Қоғам

Мерейлі күнге құрмет

Алматы ауданы әкімдігінің қолдауымен аталған аудан ардагерлерінің ұйымдас­тыруымен «Қазақ елі» монументінің жанында Қазақстан Республикасының Конституция күніне арналған «Менің Қазақстаным» атты флешмоб өтті.

Бес жүзге жуық ардагер қатысқан флешмобта Астана ардагерлері өздерінің Отанға деген құрметін көрсету мақсатында қыран бүркіт және күн формасында жиналып көрініс шығарды және де патриоттық әндер айтып, би биледі.

Сондай-ақ ұйымдастырушылар аталған іс-шараның басты мақсаты – көпшілікті бірлікке, елдікке ұйыстыратынын айтып өтті.

– Ата Заң күніне орай ұйымдас­тырылып жатқан бұл флешмобқа ардагерлеріміз атсалысып жатыр. Жалпы біздің Ата Заңымыздың тарихы тым арыда. Бұл Заң ­Президент Қ.Тоқаевтың басшылығымен Әділетті Қазақстан құруға, елде демократия негіздерін орнықтыруға бағытталған. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп батыр Бауыржан Момышұлы айтпақшы, заңмен жүрген адам да, ұлт та азғындамасы анық. Сондықтан да Ата Заң күні біздің еркіндігіміздің, қоғамдағы әділдік пен ақиқаттың салтанат құратын күні деп бағалауға болады. Бұл – Әділетті Қазақстанның ортақ мерекесі, – дейді Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин.

Ал іс-шараның басы-қасында жүрген зейнеткерлер адамдарды бір жерге, бір идея төңірегінде топтастырудың да оңайға соқпайтынын айтады. Сондай-ақ мұндай іс-шаралар патриоттық сезімді оятып, жастардың елге, жерге деген сүйіспеншілігін арттыруына септігін тигізетіндігін жеткізді.

– Бүгін астаналық ардагерлер ұлттық киім киіп, «Қазақ елі» монументінің алдына жиналып жатыр. Мұндағы мақсатымыз – Конституция күніне орай ұлттық санамызды жаңғырту. Жастарға тәрбиелік мәні бар жиналыс ұйымдастыру. Сондай-ақ «Жаңа Қазақстанның» жаңашылдығына зейнеткерлеріміздің де ілесе алатындығын дәлелдеу. Бүгінгі іс-шараға қатысушылардың көбі – салауатты өмір салтын ұстанған ардагерлер. Олардың осында жиналып, белсенділік танытуының өзі өмірге деген сауатты көзқараста екендіктерін айғақтайды. Сондықтан да мереке құтты болсын. Жастарымыз қарттарымыздан үлгі алып, Отан үшін аянбай еңбек ете берсін дегім келеді, – дейді ардагер ұйымдастырушы Раушан Исқақова.

Аталған флешмоб биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Бірінші жылы 100-ге жуық, екінші жылы 300-ге таяу ардагерлердің қатысуымен өткен бұл флешмобқа 500-ге жуық адам қатысты.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button