Басты ақпарат

Мерейтойлық маусым мәресі

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония –жаңа астананың байырғы мәдениет ошақтарының бірі. Өнердің тамыры 1997 жылдан бері соғып тұрған өнер ошағы XXV концерттік маусымын аяқтады. Оның қорытындысын мәдени мекеменің бас директоры, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Ерлан Дәкенов айтып берді. 

[smartslider3 slider=3496]

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының жетекші концерттік-ағартушылық мекемесі және еліміздегі ең үлкен филармония құрамында 12 шығармашылық ұжым бар. Бұл – қазақ оркестрі, симфония­лық оркестр, үрлемелі оркестр, Ғ.Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті квартет, камералық хор, «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі, «Шалқыма» халық би ансамблі, «Қорқыт» этно-ансамблі, классикалық және эстрадалық вокал бөлімі, халық ән бөлімі, «ALEM» эстрадалық би ансамблі. 2021-2022 жылдардағы концерттік маусымда филармония пандемияның барлық қиындықтарын еңсерді.

«Қорқыт» этно-ансамблі, қазақ оркестрі, «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі, халық әні бөлімі Қазақстанды БАӘ-де өткен Dubai EXPO-2020 дүниежүзілік көрмесінде таныстырды. Жаңа концерттік бағдарламалар мәдени көріністерді сағынған көрермендердің көңілінен шықты. Атап айтсақ, қазақ оркестрінің Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Мәңгілік ел» концерті, Семей қаласындағы Ә.Қашаубаев атындағы филармония әншілерінің қатысуымен әнші, композитор Т.Рахимовтың 70 жылдығына арналған «Сәби болғым келеді» атты еске алу кеші, «Шалқыма» халық би ансамблі мен Беларусь Республикасының Мемлекеттік академиялық би ансамблінің «Достық жолы» атты бірлескен концерті есте қалды.

Ақиық ақын Мұқағали Мақа­таев­тың 90 жылдық мерейтойына орай классикалық және эстрадалық вокал бөлімінің «Есіңе мені алғайсың» атты концерті өтті, ал үрлемелі оркестр Қазақстанның Халық әртісі, көрнекті композитор Ескендір Хасанғалиевті еске алу кешін ұсынды.

Камералық хор көрермендерді ұлттық ән-күйге негізделген «Тал бесіктен – Жер бесікке…» атты театрландырылған сахналық қойылымымен таң қалдырды. Одан кейін «Зеркала времени» академиялық концерті мен «Next Generation» заманауи бағдарламасын ұсынды. Аталған бағдарламаны ұжымның сәуір айындағы гастрольдік сапары кезінде қарағандылық көрермендер де тамашалады. Камералық хор өзінің концерттік маусымын «Sounds of world» саяхат-концертімен аяқтады.

Симфониялық оркестр шақырылған дирижерлар мен жеке орындаушылардың қатысуымен өткен түрлі классикалық музыка кештерімен есте қалды. Мысалы, «Краски Востока», Ғ.Жұбанованы еске алу концерті, сондай-ақ Испания, Польша, Франция елшіліктерімен бірлескен концерттер, Француз пианиношы Давид Бисмуттың қатысуымен өткізілген «Романтическая весна» концерті.

Классикалық және эстрадалық вокал бөлімі алуан түрлі бағдарламаларды ұсынды: ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор Төлеген Мұхамеджановтың және Қазақстан мен Татарстан Республикасының Халық әртісі Нұржамал Үсенбаеваның шығармашылық кеші, полиция қызметкерлеріне арналған «Ел қорғаны» концерті, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған халық әндері кеші, «Ән самалы» көктемгі музыка концерті және т.б.

Бес жылдығын атап өткен «ALEM» эстрадалық би ансамблі филармония афишасына осы маусымда бірнеше авторлық жобаны, оның ішінде «Inside» би қойылымын және «Мұра» пластикалық спектаклін енгізді.

2022 жыл үрлемелі оркестр үшін де ерекше жыл болды. Сәуір айында Камералық хормен бірлесіп жасалған «Game evolution» бағдарламасының премьерасы өтті. Аталған концерттік бағдарламада соңғы 30 жылдағы әйгілі компьютерлік ойындардың әуендері орындалды. Концерт елордада екі рет өткізілсе, қарағандылық көрермендерге аншлагпен ұсынылды. Қазір филармонияның тұрақты репертуарының бір бөлігі.

Қазақ оркестрі – филармонияның барлық үлкен концерттерінің тұрақты қатысушысы. Сонымен қатар өңірлерге өз өнерін арнай отырып, елорданың шет аймақтарына гастрольдік сапарға шығып тұрады. Оркестр – Ақмола облысының аудандық Мәдениет үйлерінің тұрақты қонағы. Жуырда ғана Көкшетау қаласындағы Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияда «Қазақстаным менің» концерті өтті. Қазақ оркестрі өзінің жемісті маусымын композиторлар Кенжебек Күмісбековке арналған «Дала сыры» және Әбдімомын Желдібаевқа арналған «Күмбірлі күйім елімде» концерттерімен аяқтады.

«Қорқыт» этно-ансамблі – қайырымдылық концерттер, фестивальдер, түрлі тақырыптық кештер, жеке концерттер және т.б. өткізілген іс-шаралар саны бойынша филармония рекордшысы. Ұжымның жетістіктері тізімінде Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына тіркелген нағыз рекорд бар, музыканттар 75 шығарманы нон-стоп режимінде орындады. «Қорқыт» қазақ этникалық музыкасының майталмандары Еділ Құсайынов пен «Тұран» тобы қатысқан филармонияның «Өртолғау» атты кең ауқымды жобасына қатысып, өзінің жоғары кәсіби деңгейін көрсетті.

Маусым бойы «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі «Сол бір кез», «Ауылым – алтын бесігім» және т.б. авторлық бағдарламаларды ұсынды. Ұжым Балалар жылы аясында көрермендермен қарым-қатынастың жаңа форматын енгізді. Музыканттар қала мектептерінде «Ұлт аспаптар әлеміне саяхат. Путешествие в мир народных инструментов» дәріс-концерттерін өткізді.

Ғ.Жұбанова атындағы Мем­лекеттік ішекті квартет – фи­лармония­ның тәжірибелі ұжымы. Биылғы маусымда әртістер өздерінің дәстүрлі академиялық бағдарламаларымен қатар, «От классики до этно-джаза» шығармашылық эксперимент-концертін ұсынды. Онда ішекті квартетпен бірге бір сахнада фортепиано, қазақ халық аспаптары мен халық әндері орындалды және Еділ Құсайынов, Асылбек Еңсепов, Сәтжан Шәменова, Талғат Кәрімов, Айгүл Қосанова өнер көрсетті.

Қала тұрғындарымен бірге филармония ұжымдары барлық мерекелерді атап өтіп, көрермендерге қуаныш сыйлайды.

Қазақстан халқының бірлігі күні филармония ұжымдарының бірлігінің символына айналды. Қаланың түрлі алаңдарында «Ел бірлігі – ел тірегі» ұранымен классикалық және халық ән бөлімінің әртістері, қазақ оркестрі, «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі және «Шалқыма» халық би ансамблі өнер көрсетті.

2022 жылдың алғашқы алты айында Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда 177 іс-шара өткізіліп, 130 мыңнан астам көрермен қамтылған. Елорда тұрғындары жазғы демалыста болса, филармонияда жаңа мау­сымға дайындық қызу жүріп жатыр. Соның ішінде ең бастысы – елордалық сахна мақтан тұтатын композитор Еркеғали Рахмадиевті еске алуға арналған үлкен концерт пен тақырыптық көрме өткізу.

 «Біздің филармония ұсынатын концерттердің екі үлкен артықшылығы бар. Біріншісі, жанды дауыс, барлық әртістер музыкалық шығармаларды жанды дауыста орындайды. Екіншіден, әр адамға қолжетімді билет бағасы. Әртүрлі концерттік бағдарламалар көп ұжымдардың қатысуымен өткізіледі. Осы тұста кейбір қиындықтар туындайды. Ескі қаланың дәл ортасында орналасқан біздің әдемі ғимаратымыз, тарихи сәулет ескерткіші, өкінішке қарай, барлық музыканттардың дайындалуына арналған орындармен қамтамасыз ете алмайды. Біз инвестиция тарту арқылы филармонияны кеңейту мәселесін шешуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, шет мемлекеттердің елшіліктерімен тығыз қарым-қатынас орнату шығармашылық жоспарымыз­да бар. Мақсат – филармония ұжымдарының шығармашылығын елордадан тыс аймақтарда кеңінен насихаттау, музыканттармен, тәжірибемен алмасу. Қазақстанның музыкалық мәдениетін ілгерілетуге бағытталған іс-шараларды – дөңгелек үстелдер, фестивальдер, дәрістер, өнер мен мемлекет өкілдерінің кездесулерін ұйымдастыруды жалғастырамыз. Мұнда саланы дамытудың өзекті мәселелері міндетті түрде көтеріледі. Біздің ұжымның басты ұстанымы – еліміздің мәдение­тіне сүбелі үлес қосу және біз бұл бағытта тынымсыз жұмыс істейміз. Біз тұрақты және жаңа көрермендерімізді Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның жаңа маусымында асыға күтеміз» дейді өнер ошағының бас директоры Ерлан Дәкенов.

Зарина МҰХАМЕДӘЛИ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button