Жаңалықтар

Мерекелер мәзірі қандай болмақ?

ERA_4436

Отан қорғаушылар күні мен  Жеңіс мерекесіне орай елордада ауқымды шаралар өтеді. Бұл туралы кеше Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Жиынды ашқан қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақыт Есімова Отан қорғаушылар мерекесі мен Жеңістің 70 жыл­дығына орай елімізде өткізілетін шаралардың бастысы Астанада ұйымдастырылатынын, соның ішінде мемлекеттік маңызды оқиғалар құрметіне сап түзейтін әскери шеруді ерекше атап өтетінін жеткізді. Алайда, «Қазақ елі» монументі алдында басталатын әскери парадқа жұртшылық арнайы шақыру билетімен ғана кіре алады. Өйткені, ондағы орындар шектеулі. Есесіне, әскери шеруді тікелей эфир арқылы үйден тамашалауға болады. Еліміздің басты телеарналары осыған жұмылып отыр» дейді Бақыт Есімова.
Ішкі саясат басқармасының басшысы 7 мамыр күні түсте Елбасының қатысуымен генерал-майор Иван Панфиловтың ескерткішін ашу жоспарланып отырғанын да айта кетті.
Бұдан кейін Мәдениет бас­қар­масы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина сөз алып, мереке күндері Астанада 50-ден астам шара өткізілетінін хабарлады. Негізгі мерекелер «Қазақ елі» мен «Бәйтерек»монументтері алаңында, «Қазақстан» спорт кешені жанындағы Студенттер саябағында, қалалық әкімдік алаңы мен Жастар сарайының алдында ұйымдастырылады. Барлық алаңда концерттік бағдарламалар өтіп, елордалық шығармашылық ұжымдармен қатар, Роза Рымбаева, Әлібек Дінішев, Сергей Захаров, Ринат Ибрагимов сынды әншілер өнер көрсетеді.
8 мамыр «Отан қорғаушылар» алаңы мен қаланың орталық зиратына гүлшоқтарын қоюмен басталмақ. Бұған қоса, 9 мамыр күні өтетін әнші Айгүл Иманбаеваның «Күткен күн» кеші мен опера әншісі Мария Мудряктың опералық концертін атап өтуге болады.
Баспасөз мәслихатына қатысқан қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасы басшысының орынбасары Мейірлан Нарынбетов әскери мерекелердің басты кейіпкерлері – соғыс ардагерлеріне көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмектер жөнінде әңгімеледі. Бүгінде Астана қаласында 206 соғыс арагері болса, соның 49-ы – майданнан мүгедек болып оралғандар. Отан үшін от кешкен қариялардың бәрі баспанамен қамтамасыз етілген. Елордаға соңынан қоныс аударған 6 ардагерге жақында пәтер кілті тапсырылған. Енді арнайы комиссия құрылып, ардагерлердің үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізу қолға алыныпты. Мейірлан Әділ­ғазыұлының айтуынша, бұл шаруалар жыл аяғына дейін аяқталады.
– Республикалық және жергілікті бюджет есебінен мереке құрметіне орай ардагерлерге бөлінген қара­жат түгелімен олардың қолына тиді. Ардагерлердің әскери шеруге киіп шығатын бірыңғай киімі де әзір. Өздеріңізге белгілі, Мәскеуде өтетін парадқа Қазақстаннан 6 соғыс ардагері барады, соның біреуі – Ахат Бекмәди Астанадан. Ардагермен бірге қаладағы орталық клиникалық госпитальдың бас дәрігері Әділхан Абдулин еріп барады, – дейді Мейірлан Нарынбетов.
Жеңістің 70 жылдығына орай елордадан 4812 адам мерейтойлық медальге ұсынылып отыр екен.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button