Басты ақпаратҚала мен Сала

МЕРЕКЕ МЕЙМАНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Еңбек адам өмірінің мәні болып қала бермек. Жер бетінде жақсылық атты ұғым барда шынайы бақыт, еңбек бақыты да қоғамның бір құндылығы ретінде сақталатыны анық. Кеше елордада өткен республикалық «Жалпыға ортақ Еңбек қоғамын құру» форумында жиналған жұрт осыны сезінгендей болды.

Жұмыртқадан жүн қырыққандардың жолы болған заманда ауадан ақша жасап, еңбексіз-ақ табысқа жетуге әркім құштар. Алайда, материалдық өндіріс ой өндірісінен кемшін түсіп, тиісті үндестік бұзылған қоғам қалайда дағдарысқа ұшырайды. Сондықтан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылдың 22 қарашасында  арнаулы Жарлыққа қол қойып, Еңбек күнін жариялаған. Бұл мереке жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде атап өтілетін болып бекітілген еді.

Сонымен, биыл Қазақстан халқы алғаш рет Еңбек күнін атап өтуде. Осыған орай, Астанамыздағы еңселі орда – Ұлттық музей ғимаратында республикалық «Жалпыға ортақ Еңбек қоғамын құру» форумы  өтті. Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық делегат жиналды.

Жиынның беташары ретінде Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау-хатын оқыды. Хатта Қазақстан жалпы қоғамдық еңбек қоғамын қалыптастыру жолында сеніммен алға басып келе жатқаны айтылып,  қарапайым еңбеккерлерді ынталандыру  үшін  «Еңбек ері», «Еңбек ардагері» марапаттары енгізілгені сөз болды. «Әр қазақстандықтың адал, кәсіби еңбегі Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосудың кепілі» деп атап өтіпті Елбасы құттықтауында.

Өз кезегінде сөз алған денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова еңбеккерлерді мерекесімен құттықтағаннан кейін еліміздегі еңбек саласына қатысты кейбір мәселелерге тоқталды. Министрдің айтуынша, қарапайым жұмысшылардың қауіпсіздігі қазір назар аударатын жағдай. Сондықтан да, Үкімет халықаралық талаптарға сай мекемелердегі қауіпсіздік ережелерінің сақталуын оңалтуға бағытталған жаңа бастамаларды қолға алып отыр. Кәсіпорындардан жұмысшылардың денсаулығына зиян келтірмеудің бар жағдайын жасау талап етілмек. Сол секілді кәсіподақтармен бірлесе отырып, еңбекті дұрыс бағалау, жұмысшылардың құқын қорғау, оларға тиісті, тиімді жағдай қалыптастыру, азаматтарды еңбек етуге ынталандыру бағыттарында  әрекет жасалып жатқанына тоқталды.

Тамара Дүйсенова мәлімдегендей, бүгінгі таңда еліміздегі қоғамдық өнеркәсіптерде 8 миллионнан астам азамат еңбек етуде. Еңбек етуге қызығушылықты арттыру үшін жасалып жатқан шаралар да баршылық.

Сол сөздің дәлелі ретінде форум барысында еңбек етіп, аты озған қарапайым азаматтар да сөз сөйледі. Денсаулық сақтау саласының беделді өкілі Талапқали Ізмұхамбетов абыройға жету үшін тынымсыз, тиянақты еңбек етіп, үздіксіз оқып, ізденудің маңыздылығын мәлімдеді. Адам өмірінде миының 30 пайызын ғана игере алатынын, ал қалған қабілетін пайдалана алмай келе жатқанын айтып, жастарды еңбексүйгіштікке үндеді. Ал білім беру саласының беделді өкілі Аягүл Миразова еңбектің адамға күш беретінін, ал оның әділ бағалануы қанат бітіретінін айтып, ағынан жарылды.

Сонымен, бұл күні Астанаға жан-жақтағы еліне еңбегі сіңген азаматтар жиналған. Олардың көбі жұмысшы киімімен емес, мерекелік, сәнді киіммен келгені рас еді. Өйткені, бұл – еңбеккерлердің мерекесі. Жақсылық жасаудан ләззат алатын, еңбек арқылы ғана шынайы бақытқа жетуге болатынын сезініп, түсініп жүргендердің мерекесі бұл.

Еңбек адамдарына құрмет көрсету мақсатында  тағайындалған арнаулы марапат – «Еңбек ардагері» медалі де осы күні иелерін тапты. Премьер-министрдің орынбасары Бақытжан Сағынтаев Кежек Ысқақов, Мая Керімбаева, Владимир Клякин, Амантай Мусин, Қазанғап Мұқашев, Ақбұрыш Сисенбаева, Владимир Петухов, Александр Бородин, Александр Перфилов, Зәуре Әметова секілді елге еңбегі сіңген азаматтарды медальмен марапаттады.

«Біз сексеннің сеңгірінен асқанмен жан-дүниеміз, жүрегіміз ел деп соғады. Қаншама шаруаға, қиындықтарға қарамай үлкендерді ұмытпай жүргені үшін кейінгі ұрпағымызбен мақтанамыз» деп қуанышымен бөлісті Кежек Ысқақов деген ақсақал.

Жиынның соңында концерттік бағдарлама ұсынылды. Бұл күні еңбек ұлықталды.

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button