Мереке қарсаңында қаламгерлер марапатталды

Музыкалық жас көрермен театрында «Тіл – елдіктің тірегі» атауымен салтанатты кеш өтті. Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» мекемесі ұйымдастырған мерекелік шарада «Тіл – ұлттың жаны» атты семинар-форумға атсалысқан елорда қаламгерлері марапатталды.
Биыл бас қалада Қазақстан халқы тілдерінің ХХV қалалық фестивалі бір айға жалғасты. Аталмыш семинар-форумды осы фестиваль аясында қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалымен бірлесіп ұйымдастырды. Қаламгерлерді Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов және Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп марапаттады.
– Республика күні – біздің халқымызға өте ыстық, ерекше көңіл-күй сыйлайтын күн. Себебі Тәуелсіздік мерекесінің алдында осы мереке тұр. Еліміздің егемендігі асқақтай берсін, тәуелсіздігіміз мәңгі баянды болсын! – деген Ерлан Каналимов жиналған қауымды мерекемен құттықтады.
Мәслихат төрағасы Астана қаласының әкімдігі мен қалалық мәслихат елордадағы Жазушылар одағының мүшелеріне қолдау көрсету, еңбегін бағалау мақсатында әрқайсысы 500 мың теңгелік арнайы гранттарды бөлгенін атап өтті. Бұған биыл 160-тан астам қаламгер ілікті. Ерлан Каналимовтың айтуынша, осындай қолдау шарасы бұдан былай жыл сайын жалғасады. Грант көлемі көбеюі де ықтимал. Бұл шараның бастамашысы – Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы.
– Ұлттығымыздың ұйытқысы төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді ұмытпаумыз керек. Өйткені қалам деген қасиетті. Сөз өркениетті халықты ыдыратып та, біріктіре де алады. Қазіргі жаһандану заманында әртүрлі жағдайлардың болып жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан тілімізді, ұлттық руханиятымызды, егемендігімізді сақтап қалу үшін осы салаға ерекше көңіл бөлу керек. Қаламдарыңыздан халықтың рухын оятатын туындылар туа берсін, – деп түйіндеді Ерлан Каналимов.
Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп Республика күнінің мән-маңызына, Егемендік декларациясының қабылдану тарихына тоқталды.
Жиында аға буын да, орта буын да, жас қаламгерлер де марапатталды. Атап айтқанда, Жарылқап Бейсенбайұлы, Серік Негимов, Баянғали Әлімжанұлы, Орынбек Жолдыбай, Құралай Омар және т.б.
Мерекелік шараға арнайы қатысқан көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет әдебиеттің ел өмірінде алар орнына тоқталып, осыдан 25 жыл бұрын Астанада мұндай әдеби орта болмағанын, қазір бас қала қаламгерлері ормандай жұртқа айналғанын атап өтті. Астана әкімдігінің қолдауымен «Жазушылар үйі» мен «Қаламгерлер» аллеясы ашылғанын айтты. Осы шараның өзі қала әкімдігінің қаламгерлерді қолдау деңгейі жоғары екенін көрсететінін жеткізді.
Биыл Ұлықбек Есдәулет Түрксой ұйымы жанындағы Түркі дүниесі Жазушылар одағының төрағасы болып сайланды. Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов пен Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп ақынды осы лауазымымен құттықтап, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты. Шара мерекелік концертке ұласты.