Басты ақпаратМәдениет

МЕРЕКЕ МЕРЕЙІН ТАСЫТТЫ

Күні кеше ғана бас қалада тойланған Астана күні мерекесі қала тұрғындары мен қонақтарын сансыз қызыққа кенелтті. Сол күндері елорда әсем бір әнге салып тұрғандай болып көрінді. Ғасырлардан сыр тартқан көне күмбір де, құлаққа жеткен бойда билете жөнелетін музыка да шалқыды. «Алау» мұз айдыны сарайында осының бәрін біріктірген тамаша концерт өтті. «Ұлытау ұлы» атауын алған бұл кешке келген көрермен өзінің сүйікті әншілерімен қауышты.

????????????????????????????????????

Бар қазаққа қасиетті Ұлытау биігінен түлеп ұшқан ұл – белгілі әнші, продюсер Қыдырәлі Болмановтың жобалары – «АБК» тобының 20 жылдығы, «Ұлытау» этно-рок тобы мен әнші Қарақат Әбілдинаның шығармашылығына 15 жыл толуына арналған бұл концертте халық жүректе жатталған әндерді еске түсіріп, жаңа туындылардың тұсаукесеріне куә болды. Кеш үш сағаттан аса уақытқа созылды. Осы уақыт бойы көрермен әншілерге тік тұрып, қошемет көрсетті деп айтсақ та болады. Әншілер де аянбай, бар өнерін салды.

Отандық музыка әлеміне жаңа леп әкелген «Ұлытау» тобының репертуарында Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет сынды қазақ күй өнерінің майталмандарының шығармалары, ақындық қуатымен қатар күйшілік құдіретін танытқан Махамбеттің күйлері, Нұрғиса Тілендиев сияқты кеңес заманында қазақ музыкасының ұлттық бояуын солғындатпай, жаңа иірімдермен байытқан композитордың туындылары бар.

«Ұлытау» концертті Құрманғазының «Адай» күйімен бастады. Бұдан әрі де рухты композициялармен халықтың делебесін қоздырды. Бах, Вивальди, Паганини сынды классик композиторлардың шығармаларын шалқытты. Халықтың құлағына жете қоймаған «Қара Жорға» күйін орындап, оның тұсаукесерін өткізгендей болды.

Бұл кеште Медеу Арынбаев, Қыдырәлі Болманов, Ерлан Көкеев сияқты әншілердің басы бір сахнада қайта бірікті. «АБК» тобы ұжымды танытқан «Тамшылар» әнімен бастап, әрі қарай «Говори о любви», «Мен сені сүйем, гүлім» әндерін халықтың санасында жаңғыртты. Ерлан Көкеев топтың құрылу тарихынан сыр шертті. «Осыдан 20 жыл бұрын Қыдырәлі бір би кешіне барып, қазақ жастарының шетел әндеріне билеп жүргенін көрді. Содан намыстанып, Медеуге және маған телефон шалып, қазақ әндерін айтатын топ құрайық деген ұсыныс тастады. «АБК» осылай дүниеге келді» деді әнші.

????????????????????????????????????

Қыдырәлі Болманов өзін халыққа танытқан әндерге салды. Соның ішінде ел тәуелсіздігінің елең-алаңында эстрадалық өңдеуден өтіп, халыққа жаңалық болған «Сүгірдің термесін» айтты. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қыз ұзату немесе үйлену тойларында айтылмай кетпейтін композитор Қайрат Жүнісовтің «Қарындасыма» әнімен жүректі елжіретті.

Көрермен Қыдырәлі мен Қарақаттың дуэтіне қол соқты. Әншілер өздерін жұлдызды жұп болып танытқан «Аяулым», көрнекті композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Айналайын», «Ханзадам», «Бағым сен» атты халықтың сүйікті әндерін айтып, жаңа туындылардың да тұсауын кесті. Солардың арасында бізге «Қарақат көзің болмаса» әні ерекше ұнады.

Қарақат әу баста халыққа дәстүрлі әнші ретінде танылып, кейіннен эстрададан өзіне лайық орынды алды. Оның жеке әнші ретінде салған әндері де соны меңзегендей болды. Концертін «Балапан қаз», «Илигай», «Айқаракөз» сынды халық әндерін шырқаудан бастаған ол әрі қарай «Қасымда бол», «Ризамын саған» әндерімен қатар жаңа әндеріне салды. Кеште әнші жеті жылдан бері өнерге баулып келе жатқан «Қарақат» мектеп-студиясы шәкірттерінің өнері де көрінді. Жетігеншілер тобы әншіні сүйемелдесе, бір топ бала «Болашағы біз елдің» әнін айтты.

у4

Белгілі шоумен Тұрсынбек Қабатов жүргізген концерт қызығы мұнымен таусылмады. Төреғали Төреәлі, Қайрат Нұртас, Қайрат Баекенов, биыл өзінің 15 жылдығын атап өтіп тұрған «МузАрт» тобы кеш иелерімен бірігіп, Қыдырәлі Болмановтың репертуарынан алынған әндерге салды. Дуэт, трио, квартет болып шырқалған сондай туындылардың қатарында «Бір тамшы жас», «Балапаным», «Сағынамын» сынды әндер болды.

Әдетте, кез келген әнші немесе топ концертін патриоттық әнмен түйіндеп жатады. Бұл кеш қаһармандары да сол дәстүрден аттамай, ақын Сайлаухан Нәкенов пен белгілі композитор Жақсыгелді Сейіловтің «Ұлытау» («Туған жер») атты тамаша әнімен аяқтады. Концерттен түскен қаржы игі мақсатта жұмсалып, жетім және ауру балалар қайырымдылық қорына аударылады. Осыны айтқан Қыдырәлі Болманов концертке қолдау көрсеткен Астана қаласының әкімдігіне алғысын білдірді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button