Мерекеге би шашу
Республика күніне орай елордада «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің «Күн дидарлы Қазақстан» атты концерті жоғары дәрежеде аншлагпен өтті. Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында ұйымдастырылған кештің шымылдығы Талғат Ахметовтың «Самғау» би қойылымымен ашылып, премьерасы көрермен назарына ұсынылды.
Көрермендер бұл концерттен репертуарға жаңадан енген билерді, қазақтың ұлттық және әлем халықтарының би қойылымдарын, соның ішінде Азия халықтарының билерін тамашалады. Ансамбль “Моңғол биі”, “Вензеля”, Өзбек биі “Хорезм термәләрі», “Көңілді серуен”, “Жастық жалын”, Тәжік биі “Идона”, Ұйғыр биі “Долан”, Корей биі “Кальчум”, Татар биі “Женихи”, Қытай биі “Liming”, “Жарық”, “Ел салтанаты”, “Қыз қуу” сынды ерекше би қойылымдарын ұсынды. Сонымен қатар концертте халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Біржан Айтахмет, Асылхан Шалқаров әннен шашу шашты. Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербеліп, қыран құсы қалықтаған көк аспанымыздың астында “Мәдениет саласының үздігі” Рахат Сәрсенов домбыраның үнін көкке әуелетсе, аспапты жанына серік еткен Айгерім Елемесова өз өнерін паш етті.
Тарихы терең ұжымның Республика күніне арналған концертіне келген Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары шексіз қошемет көрсетіп, жылы лебіздерін білдірді. Сахнада талантты өнер ұжымына Мәдениет және ақпарат министрлігінің және “Гүлдер” ансамблінің атынан ықылас гүлі табысталды.
Қазақ өнерінде саф өнерімен танылып, әлемге ұлттық биді насихаттап жүрген «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі келер жылы 70 жылдық мерейтойын атап өтпек. Осы уақыт ішінде қаншама дарынды жас, өнер тарландары ансамбльдің аяғынан тік тұрып, қалыптасуына еңбек сіңірді. Қазіргі таңда жас буын өкілдері де сол сара жолды әрі қарай жалғап, қазақ өнерінің көкжиегін кеңейтуге атсалысып жүр.
— Өнерін сүйіп, өнерпазын бағалаған барша патша көңіл көрермендерге және концертімізді ұйымдастыруға қолдау білдірген, ҚР-ның Мәдениет және ақпарат министрлігіне, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрына алғыс білдіреміз, алдағы уақытта да патша көңілді, талғамы биік көрермендерімізді жаңа шығармалармен, әсем билермен, әуезді әуен, таңдаулы музыкамен таңғалдыра береміз,- дейді «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің директоры Елубай Кенжалиев.
Елубай Мұхамбетұлының айтуынша, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі қазақтың төл өнері мен ұлттық мәдениетін сақтап, халықтың рухани байлығын дамытып, өскелең ұрпаққа ғажайып би өнері арқылы эстетикалық тәрбие беріп, жастардын ұлттық сана сезімін қалыптастыру жолында аянбай өнер көрсетіп келеді. Қазақ биін жаңа тақырыптармен, бейнелермен байытып, шеңберін кеңейтті, әрі қазіргі ұлттық сахналық бидің негіздерін дамытты. Бүгінгі таңда «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі ұлттық хореография мәдениетінің бай мұрасын және әлемдік хореографияның алуан түрлігін толық насихаттай алатын жалғыз кәсіби би ұжымы болып отыр.
Аты аңызға айналған ансамбльдің 70 жылға жуық ғұмырында ұжым құрамында сан мыңдаған кәсіби білікті балет артистерінің үлкен шоғыры еңбек етіп, көптеген жас артистер өз шеберліктерін шыңдады. Гастрольдік сапармен Түркия, Ресей, Бельгия, Оңтүстік Корея, АҚШ, Франция елдеріне барып, қазақ халқының ұлттық өнерін, дәстүрін, халық биі мен әлем халықтарының билерін паш етті. Үстіміздегі жыл ансамбль үшін жемісті болды. 23 қыркүйек күні Ресей елінің мәдени астанасы Санкт-Петербург қаласында “Балтийский дом” театр-фестивалінің сахнасында түрлі ұлт арасындағы достық, бірлік пен татулықты насихаттайтын концертіміз жоғары деңгейде өтті. Алпысқа жуық өнер шеберлері мен балет артистері қатысты.
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ
фото авторы: Құдайберген Қожанов