БілімЖаңалықтар

Мерейтойда мазмұнды әңгімелер айтылды

ERA_1759+

Кеше Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, алаштанушы Қайрат Сақтың елу жасқа толған мерейтойына орай салтанатты шара өтті. «Қазақстан-2050 стратегиясы» аясында журналистік білім берудің бүгіні мен болашағы» деп аталатын ғылыми-тәжірибелік конференция қонақтардың той иесіне тілек-лебіздерін арнауымен басталды.

Жиынды ашып сөз сөйлеген оқу орнының проректоры, профессор Дихан Қамзабекұлы Қ.Сақтың еңбек жолындағы жетістіктері мен қызметіндегі қарымдылығын сөз етті. «Қайрат Өмірбайұлының өзі ашылуына атсалысып, деканы болып отырған Журналистика және саясаттану факультеті көптеген сту­денттерді түлетіп, қанат қақтырды. Әлі де ел игілігіне қызмет ететін талай маманды әзірлейтініне сеніміміз мол. Біз бұл жиынды осы факультеттің зиялы қауым алдындағы есебі деп қабылдауымыз қажет» деді ол.

Басқосуда қоғам қайраткері, теледраматург Сұлтан Оразалы мерейтой иесі туралы «Егемен Қазақстан» газетіне бекер жазбағанын айтты. «Бір кездері «Қазақ» деген қалың кітап шықты. Бұл жинақты жапа-тармағай іздеп, оқығанымыз бар. Өйткені, біздің кезімізде «Қазақ» газетінің өзіне қолымыз жете қойған жоқ. Ал, сол шақта жап-жас Қайраттың сондай қат дү­ниені өз ұлтына қайта оралтуға атсалысуы, төте жазудан кириллицаға көшіруі үлкен еңбек еді. Кітапты құрастырған адамды айтпағанда, оны оқыған жанның өзі ұлт, халық, жұрт ұғымдарын терең ұғынады» деген қаламгер ақ тілегін де арнады.

Конференция барысында Қа­зақстан журналистика акаде­мия­сының президенті, профессор Сағымбай Қозыбаев, Мемлекеттік тарих институтының директоры Бүркіт Аяған, оқу орнындағы философия кафедрасының меңгерушісі, академик Ғарифолла Есім, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Астана қала­сындағы өкілі, балалар жазушысы Толымбек Әбдірайым, Бас редакторлар клубының вице-президенті, журналист Мұратбек Тоқтағазин, Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы Әбдіғали Нағманбекұлы сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді. Қонақтар мерейтой иесіне сый-сияпаттарын тапсырып, салтанатты жағдайда марапаттарын ұсынды.

Алқалы жиында қазақ журна­листикасының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен даму жолдары және түйткілді мәселелері де сөз болды. Сонымен қатар «Алаш мұрасы», «Алаш көсемсөзі: жер мәселесі» кі­таптарының таныстырылымы өтті.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button