалуына ықпалын тигізді. Бітірген бір үлкен ісі, бұл, әрине, Целиноградқа Ақмола атын қайтару.

Осы мәселе өзге ұлттар басым қалалық халық депутаттары кеңесінде бірталай пікірталас тудырғанын біз айтпасақ та, түсінікті шығар. Кеңес сессияларының бірінде сөз сөйлеген журналист-депутат: «Мен сіздердің алдарыңыз­да жоғалғанды қалпына келтіру, көрешекті әбден көрген  халқымыздан ұрланған, тартып алынған жайтты тілге тиек еткелі отыр­мын. Соның бірі – біздің қаламыздың тарихи атауының өзгеруі. Біз, депутаттар,  қаламыз­дың тұрғындарының заңды қалаулылары, өткендегі әкімшіл-бұйрықшыл жүйенің бүлдіргендері мен заңсыз әрекеттерін түзету жөнінде  маңызы бар шешім қабылдауымыз керек. Тек біздің қаламыздың тұрғындары ғана емес, тек біздің республикамыздың жұртшылығы ғана емес, сонымен  қатар республикамыз­дан тыс жерлерде тұратындар біздің әрекеттерімізді демократиялық бетбұрыс, тарихи әділеттіліктің орнығуы және ат төбеліндей атқамінерлердің шолақ шешімімен жоқ етілген адамдардың заңды құқықтарының қалпына келтірілуі деп бағалайтын болады» деп әріптестерін иландырды.

Депутаттар қала атауын ауыстыру көп қаржыны қажет етеді деген сылтау айт­қанда, Горький қаласының Нижний Новгород атауына өзгеру тәжірибесін келтіреді. Бұл мәселені сол шаһарға барып, арнайы зерттеген еді. «Социа­листік Қазақстанда» шыққан мақаласынан ­кейін газет оқыр­мандарынан 2 мыңнан астам хат келіп түсті. Целиноград облыстық кеңесін де хаттар жауып кетті. Осы кеңес төрағасы Андрей Браун журналист-депутатқа «зәулім үй салайық, жер телімдерін ­берейік, бірақ осыны тоқтатыңыз» деп жалынғанда да алған бетінен қайтпады. Ал оның нәтижесі бүгіндері белгілі.

Университет бітірерде ұстазы Тауман Амандосов аспирантураға қалуға ұсыныс жасады. Бірақ кезінде оны құп алмай, ғылымға ғасырлар тоғысында ғана келді. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның Халық жазушысы Ә.Нұршайықов­тың туындылары негізінде «­Әзілхан ­Нұршайықов шығармашылығындағы деректік негіз және көркемдік сипат» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 2011 жылдан бастап осы университеттің Баспасөз және баспа ісі кафедрасының доценті, ал соңғы 5 жылда профессоры.

Бірақ баспасөзден қол үзбеді, бүгіндері ұстаздықпен қатар «Әділет. Рухани жаңғыру» республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық газетінің бас редакторы қызметін атқарады. Сондай-ақ Бас редакторлар клубының вице-президенті.

Ғылым саласындағы еңбегіне қысқаша тоқталсақ, журналистиканың, көсемсөздің өзекті мәселелерін кешенді зерттеп, 2 монография, 2 оқу құралын баспадан шығарып, 10 ғылыми жинақтың құрас­тырушысы, жауапты редакторы болды. 80-нен астам ғылыми-зерттеу мақалаларын Қазақстанның, Беларусьтің, Ресейдің және басқа шет елдердің ғылыми журналдарында, халықаралық басылымдарында жариялады. 2018 жылдан бастап әдебиеттану саласы бойынша қауымдастырылған профессор. Әлемдегі ірі биб­лиографиялық және реферативтік Web of Science, Scopus деректер базаларында 5 ғылыми мақаласы жарияланған.

Мұратбек Тоқтағазиннің отандық басылымдарда журналистиканың әртүрлі жанр­ларында жазылған 300-ден астам материалдары жарияланған. «Деректілік пен көркемдік», «Ақмола үшін айқас», «Кітап басу ісіндегі коммуникативті саясат және жарнама», «Эпистолярные жанры в публицистике Беларуси, России и Казахстана», «Замансөз заңғары» атты кітаптары жарық көрген.

Шығармашылық жетістіктері мен атақтары да аз емес. «Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі», «Ақпарат саласының үздігі», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» және басқа да төсбелгілермен марапатталған.

Ал күні кеше ғана «Құрмет» орденін өңіріне тағып, асқаралы алпыс жасқа толды. Әріптесімізге мемлекеттік марапат та, мерейлі белес те құтты болсын дейміз.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button