Жаңалықтар

Мерейтойлық медальмен марапатталды

ERA_3242

Қазақстан халқының бірлігі күні аясында Астана қаласының әкімдігінде елордалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мәслихат депутаттары және бірқатар басқарма басшыларына «Қазақстан халқы ассамблеясына – 20 жыл» мерейтойлық медалі табыс етілді.

Жиында алғаш сөз алған Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев айтулы мерекемен жиналғандарды құттықтап, ел бірлігі үшін аянбай қызмет істеп келе жатқан еңбектері үшін өз алғысын білдірді.
– Жақында ғана елімізде айрықша оқиға болды. Президенттік сайлау өтті. Оған осы мемлекетте тұратын барлық ұлттың өкілдері бір кісідей қатысып, Елбасына сенім білдірді. Бұл – елімізде берік қалыптасқан татулық пен достықтың жарқын көрінісі деп есептеймін. Қазақстан халқы ассамблеясы – әлемдік феноменге айналған, қуатты, гуманитарлық институт. Оның жиырма жылда атқарған қызметі ерен. Сондықтан осындай үлкен мерекемен барлықтарыңызды құттықтап, жұмыстарыңызға табыс тілеймін, – деді қала әкімінің орынбасары.
Айтулы марапатқа ие болғандар қатарында майдангер-журналист, «Алеф» еврей мәдени-ағарту, қоғамдық-саяси қоғамының төрағасы Моисей Гольдберг, «Хазар» әзер­байжан этномәдени бірлестігінің төрайымы Видади Агаев, «Злата» болгар этномәдени бірлестігінің төрағасы Ольга Андриевская, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Аскер Пириев, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бір­лестігінің төрағасы Салман Героев, Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Шерзод Пулатов, «Оберег» украин қауымдастығының төрағасы Тамара Ширмер, Қырғыз мәдени орталығының төрағасы Шавкат Исмаилов (суретте) және тағы басқалар болды.
Сондай-ақ, осы бағытта халықпен тығыз байланыста, елеулі еңбек етіп келе жатқан, Астана қаласы әкімінің аппараты Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова, Білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Әбуева, Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешов секілді бірқатар лауазым иелері де мерейтойлық медальмен марапатталды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button