Жаңалықтар

МЕРЕЙТОЙҒА АРНАЛҒАН ТУЫНДЫНЫ ТАМАШАЛАДЫ

jeniske-70-jyl

ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының Ұлы Жеңістің 70 жылдығына тартуы – «Тыраулап ұшқан тырналар» атты лирикалық драмасын тамашалады. Театрдың көркемдік жетекшісі Талғат Теменов сахналаған туынды қазақ солдаты мен неміс қызының арасындағы майдандағы махаббат хикаясынан сыр шертеді.

– Бұл қойылым, ең біріншіден, ағаларымыз бен апаларымыздың майданда көрсеткен үлкен ер­лігі туралы баяндайды. Одан кейін махаббатқа, Отанға деген сүйіспеншілікке, ерлік пен өжеттілікке үндейді. Қазақстан жерінен 1 миллион 800 мыңнан астам азамат соғысқа аттанды. Олардың жартысы жер жастанды. Қазір елімізде 4700-ден астам ардагер бар. Оларға барлық құрмет көрсетіліп жатыр. Жыл бойына да көрсетіле береді. Ал, мына қойылым барлығымыздың бойымызда патриоттық сезімді оятады деп ойлаймын» деді Гүлшара Әбдіхалықова.

Мемлекеттік хатшымен бірге қойылымды тамашалауға Парламент депутаттары, бел­гілі мәдениет және өнер қайрат­кер­лері, зиялы қауым өкілдері келді. Солардың арасында болған «Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында соғыс жылдарында халқымыздың ерлігін көрсететін, адамдардың психологиясын, табиғатын аша түсетін шаралар туралы хабар берді. Оның айтуынша, жақын күндері бүкіл республиканы қамтыған «Қайран ерлер – қаһарман ардагерлер» фес­тивалінің қорытындысы шығарылмақ. Нақты айтсақ, 22 сәуір күні өтетін гала-концертте фес­тиваль жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button